Алла Тағала қасиетті Құран кітаптың «Юнус» сүресінде Күнге «жарық» сөзін қолданып, ал Айға «нұр» сөзін қолданған. Алла Тағаланың кәләм шәрифіндегі әрбір сөзі бекер айтылмағаны анық. Аяттың әр сөзінің өзіндік мәні бары шүбәсіз. Олардың біразы уақыт өте келе түсінікті болып жатады. Сол сияқты Күнге жарық сөзін қолдануы, ал Айға нұр сөзін қолдануының да сырын қазір түсініп жатырмыз. Аят-и кәримада былай делінеді:
«هُوَ الَّذِي جَعَلَ الشَّمْسَ ضِيَاءً وَالْقَمَرَ نُورًا وَقَدَّرَهُ مَنَازِلَ لِتَعْلَمُوا عَدَدَ السِّنِينَ وَالْحِسَابَ ۚ مَا خَلَقَ اللَّهُ ذَٰلِكَ إِلَّا بِالْحَقِّ ۚ يُفَصِّلُ الْآيَاتِ لِقَوْمٍ يَعْلَمُونَ (5)
«Ол сондай Алла, күнді жарық, айды нұр етіп жаратты. Және оған (айға) жылдардың сандарын, есептерін білулерің үшін орындар белгіледі. Алла, бұларды шындықпен ғана жаратты. Алла, білетін ел үшін; аяттарын ашық-ашық баян етеді».
Аталмыш аяттың түпнұсқасында күн үшін «зия» сөзі қолданған, яғни, «жарық» деген мағынада. Ал ай үшін «нұр» сөзі қолданылған. Оның себебі, араб тіліндегі «зия» сөзі - жарық өзінің бойынан туындаған кезде қолданылады. (Қазақ тіліндегі «зиялы» сөзі де осы «зия» сөзімен байланысты). Ал «нұр» сөзі - жарық өзінің затынан емес, сыртқы әсерден туындаған кезде қолданылады екен. Айға «нұр» сөзін қолдануындағы бір мағынасы осы. Қазіргі ғылым айдағы жарық өздігінен емес, күннің жарығының әсерінен пайда болатындығын анықтаған. Ал күндегі жарық болса, өзінің затынан туындайды. Ендеше, Жаратушы Алла Тағала айға дәл «нұр» сөзін қолдануы, ал күнге дәл "жарық" сөзін таңдауы, бекер емес екен, оның өзінің астарында осындай бір ақиқат жасырулы екен. Оның үстіне айдың жарығы шуақ шашпайтындықтан және қараған адамның көзін ауыртпайтын, жұмсақ болғандықтан да "нұр" деп қолданылған деп түсінуге болады.
«Оқы! Қаламмен үйреткен Раббың ардақты. Ол адамға білмегенін үйретті». («Аляқ» сүресі, 5 аят).