Оразаны не үшін ұстайды?
Оразаны не үшін ұстайды?
10 ай бұрын 3883
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Мұсылмандар оразаны не үшін ұстайды?

Қасиетті Рамазан айы келіп, дүниенің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандар ауыз бекітіп, ораза ұстап жүр. Алайда не үшін ораза тұтатынын әлі күнге дейін түсіне алмай жүрген бауырларымыз де жоқ емес.  Құлшылықтың мақсаты мен мәнін дұрыс ұғынбаған соң оразаға жеңіл қараушылық та пайда болды.

Мысалы, «ауыз бекітпей жүрген жалғыз мен емес қой», «кейін қартайғанда тұта салармын», «ораза ұстамасам да ешкімге жамандық жасап жүрген жоқпын ғой» деген сияқты пікірлер мұсылмандардың құлшылықты не үшін ұстайтындығын жақсы білмегеннен туындайды. Сонымен, мұсылмандар не үшін ораза ұстайды?

1) Шын мұсылман кісі қандай әрекет жасаса да, ең алдымен өзін жаратқан, ғаламға билігі жүріп тұрған Ұлы Жаратушысының разылығын табу үшін жасайды. Тек тілімен ғана емес, ісімен де, еңбегімен де өзінің мұсылман екенін дәлелдеуге бар күшін салады. Бұл – бір.

2) Екіншіден, мұсылмандар Жаратушы Алланы таныған соң, Оның әр бұйрығын бұлжытпай орындауға тырысады. Қасиетті Құрандағы әр бұйрықты кемшіліксіз орындауға талпынады. Міне, сондай бұйрықтардың бірінде былай делінген:«Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз қылынды. Бәлкім, (жамашылықтардан арылып) тақуалыққа жетерсіңдер», - («Бақара» сүресі, 183-аят).

Мұсылмандардан бұрынғылар деген кімдер? Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса секілді пайғамбарлардың қауымдары. Міне, соларға да ораза міндет болғанын осы аяттан көреміз. Ендеше, ораза кеше-бүгін ғана пайда болған ғибадат емес. Осы аятта «парыз етілді», «міндет етілді» деген сөздер тұрған соң, мұсылмандар оған бейжай қарай алмайды. «Парыз болса бола берсін, маған бәрібір» дей алмайды. Өйткені осынау кішкентай сынақ әлемінің өзінде осыншалықты шексіз құдіретін паш етіп тұрған Алла Тағала ол бұйрықты жауапсыз қалдырмайтынын біледі.

3) Үшіншіден, бүкіл жүректер Алланы еске алғанда, Оның бұйрықтарын орындағанда ғана тыныштық табады. Жүрекке түсіп кеткен иман деген кішкентай шоқ оны жай тапқызбайды. Сондықтан ораза айында шын мұсылман күндіз емін-еркін тамақ жей алмайды.

4) Төртіншіден, дүниеден сан мың пайғамбарлар, сахабалар, әулие-ғұламалардың жүріп өткен ұлы көші бар. Сол көшке ілесу өте маңызды. Олар бір Аллаға иман келтірген, намаздарын оқып, оразаларын ұстаған. Бұл көшпен қатар лағынеті шайтан ібіліс бастаған құдайсыз, дінсіз, ақыл-парасатсыз бір керуен тағы бар. Перғауын, Нәмруд, Қарун, Әбу Жаһил секілді қараңғы адамдардар солардың қатарында. Мұсылмандар сол көштен Құдай сақтасын деп сыйынады.

5) Бесіншіден, пенде болған соң қателесеміз, жаңыламыз, күнә жасаймыз. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сол күнәлардан құлан таза арылудың бір жолы Рамазанда шын иманмен, ықыласпен, сауабын Алладан ғана күтіп ораза ұстау екенін білдірген. Міне, осы сүйіншіден мұсылмандар үміт етеді.

6) Алтыншыдан, Алланың құзырына қайтатын, мәңгілік тұрақ-мекеніміз анықталатын күн келеді. Сол кезде жаныңды жай таптыратын бір-ақ жер бар. Ол – жұмақ. Сол жұмақтың «Раййан» деген керемет қақпасы бар. Сонда «Ораза ұстағандар қайда?» деп жаршылар жар салады. Өйткені бұл қақпадан ораза ұстағандардан өзге ешкім кіре алмайды.

7) Жетіншіден, мұсылмандар оразада ішіп-жеуден, нәпсіқұмарлықтан тыйылып қана қоймайды. Тілдерін, көздерін, құлақтарын, аяқ-қолы мен жүрегін жақсылыққа тәрбиелейді. Дене мүшелерін бүкіл жаманшылық атаулыдан аулақ ұстайды. Осылайша жан рахатына бөленеді.

8) Сегізіншіден, 10, 12, 15, тіпті кейде 18-20 сағат бойы бір Алланы ойдан шығармай жүріп, тақуалығын арттырады.

9) Тоғызыншыдан, ораза деген сырттай қарғанда, адамдардың күні бойы ішуден, жеуден, әйелдермен қосылудан тыйылу секілді болып көрінуі мүмкін. Ал, оның арғы жағында жүрек байлығы, имандылық, көркем мінез, әлеуметтік теңдік секілді үлкен құндылықтар жатқаны байқалмай қалуы ықтимал.

9) Оныншыдан, өзі ауыз бекітіп аш жүрген талай байлар осы айда көптеген жарлы отбасыларға көмек қолын созады. Кедейліктің, аштықтың қадірін сезінеді.

Жай бір қарапайым мұсылманның көзқарасымен қарағанда, оразаның қадірі ең кемі осындай. Бірақ мұсылман ғалымдары оразаның медицина, психология, физиология, әлеуметтану, т.б. сынды көптеген ғылым салалары тұрғысынан зерттеп жүр. Мысалы, асқазан, бауыр, бүйрек, өт, басқа да ағзаларға оразаның пайдасы орасан. Оның бәрін медицина әлі талай уақыт зерттеуге тиіс. Өзге салалар да солай.

Қорыта айтқанда, мұсылмандар оразаны еріккеннен, істейтін жұмыстың жоқтығынан немесе жай бір соқыр сезіммен ұстамайды. Рамазанның, оразаның мәні өте тереңде жатыр. Сондықтан ауыз бекіткендерге менсінбей, аяушылықпен қарау дұрыс емес.

Ораза – мұсылман жұртшылығының сүйіп орындайтын асыл құлшылықтарының қатарына жатады. 

"Бөрілі байрақ".

0 пікір