МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРІНДЕГІ ОБСЕРВАТОРИЯЛАР
МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРІНДЕГІ ОБСЕРВАТОРИЯЛАР
2 сағат бұрын 115 islam.kz/

Қазіргі заманғы ғылыми-зерттеу институты деңгейіндегі астрономиялық обсерваториялар — Исламның ғылыми дәстүрінен қалған баға жетпес мұра. Олар көне замандағы жекелеген бақылау бекеттерінен мүлдем өзгеше, кәсіби мекеме ретінде қалыптасқан еді.

Мұсылман әлеміндегі обсерватория — өзіндік ғылыми штаты, директоры, арнайы зерттеу бағдарламасы, ірі астрономиялық құралдары және жеке ғимараты бар қарқынды дамыған мамандандырылған мекеме болды. Сондай-ақ, ислам ғалымдары тарихта алғаш рет топтық зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлген. 

БАҒДАТ "ШАМАССИЯ" ОБСЕРВАТОРИЯСЫ.

Озық үлгідегі обсерватория салу оңай шаруа емес еді, әсіресе қаржылық тұрғыдан үлкен шығынды талап етті. Сондықтан мұндай білім ошақтары билеушілердің, ханзадалардың немесе өте дәулетті адамдардың қолдауымен ғана бой көтерді. Ислам әлеміндегі алғашқы обсерватория — Халифа Әл-Мәмунның бұйрығымен шамамен 828 жылы Бағдатта салынған Шаммасия еді. Ол атақты «Байт әл-Хикма» (Даналық үйі) ғылым академиясымен тығыз байланыста болды. Ондағы астрономдар Күнге, Айға және планеталарға бақылау жүргізді. Зерттеу нәтижелері «Әз-Зидж әл-Мумтахан» («Снақтан өткен кестелер») атты еңбекте жинақталды.


Фото: khanacademy.org

МАРАҒА ОБСЕРВАТОРИЯСЫ.

XI ғасырда салжұқ сұлтаны Мәлік шах бұдан да жетілдірілген обсерватория тұрғызып, ол 20 жылға жуық қызмет етті. Содан екі ғасыр өткен соң, Иран Әзірбайжанында атақты Мараға обсерваториясының негізі қаланды. Оған Насир ад-Дин ат-Туси (1274 ж.ж.) және Құтб ад-Дин аш-Ширази секілді ұлы ғалымдар жетекшілік етті. Ат-Туси «Ильханид кестелерінің» және қозғалмайтын жұлдыздар каталогының авторы болды. Бұл еңбектерді бірнеше ғасыр бойы әлем ғалымдары пайдаланды. Мараға обсерваториясы астрономдардың ғылыми байланыс орнатуына мүмкіндік беріп, ірі білім орталығына айналды. Ол XIV ғасырдың басына дейін жұмыс істеп тұрды.

undefined
Мараға обсерваториясы / Wikipedia

ҰЛЫҚБЕК ОБСЕРВАТОРИЯСЫ

Обсерватория құрылысының келесі бір биік белесі Самарқандтағы Ұлықбек обсерваториясынан (1424 ж.ж. шамасы) көрініс тапты. Бұл — аспан шырақтарының орналасуын дәл анықтауға арналған алып меридиандық шеңбері бар зәулім ғимарат еді. Ұлықбек өз обсерваториясы үшін радиусы 40,4 метр болатын «Фахри секстантын» жасап шығарды. Бұл — XV ғасырдағы мұндай түрдегі ең үлкен аспап болатын. Сондай-ақ, мұнда армиллярлық сфера мен астролябия секілді құралдар қолданылды. Ұлықбек өз айналасына сол заманның әл-Кәши секілді ең мықты математиктерін жинады. Осы ғылым ошағында жүргізілген зерттеулердің дәлдігі қайран қалдырады. Мысалы, жұлдызды жылдың ұзақтығы 365 күн 6 сағат 10 минут 8 секундқа тең екені анықталды. Бұл қазіргі заманғы деректерден небәрі бір минутқа ғана айырмашылық жасайды. Самарқандтағы бұл ғылым ордасы 1500 жылға дейін белсенді жұмыс істеді.


Ұлықбек обсерваториясы / nextjourneyahead.com

СТАМБУЛ ОБСЕРВАТОРИЯСЫ.

Ислам елдеріндегі соңғы ұлы обсерваториялардың бірі — 1577 жылы Стамбулда ірі астроном Тақиюддин аш-Шамидің бастамасымен ашылған нысан. Бұл XVI ғасырдағы ең ірі ғылыми мекемелердің бірі болды және Тихо Брагенің Копенгаген маңындағы «Ураниборг» обсерваториясымен деңгейлес еді. Қазіргі заманғы мекемелер сияқты, Стамбул обсерваториясының негізгі ғимараты кітапхана мен қызметкерлердің тұруына арналды, ал кішігірім ғимаратта Тақиюддин жасаған құралдар жинағы сақталды. Олардың ішінде алып армиллярлық сфера және планеталардың қозғалыс жылдамдығын өлшейтін аса дәл механикалық астрономиялық сағаттар болды. Өкінішке қарай, бұл обсерватория тек 1580 жылға дейін ғана өмір сүрді.

undefined
Такиюддин обсерваториясындағы ғылыми жұмыс / Wikipedia

Дереккөз: "Salah Zaimeche ‘Astronomical Observatories in the Classical Islamic Culture". Исламосфера.

 

0 пікір