Оразаға байланысты "дұрыс" деп саналып жүрген кейбір қателіктер
Оразаға байланысты "дұрыс" деп саналып жүрген кейбір қателіктер
4 жыл бұрын 50696
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Қасиетті Рамазан айы да келді. Хақ Тағала қаласа отыз күн оразамызды ұстаймыз. Алла Тағала бір қудси хадисте "ораза ұстаушы кісінің сауабын өзім беремін" дей келе Рамазан оразасын ұстаудың қаншалықты ұлық іс екендігін білдіріп өткен. Бұл айда оқылған бір нәпіл намаз немесе жасалған бір жақсылықтың, яки бір мұстахаб амалдың сауабы - басқа айларда жасалған парыз амалдың сауабымен тең. Ал бұл айда орындалған бір парыз амал - өзге айларда орындалған жетпіс парыз амалға тең. Міне, қаншалықты берекеге толы ай екендігін өздеріңіз топшылай беріңіздер. Алла Тағала берекесін жаудырсын!     

Бүгінгі жазбамызда оразаға байланысты халық арасында «дұрыс» деп саналып жүрген, бірақ шын мәнісінде қате болып есептелетін пікірлерді ұсынып отырмыз. Олар төмендегідей: 

(Ескерту: Төмендегі пунктардың әрбірінде тақырып ретінде әуелі қате пікірлер берілген. Соған қарап «солай екен ғой» деп ойлап қалмауларыңызды ескертеміз. Әр пункты толық оқуларыңызды сұраймыз).

1) Ғұсылсыз ауыз бекітуге болмайды. Кейбір қандастарымыз ғұсылсыз ауыз бекітуге болмайтындығын айтып жатады. Бұл қате пікір. Ауыз бекітер сәтте міндетті түрде ғұсылды болу керек деген қағида жоқ. Мәселен, ғұсылы жоқ кісі алдымен сәресіні ішіп, одан соң ғұсылданар болса, оған рұқсат. Оның ағат тұсы жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ғұсылсыз болған күйі ауыз бекіткендігі риуаяттарда айтылған. Әрине, ерте тұрып әуелі ғұсылданып, одан соң сәресіге отырған жақсырақ. Дегенмен, әуелі сәресі ішіп, ауыз бекітіп, одан соң ғұсылданып жатса да әбес емес. Оразасы саналады. Әйтсе де, мүмкіндігінше таңға дейін ғұсылсыз күйде жатпастан түнде шомылып алғандығы абзал.

2) Түкірігін жұтса немесе түкірігін жинап жұтса ораза бұзылады. Бұл - қате. Ауыздағы сілекейі мен түкірігін жұтса ораза бұзылмайтыны сияқты, түкірігін ауызға жинап жұтса да оразасы бұзылмайды. Бірақ түкірігін аузына жинап жұту мәкруһ саналған[1].

3) Жүкті әйелдің ораза ұстауына болмайды. Бұл да қате пікір. Егер іштегі балаға зияны болмаса ораза ұстай беруіне болады. Сенімді мұсылман дәрігермен ақылдасқан абзал. Егер іштегі балаға не өзіне зияны тимесе, ұстауы керек.  

4) Емізулі ананың ораза ұстауына болмайды. Бұл – ораза кезінде сүті тартылып, омыраудағы баласына залалы тиеді деп қауіптенген жанға қатысты. Ал, ауыз бекітсе де сәбиі тоярлықтай сүті азаймайтын ана немесе баласы тамақ жейтін жасқа келіп қалған ана ораза ұстауы тиіс. 

5) Белгілі бір сырқаттығы себепті ораза ұстамаған кісінің ұстамаған күндері үшін пидия беруі жеткілікті. Бұл да толықтай дұрыс пікір емес. Пидияны кімдер береді? Пидияны – ораза ұстай алмайтын қарт кісілер мен жазылмас ауруға шалдығып, ораза ұстауы зиян болған кісілер береді. Ал жазылмас ауруға шалдықпаған кісі пидия бермейді. Ол сырқаттығы себепті ұстамаған Рамазан оразасының қазасын жазылғаннан кейін өтеуі керек. Берген пидиясы есептелмейді. (Пидия - Ораза ұстауға қауқары жоқ қариялар мен жазылуы неғайбыл науқастар ұстай алмайтын рамазан оразасының әр күнінде бір кедейді (таңертең және кешке) тамақтандырады.Бұны «пидия» дейді. Пидия шарты – ұстамаған оразасының қазасын еш өтей алмайтындай болуы керек. Ал егер науқас жазылып, қария ораза ұстайтындай жағдайға жетсе, онда оған фидия бермей, ұстамаған оразасының қазасын өтейді. Пидияның мөлшері пітір садақаның мөлшеріне саяды).

