Рамазан оразасының өзіндік үкімдерімен қатар, оған байланысты "ораза ұстау әдептері" де бар. Сол жайында келтірілген хадистерді беріп отырмыз:
1) Біреу ұрыс іздеп шүйліксе, сабыр сақтау. «Егер, бірілеріңе надандық іс жасалса (біреу шүйліксе) ол оған: «Әъузу билләһи минкә. Инни Со-имун» - десін. Мағынасы: «Сенен Аллаға сыйынамын. Мен ораза ұстаушымын».
2) Балағат сөздерді айтпау. «Бірілерің ораза ұстаған күні балағат сөз айтпасын және надандық іске бармасын (ешкіммен ұрыспасын). Егер бір адам оған тіл тигізсе немесе онымен соғыспақшы болса, ол оған: «Мен оразамын» десін». (Әбу Һурайрадан жеткен).
3) Мүмкін болса мисуакпен тісін тазалау. «Ораза ұстаушы үшін ең жақсы ерекшелік – мисуакпен тісін тазалау». (Айша анамыздан жеткен хадис).
4) Ешкімге сөзбен де, іспен де зиян тигізбеу. «Ораза ұстаушы кісі бір мұсылманды ғайбаттамайынша және оны ренжітпейінше Алланың ғибадатында бола бермек (яғни, ешкімді ғайбаттамаса және ешкімге залалын тигізбесе, әр сәті құлшылық саналмақ)». (Әбу Һурайрадан жеткен).
5) Ғайбаттамау. «Ораза ұстаушы адам біреуді ғайбаттамайынша таң атқаннан, күн батқанға дейін құлшылықта болмақ ( әр сәті құлшылық саналмақ). Қашан біреуді ғайбаттаса, оразасын жыртқан болады». (Ибн Аббастан жеткен хадис).
6) Бос сөз айтудан ұзақ тұру. «Ораза деген, тек ішіп-жеуден тыйылу емес. Шынында ораза – бос сөзден және балағат сөзден тыйылу. Егер, біреу ұрыс іздесе немесе саған қарсы әлдебір надандық іс істесе, сен оған: «Мен оразамын. Мен оразамын» - де!» (Әбу Һурайрадан жеткен).
7) Ешкіммен айтысып, ұрыспау. «Ораза кезіңде біреумен ұрыспа. Егеряки, біреу ұрыс іздесе, сен оған: «Мен оразамын» де. Және тұрып тұрсаң, отыр». (Әбу Һурайрадан жеткен).
8) Харам нәрселерден тыйылу. «Алла Тәбәракә уә Тағала былай деген: «Кімде-кімнің ағзалары менің харамдарымнан тыйылмаса, мен оның мен үшін ішіп-жеуін тоқтатуына мұқтаж емеспін». (Ибн Мәсъудтан жеткен).
9) Жаман, арсыз істері мен бейәдеп қылықтарынан арылу, мысалы темекі шегу т.б.. «Ораза ұстаушы кісі жаман сөз сөйлеуін қоймаса, жаман іс істеуін доғармаса және надандық істерін тоқтатпаса, Алла Тағала оның ішіп-жеуін тоқтатуына мұқтаж емес». (Әбу Һурайрадан жеткен)[1].
[1] Келтірілген хадитердің дереккөзі: Әл-Мүттәқи әл-Һинди: «Кәнзуль Ъуммәл» - Әдәбус Саум уәл Ифтар.