Неліктен американдықтар айға ұшты? Алыс ғарыштық мақсатқа жету үшін неге сонша қаражат жұмсалды? Атақты ғалым, геология ғылымдарының докторы Заглүль ән-Наджардың (Zagloul El-Naggar) ойынша NASA миссиясының ең басты мақсаты – Құдайдың белгісі болып табылатын айдың екіге бөліну оқиғасын растайтын айғақтар табу еді. (Мұхаммед пайғамбарымыз кезінде айды екіге бөлген).
2004 жылғы сұхбаттарының бірінде Заглүл ән-Наджар* бір жылдан астам уақыт бойы Кардифф университетінің медицина бөлімінде лекция оқығанын айтты (Уэльс, Ұлыбритания). Сол лекцияға мұсылман ғалымдар да, мұсылман емес ғалымдар да қатысып, лекцияда «Құранда баяндалған ғажайыптардың ғылыми дәлелдері» тақырыбында қызу диалог өткен.
Сол ғылыми мәжіліске қатысушылардың бірі - англиялық білім адамы Дауід Мұса Пидкок еді (Dawood Musa Pidcock)**. Ол былай деп әңгімелейді:
«Мен мұсылман болмас бұрын әртүрлі діндерді зерттедім. Күндердің бірінде бір мұсылман студент маған Құранның аудармасын сыйлады. Кейін үйде отырып әлгі Құран аудармасын ашқанымда ең алғаш көзіме түскен суре - «әл-Камар» («Ай») сүресі болды. Сол сүренің: «Қиямет күні жақындады, ай жарылды ...» - деген жерін оқып қалдым. Сосын ойланып отырып, өз-өзіме: «Бұл мүмкін бе? Ай бөлініп, содан кейін қайта қосыла ала ма? Мұны қандай күш істей алады?», - дедім.
Аталмыш аят менің қолымдағы Құранды әрі қарай оқуға деген құлшынысымды алып қойды. Құран аудармасын қойдым да, өз істеріммен айналысуға көштім...
Бірақ Жаратушы Құдай Тағалаға менің ақиқатты іздеу жолындағы ықыласымды білетін. Және Ол менің теледидар алдына барып отыруымды қалады. Британдық телеарнадағы бағдарламалардың бірінде тележүргізуші және американдық NASA ғарыштық мекемесінің үш ғалымы арасында пікірталас жүріп жатыр екен.
Тележүргізуші оларды көптеген шығындарды сарп еткендерін, жер бетінде шешілмеген әлеуметтік проблемалардың күннен күнге артып, аш-жалаңаш адамдардың қатары көбейіп жатқандығын айтып, ғарыш сапарларына соншама қаражаттың бөлінуін сөкті. NASA өкілдері болса, ол шығындардың босқа кетпегендігін айтып, ғарыш саласындағы дамыған технологиялардың өміріміздің көптеген салаларында, мысалы, медицинада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында қолданылып жатқандығымен ақтап алғысы келді. Ғарыштық ұшулардың жоғары технологияны дамытуға ықпал еткені атап өтілді.
Бағдарламадағы пікір талас барысында айға қону ісі де қозғалып өтті. Бұл жүздеген миллиард доллар жұмсалған өте қымбат жоба етін.
Сонда жүргізуші:
- Сіздер Америка туын айға тігу үшін ғана жүздеген миллиард доллар жұмсадыңыздар ма?! - деді. Сонда NASA өкілдерінің жауабы таңқаларлық болды:
- Жоқ, біз айдың ішкі құрылысын зерттеп, ондағы ғажап бір жаңалық аштық. Бір кездері ай екіге бөлініп, содан кейін қайта қосылған екен», - деді олар. Құлағым елең ете қалды.
Тележүргізуші:
- Сіздер бұл туралы қайдан білдіңіздер? - деп сұрады. Олар:
- Біз айды айналдыра орап, оның беткі жағынан ішкі қойнауына дейін жалғасқан аномалиялық құбылысты анықтадық. Геолог ғалымдар бізге бұндай құбылыстың тек ай екіге жарылып, артынша қайта қосылған кезде ғана мүмкін деп түсіндірді», - деп жауап берді НАСА өкілдері.
