ОРАЗА ДЕГЕН НЕ?
ОРАЗА ДЕГЕН НЕ?
3 жыл бұрын 6360

Ораза – Алла Тағаланың разылығы үшін пенде өз нәпсісін белгілі бір уақыт (таңсәріден күннің батуына дейін) аралығында ішіп-жеуден, дөрекі іс-әрекеттерден және жалпы жамандық атаулыдан толығымен тыю деген сөз.

Оразада ауызға кірген нәрселерге мұқият болумен қатар ауыздан шығатын сөзге де абай болу керек. Өсек айтудан, біреуді ренжітуден аулақ болып, оразаның сауабын азайтатын жағдайлардан сақтанғанымыз дұрыс.

Пайғамбарымыздан (с.а.у.) «Ораза ұстаған кісі оразасына қайтіп зиян келтіреді?» - деп сұрағанда; «Өтірік айтумен және ғайбат сөзбен…» - деп жауап берген.

Өйткені, адамдар күндіз халал азық-түліктерден өздерін мақрұм етіп ораза ұстағанымен өтірік-өсек, ғайбат сөздер айтатын болса, рухани мағынада адам етін жеп ауыз ашқандай болып саналады. Яғни, ғайбат, өтірік т.с.с. айтқан пенде ұстаған оразасына зиян келтіріп, сауабынан құр қалады. Сондықтан сауабы былғанған оразалар мен намаздар туралы ардақты Пайғамбар (с.а.у.) былай деген:

«Қаншама ораза ұстағандар бар, олар өз оразасынан аш қалудан басқа ештеңе таппайды! Түндерді намазбен өткізген талай адам бар, бірақ оларға намаздары ұйқысыз қалудан басқа ешқандай нәрсе әкелмейді!» («Муъжамут-Табарани»).

Оразаның сауабының мөлшері тек Алла тағалаға ғана аян.

Құдси хадисте:

«Адам баласы әр істеген амалын өзі үшін орындайды. Ал ораза олай емес! Өйткені, оны Мен үшін ұстайды. Сондықтан ораза ұстағанның сауабын есепсіз Өзім беремін», - деген.

Құран Кәрімде былай делінген: «…Ораза ұстаған ерлер мен ораза ұстаған әйелдер ұятты жерлерін қорғаған ер кісілер мен ұятты жерлерін қорғаған әйелдер, Алланы көп зікір еткен ерлер мен Алланы көп зікір еткен әйелдер бар ғой! Алла Тағала оларға үлкен сыйлық дайындады» (Ахзаб сүресі, 35-аят).

Мұндай сыйлықтың мән-мағынасы туралы Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде былайша жеткізеді:

«Ораза ұстаған кісінің екі қуанышы бар:

1. Ауыз ашқанда (Хақ Тағаланың нығметтеріне қауышқаны үшін) қуанады.

2. Раббысына қауышқанда оразасының кереметімен жеткен ұлы дәрежесін көргенде қуанады».

Жоғарыда айтылғандай, Алла Тағала оразаға ынталандыруды баяндаумен бірге беретін сыйлығын адамзаттың жігер құлшынысын арттыру мақсатымен жасырып қойған. Жарысқа қатысушыларды жұмылдыру үшін әзірленіп қойған үлкен бір жүлде сияқты…

Ораза нығметтердің қадірін білдіртетін, шүкіршілік сезімдерін оятатын, кедейлердің хал-ахуалын ойландыратын, нәпсіқұмарлықты тізгіндейтін, мал-мүлікке табынушылықтан құтқарып, «сабыр» деген ең керемет мінез-құлыққа жеткізетін ұлық ғибадат. Рамазан айындағы тарауық намазы, әсіресе сәресі уақытында ұйықтамай құлшылық жасау өте маңызды. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Алла Тағала сендерге Рамазан оразасын парыз қылған. Мен де намазын, яғни Рамазан түндерінде тарауық оқуды сендерге сүннет деп бекіттім. Егер кімде-кім шын жүрегімен иланып және сауабына жету мақсатымен Рамазан оразасын ұстап, тарауық намазын оқитын болса анасынан жаңа туғандай күнәсіз болады». («Сүнән, Нәсәй»).

Әрине, ораза мен намаздың қабыл болуы үшін шын ықыласпен беріліп орындауға көңіл бөлу керек. Намаздар жылдам оқылып, жеген тамақты сіңіретін гимнастика, ал тұтқан ораза диета ұстаған болмауы қажет. Намаз ғибадатындағыдай оразада да құлды ықыласты болуға бағыттайтын сырлар бар. Мысалы, хадисте баяндалғандай:

«Ауыз ашарды асығып, сәресін кешіктіріп бекітіңдер!» деген бұйрық осы сырлардың біреуі ғана(«Шарх, Жамиғус-Сағир»). Осы бұйрық, ауыз ашар мен ауыз бекітетін уақыттарға мұқият болуды баяндайды. Яғни, сәресіні кешіктіріп таңсәрі ағара бастағанда ішіп-жеуді тоқтату және ауыз ашар уақыты кіргенде де дереу ауыз ашу иләһи бұйрыққа құрмет көрсетіп берілудің дәлелі. Бұған қайшы тұру сүннетке немқұрайдылық туғызады.

Ауыз ашарда қарын аш болғандықтан, көбінесе уақытында орындалып жатады, ал сәресіде тәтті ұйқыны қию қиын болғандықтан немқұрайдылық көрсетілуі мүмкін. Сондықтан бір кесе сумен болса да сәресіге тұрудың маңыздылығын білдірген.

Алла Расулі (с.а.у.) былай деген: «Сәресіге тұрыңдар, өйткені сәресіде берекет бар» (Бұхари, Саум 20).

Ораза, адамзат баласын сабырлылық, байсалдылық және парасаттылық сияқты құндылықтармен рухани кәмілдікке жеткізеді. Міне, сондықтан бұл ғибадат нәпсінің тоймайтын шексіз армандарына қарсы тұратын адамның абыройын асқақтатып, қасиетін қалыптастыратын қалқан.

Амалдардың құндылығын Алла Тағала ғана бағалайды.

Сондықтан Алла Тағаланы әрдайым дәріптеп, өмірімізді Оның жолына арнауымыз қажет. Сонда ғана амалдардың ең биік дәрежесіне қол жеткізген боламыз. Адам баласы жерленгенде пәни өмірдің естеліктерімен ғана көміледі. Қабірде салих амалдардан басқасы пайда бермейді. Хадисте: «Мүмин өлгенде намаз бас жағында, садақа оң жағында, ал ораза сол жағында болады» - деп баяндалуы осыны айғақтайды.

С. Көкенай, Ә. Әнуарбеков, «Ораза, зекет, садақа».

0 пікір