Ораза айында мүміннің бойында болатын 15 өзгеріс
Ораза айында мүміннің бойында болатын 15 өзгеріс
2 сағат бұрын 85

«Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» (Бақара сүресі, 183-аят).

Мұсылман үмбеті үшін Рамазан — тек ішіп-жеуден тыйылу емес, бұл — рухтың жаңаруы мен құлшылықтың шыңы. Таң ағарғаннан күн батқанға дейінгі ішіп-жем мен нәпсани қалауларды шектеудің артында үлкен даналық жатыр: ораза бізді күнәдан тыйылуға баулып, бойымыздағы ізгі қасиеттерді оятады. Жаратқан Ие бұл құлшылықты бізге ауыртпалық үшін емес, біз біле бермейтін шексіз нығметтер мен сауаптарға кенелту үшін сыйлады.

Ораза айында адам баласы төмендегідей рухани белестерді бағындырады:

 

  • Шынайы тақуалық: Кез келген құлшылықтың ең биік мұраты — Алланың ризашылығы мен кешіріміне ие болу. Ораза адам жүрегінде «Алла мені көріп тұр» деген сезімді ұялатып, тақуалыққа тәрбиелейді.
  • Иманның бекуі: Алланың бұйрығына бойұсынып, өз еркімен аштық пен шөлге төзу — мүміннің иманын шыңдап, сенімін нығайта түседі.
  • Нәпсіні тәрбиелеу: Адамның нәпсісі — асау аттай. Ораза сол асауды жуасытып, жүректі жұмсартады. Нәпсінің төменгі қалауларынан алыстаған сайын адамның рухы биіктей береді.
  • Шүкіршілік пен қанағат: Күнделікті үйреншікті болып кеткен нығметтердің (бір жұтым су, бір үзім нан) қадірін оразада терең сезінеміз. Күні бойғы шөлден кейінгі бір кесе судың дәмі адамды Раббысына деген шексіз алғысқа бөлейді.
  • Жанашырлық пен мейірім: Ораза бізді мұқтаж жандардың күйін түсінуге мәжбүрлейді. Қарны ашқан адам ғана нанға зар болып отырған бауырының мұңын ұғады. Бұл сезім адамды жомарттыққа, садақа беруге жетелейді.
  • Сабыр мен көнбістік: Тіршіліктің қиындықтарына мойымай, тағдырдың жазғанына салауатпен қарауды үйретеді.
  • Ерік-жігер мен қайсарлық: Бір ай бойы нәпсіні тізгіндеу — адамның ерік-жігерін темірдей шыңдайды. Бойдағы жаман әдеттерден арылу үшін Рамазаннан артық мүмкіндік жоқ.
  • Тәуекел ету: Қандай жағдай болмасын, тек Аллаға сүйенуді үйретеді. Шексіз болып көрінген ұзақ күннің ауыз ашармен аяқталатыны сияқты, өмірдің кез келген қиындығының да қайыры болатынына сендіреді.
  • Өмірлік тепе-теңдік: Жоқшылықта сабыр, баршылықта шүкір ету — нағыз мұсылманға тән қасиет. Ораза бізді осы екі күйдің де өткінші екенін сезіндіріп, рухани тепе-теңдікке баулиды.
  • Көркем мінез бен ұстамдылық: Аштық ашуды емес, ақылды жеңуі тиіс. Ораза адамды ашуын тыюға, өзін бақылауға және ішкі тәртіпке үйретеді.
  • Кешірімді болу: Өзінің қателіктері үшін Алладан кешірім тілеген құл, өзгелердің де айыбын кешіруге бейім келеді.
  • Уақыттың қадірі: Сәресі мен ауыз ашардың нақты уақыты мұсылманды тиянақтылыққа, әр минутты есеппен өткізуге тәрбиелейді.
  • Тәртіп пен жауапкершілік: Рухани, физикалық және ментальды тәртіп — өмірде жетістікке жетудің басты кепілі. Ораза — нағыз тәртіп мектебі.
  • Жаңа өмірге қадам: Ас-судан босаған уақытты құлшылық пен ізгілікке жұмсау арқылы адам өз өмірін жаңа парақтан бастауға деген құлшыныс алады.
  • Денсаулық — басты байлық: Физикалық тұрғыдан ораза — ағзаның тазаруы. Бір жыл бойы жиналған зиянды қалдықтардан арылып, иммунитетті нығайтады, ойды өткірлеп, жан мен тәннің үйлесімін қалыптастырады.

 

 

0 пікір