НАСА өкілдерінің бұл сөздерін естіген сәтте, теледидар алдында отырған орындығымнан қалай атып тұрғанымды білмей қалдым. Таңданысым ішіме симай: «Мұхамметтің мың төрт жүз (1400) жыл бұрын жасаған кереметін қазіргі таңда американдықтар жүздеген миллиард доллар жұмсап, оның рас-өтірігін анықтау үшін зерттеу жүргізуде» - дедім. Одан соң Ислам дінін қабылдап, мұсылман болдым», - деді Дауд Мұса Пидкок.
Ислам сенімінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) Айды екіге жарған. Хадистер жинақтарында орын алған мәліметтерде, Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мединеге көшуінен бес жыл бұрын, Мекке мүшриктері (пұтқатабынушы) келіп, одан өзінің пайғамбарлық миссиясын дәлелдеуі үшін, бір керемет көрсетуді талап етті. Қандай керемет көргісі келетіндіктерін сұрағанда, олар «айды екіге бөл» деп өз қалауларын айтады. Мекке мүшриктері Мұхамметтің ﷺ мүмкін емес іске дәрменсіз қалатындығын, осылайша пайғамбарлығының жалған екендігі су бетіне шығатындығынан үмітті еді.
Одан бұрын ешқандай пайғамбар мұндай нәрсені жасаған емес етін. Пайғамбарлардың кереметтері (мұғжизалары) тек жер бетінде ғана жүзеге асты. Бір тек Мұхаммед пайғамбарға ғана жер бетінен тыс әлемде мұғжиза көрсету құзіреттігі берілді.
(Пайғамбарлар өз қауымдарына Алланың күшімен кейбір кереметтерді көрсеткен кездері болған. Мұны Ислам сенімінде «мұғжиза» деп атайды).
Сонымен Алла елшісі Мекке мүшриктерінің талаптары турасында Хақ Тағалаға жалбарынды. Құдіреті шексіз Жаратушы Иеміз өзінің сүйікті пайғамбарына саусағын айға созуын жүрегіне білдірді. Пайғамбарымыз саусағын айға созғанда - ай екіге жарылды. Ай спутнигі екіге жарылған күйі бірнеше сағат турды да, одан соң қайта қосылды.
Алайда, бұл кереметті көріп тұрған Мекке мүшриктерінің арасында сенгендері болса да, сенбей, Алла елшісінің бұл кереметін "сиқыр" деп жоққа шығарғандар да аз болмады. Бұл оқиға Құран Кәрімде былай баян етілген:
اقْتَرَبَتِ السَّاعَةُ وَانشَقَّ الْقَمَرُ * وَإِن يَرَوْا آيَةً يُعْرِضُوا وَيَقُولُوا سِحْرٌ مُّسْتَمِرٌّ * وَكَذَّبُوا وَاتَّبَعُوا أَهْوَاءهُمْ وَكُلُّ أَمْررٍ مُّسْتَقِرّ
«Қиямет жақындады, ай жарылды. Олар мұғжизаны көріп тұрса да бет бұрып: «Бұл жалғасымды сиқыр» десті. Олар жасынға шығарып, әуестеріне ерді. Негізінде әр істің бір тоқтайтын тұрағы бар». (Құран Кәрім, «Қамар» сүресі, 1-2 аят).
Анықтама:
Заглүл ан-Наджар* - мысырлық ғалым, геолог. «Құран және ғылым» тақырыбында көптеген еңбектер жазған. Геология саласындағы докторлық дәрежесін Ұлыбританиядағы Уэльс университетінде алған. «Ислам ғылым академиясының» таңдамалы мүшесі (1988), сондай-ақ «Египет Геологиялық қоғамы» қауымдастығы мен «Американдық Мұнай геологтары» қауымдастығының мүшесі (Тулса, Оклахома).
Мұса Дэвид Пидкок** - 1942 жылы Шеффилдте (Англия) дүниеге келген. Сонда әйелі және екі баласымен тұрады. 1975 жылы Ислам дінін қабылдап, мұсылман болды. Мұса Дэвид, Ұлыбритания Ислам партиясының негізін қалаушы және құрылғаннан бергі жетекшілігін атқарып келеді. Ол жазушы болуымен қатар, технологиялық кеңесші де. Қазіргі таңда Англия елінде түрлі тақырыптарда, әсіресе ислам экономикасы туралы тақырыпта лекциялар оқып, сабақ беріп тұрады.
Дереккөз: islam.ru
Орысшадан аударған: islam.kz