ОРАЗА - РУХАНИ ТӘРТІП!
ОРАЗА - РУХАНИ ТӘРТІП!
4 жыл бұрын 3147

 Рамазан айы ғибадатқа бай ай. Барлық құлшылықтар ең қарқынды түрде жасалатын маусым. Өйткені оның сыйын Алла Тағала тікелей Өзі беретін қасиетті маусым.

«Ей, иман еткендер! Сендерден бұрынғы үмметке парыз қылынғаны сияқты (күнәдан) сақтанарсыңдар деп, ораза сендерге де парыз етілді». («Бақар», 183).

Демек, ораза барлық иманды жандарға парыз болып жазылған ғибадат. Оразада адам аштықты татып, шәһуатын және басқа да нәпсі құмарлықтарын тізгіндеп, рухани биіктейді.

Ораза ішіміздегі нәпсі жануарын тізгіндеп, тәрбиелейтін, осылайша адамның терең жан дүниесіндегі жасырулы жақсы қасиеттерінің көркейіп, тәрбиеленуін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар ораза өз нәпсімізге қарсы жиһад (күрес) іспеттес. Өйткен нәпсіге қарсы жасалған жиһад – жиһадтардың ең үлкені. Пайғамбарымыз бастаған мұсылман жасағы «Тәбук» жорығынан қайтып келе жатып, Мәдинаға жақындап қалған болатын. Жорықтың қиыншылығынан сахабалардың терілері сүйектеріне жабысып, қатты әбіржіген еді. Олар мың шақырым ары, мың шақырым бері қарай ауыр жол жүріп өткен тұғын.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

- Кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайтып бара жатырмыз», - деді.

Сахабалар:

- Уа, Расулалла! Бұдан үлкен жиһад бола ма екен? – деп сұрағанда, Ол (с.а.у.):

- Иә. Енді (бізді) нәпсімен жиһад күтіп тұр, - деген еді. (Имам Сүюти: «Жәмиъус сағир». ІІ, 73).

Нәпсіге қарсы жиһадта ең маңызды құлшылық – ораза екендігі шүбәсіз. Осылайша ораза құл үшін тозаққа қарсы және тозаққа жетелейтін шәһуат (құмарлық) алауына қарсы қалқан қызметін атқарады. Яғни, ораза - бізді оттан қорғайтын "тақуалық қалқаны".

Тақуалық қалқаны

Хақ Тағала ораза ұстауды бұйырған қасиетті аятының соңында «... тақуалыққа жетерсіңдер деп...» - дейді. («Бақара», 183). Яғни, «нәпсілерің ораза арқылы жаман сипаттарынан арылып, асаулығы басылады. Бойдағы рухани қасиеттер дамып, көркейе түседі. Сол арқылы, бәлкім тақуалыққа үйренерсіңдер» деп тұрғандай.

Демек, ораза тақуаллыққа жетіп, нәпсінің жаман сипаттарынан арылуымыз үшіні бұйрылған екен (оны «тақуалыққа жетерсіңдер деп» деген жерінен түсінуге болады). Сондықтан Рамазан айы – жайшылықта халал саналатын дүниелердің өзін мұқияттылықпен пайдалануды бұйыратын рухани тәлім-тәрбие айы.

Олай босла, осы Рамазан айында өзімізге есеп берелік: Халал нәрселерді қаншалықты мұқияттылықпен пайдаланудамыз? Харамдар мен күмәнді нәрселерден қаншалықты қорғанып жүрміз? Сауда-саттықпен, қоғаммен қарым-қатынастарымызда құл ақысына қаншалықты мән береміз?

Сахаба Абдулла ибн Омар радияллаһу анһу қандай жақсы айтқан! Ол (р.а.) былай дейді.

«Намаз көп оқығаннан садақтай майысып қалсаң да, ораза тұта-тұта шегедей жіңішкеріп қалсаң да, егер харам нәрселерден қол үзбейінше Алла Тағала ғибадаттарыңды қабыл алмайды». 

Сондықтан да ішіп-жеген асымыз адал болуы және тапқан табысымыздың адал жолдан табылуы өте маңызды. Осыларға мұқияттылық таныта отырып тұтылған Рамазан оразасы, сондай, үлкен бір сый екендігін адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм былай деп жеткізеді:

«Рамазан оразасының сауабын білгендеріңде «жылдың он екі айы Рамазан болса ғой!» - деп тілейтін едіңдер» - деген. (Табарани,  «әл-Кәбир», 22/389).

Сол үшін де аятта сапарда болғандар, науқастар және басқа да ораза ұстамауға шариғи бір себеп бар жандардың ораза ұстамауларына рұқсат етіледі, дейтұрғанымен, соған қарамай ораза ұстаймын дегендерге: «Біле-білсеңдер, сендер үшін ораза ұстағандарың әлдеқайда хайырлы» - деп айтқан. («Бақар», 184).

Яғни, мейлі сапарда бол, мейлі қиындықта бол, ораза тұтқаның үлкен нығмет. Себебі, ораза өмір тіршілігінде ауадай қажетті «сабырлық, қанағат, ерік-жігер, табандылық, шыдамдылық, нәпсіні тізгіндей» сияқты қасиеттерімізді шыңдай отырып, ахлақымызды (тәрбие) кәмілдендіреді.

"Ықылас пен тақуалық" атты кітаптан.
"Хикмет" баспа үйі. Алматы.

 

0 пікір