6) Сәресіні күн шыққанға дейін ішуге болады. Халық арасында «сәресіні күн шыққанға дейін ішуге болады» дейтін жаңсақ пікір бар. Сәресінің уақыты, ең дұрыс қабыл етілген тұжырым бойынша, «Фәжрус Садық» уақыты кіргенге дейін, дәлірек айтқанда: таң намазының уақыты кіргенге дейін. Таң намазының уақыты кіргеннен кейін сәресі ішілмейді. «Күн шыққанға дейін...» дейтіндер – христиандар (до светового дня). Мұсылманшылықта сәресінің уақыты таң намазының уақыты кіруімен аяқталады.

7) Сәресіге ұйықтап қалған кісі бір шыны сумен ниет етіп ауыз бекітуі керек. Бұл – қате. Сәресіге ұйықтап қалған кісі, яғни, сәресінің уақыты шығып кеткеннен кейін оянған кісі «еш нәр татпастан» сол күнгі оразаны ұстайтындығына құр ниет етіп, еш нәрсе ішпей оразасын ұстап кете беруі керек.

8) Өткен Рамазаннан өтелмей қалған қаза оразасы бар кісі ораза ұстамауы керек. Бұл да дұрыс емес. Өткен Рамазаннан өтелмей қалған қаза оразалары бар адамдар, келесі Рамазан айы кірісімен ораза ұстаулары шарт. Бұрынғы қазаларын Рамазаннан кейін өтей береді.

9) Абайсызда су жұтып қойған кісі, аузын ашып ас іше беруіне болады. Бұл дұрыс емес. Қателікпен, ораза екендігін біле тұра абайсызда бір нәрсе жұтып қойған кісі бір күн қазасын өтеуі керек. Әдейі емес, абайсызда туындаған қателік болғандықтан, кәффәрат өтемейді. Бірақ сол күнді соңына дейін ұстауы тиіс. Ақыр бұзылды ғой деп ішіп-жеуіне болмайды.

10) Ораза екендігін ұмытып ішіп-жеп қойған кісі оразасын бұзуы керек. Бұл - қате. Ораза екендігі есінен шығып кетіп ішіп-жеген кісінің оразасы бұзылмайды. Тек есіне түскен заматта аузындағы әлі жұтып үлгермеген асты не суды жұтпай шығарып тастап, әрі қарай ұстап кете беруі керек. Оразасы саналады.

11) Күндіз жолға шығатын адам сол күнгі оразаға ниет етпейді. Бұл – қате. Күндіз сапарға шығатын жолаушы үкімінде емес кісі әдеттегідей сәресіге тұрып, әдеттегідей ауыз бекітуі керек. Әрідесе, жолшыбай сол күнгі ұстаған оразасын бұзбай, соңына дейін ұстауы тиіс. Одан кейінгі күндерінде жолаушы ретінде ораза ұстамаса болады.

12) Ұшақта кетіп бара жатып, күн батпаса да кесте бойынша ауыз ашуға болады. Бұндай пікірді де дұрыс көрмейміз. Ереже бойынша, ауыз – күн толықтай батып кеткеннен кейін ашылу керек. Ұшақта күннің көзі көрініп тұрғандықтан, ол батпай ашуы оразасын бұзады. Ол күнгі оразасы есептелмейді.

13) Қан құю оразаны бұзбайды. Қан алдыру оразаны бұзбайды. Бірақ өзіне қан құйдыру оразаны бұзады.

14) Оразада шаш алуға немесе шашын бояуға болмайды. Бұл – қате. Ораза кезінде шаш алуға да, шаш бояуға да, тырнақ алуға да болады. Шаш алудың немесе шаш бояудың оразаға еш қатысы жоқ. 

15) Арақ-шарап сатылатын дүкенде жұмыс істейтін адамға ораза ұстауға болмайды. Бұл пікірді де дұрыс деп есептемейміз. Бір мұсылман арақ сатылатын дүкенде істегені себепті ораза ұстау міндетінен босатылмайды. Ораза ұстауы керек. Ендігі жерде, ондай жерде жұмыс істеуіне бола ма, жоқ па, десеңіз, ол - басқа әңгіме.

16) Ораза айында ерлі-зайыптыларға төсек қатынасына түсуге болмайды. Бұл - қате. Ораза айында күндіз ауыз берік кезде болмайды. Ал түнде, ауыз ашқаннан кейін ерлі-зайыптылардың жақындасуларына рұқсат.

17) Ниет етіп ауызды жауып қойғаннан кейін "уақыт бар болса да" қайта су ішуге болмайды. Бұл да қате тұжырым. Дұрысы - егер сәресі уақыты әлі шықпаған болса, қайта су ішуіне болады. Оған алдын-ала жасаған ниеті бұзылмайды, оразасы дұрыс. Бастысы сәресі уақыты шықпаған болуы керек. 

Алла Тағала ұстаған оразаларымызды кем-кетігімен қабыл етсін. Рамазан айында әрбір отбасыға берекесін жаудырсын!


[1] Бәдруддин әл-Айни: «әл-Бинәя» - 4/47 бет;  Абдуррахман Шәйхи зада: «Мәжмәъуль Әнһур»; Ибн Нүжейм: «Бәхрур Раиқ» - Китабус саум;

0 пікір