Мұсылман әлеміндегі ең көне кітапхана жайында не білесіз?
Мұсылман әлеміндегі ең көне кітапхана жайында не білесіз?
3 жыл бұрын 3943
Дайындаған Абдусамат Қасым

Бұрын-соңды салынған ең көне кітапханалардың бірі - миләди жыл санауы бойынша 800 жылдары Бағдат қаласында бой көрсеткен «Бәйт әл-Хикма» ("Даналық үйі") кітапханасы болып есептеледі (басқаша атауы - «Хазаинуль Хикмә» «Даналық қазынасы», немесе "дәру әл-Хикма"). Бұл кітапхананың негізін салған бесінші Аббаси халифасы Харун Рашид болып табылады (м. 766-809 ж.). Алайда, кітапхананы заманындағы ең үлкен ғылыми орталыққа айналдырған оның ұлы Халифа әл-Мәмун еді (м. 786-833 ж).

 "Бәйт әл-Хикма" / "Даналық үйі" (Бағдат, 810).

Мәліметтерге қарағанда екінші Аббаси халифасы Әбу Жаъфар әл-Мансурдың ғылымға деген қызығушылығы орасан зор болған. Ол медицина, астрономия, архитектура, әдебиет сынды ғылым салаларын сүйіп оқыған. Ғылымға деген құштарлығынан, ол Византия, Үндістан және Парсы жерлерінен кітаптар алдыртып, оны арабшаға аудартатын. Тіпті Византия императорына хат жазып, одан ескі грек тілінде жазылған ғылыми кітаптарды сұраған екен. Рим императоры да халифаның сөзін жерге тастамай көп көлемде медицина, астрономия, арифметика, философия салаларына жазылған кітаптар жолдаған. Халифа арнайы аудармашыларды тағайындап, кітаптардың бәрін араб тіліне аудартыпты. Соның ішінде, Аристотель, Птолемей, Фурфури, Евклида сынды философтардың еңбектері де бар болған.

Халифа әл-Мансурдың ғылымға деген және кітаптарға деген қызуғышылығы немересі Харун Рашидқа өтеді. Харун Рашид атасынан қалған үлкен мұраны жоғалтпай, қайта байыта түскен. Атасының жинаған кітаптары мен қол жазбалары сарайға сыймай кеткеннен кейін, оларды сақтайтын әрі халықтың да пайдасына жарату мақсатында кітапхана ашуды жоспарлайды. Өзі де көптеген кітаптарды алдыртып, оларды тәржімалатады. Мәселен, Харун Рашид заманында Ираклия қаласы мен Византияның біраз аймағы мұсылмандардың қарамағына өткен кезде, Харун Рашид ол аймақтардағы ғылыми қол жазбалар мен кітаптарды Бағдатқа алып келеді. Және оның бәрін арабшаға тәржімалатады.Тәржіма ісінің басына сол замандағы Сириялық дәрігер ғалым Юханна ибн Мәсуә есімді кісіні тағайындайды.

Әйтсе де, "Бәйт әл-Хикма" кітапханасы өзінің шарықтау шегіне – Харун Рашидтің баласы Халифа әл-Мәмун заманында жетеді. Халифа әл-Мәмун көп уақыты мен дәулетін кітапхананы дамытуға жұмсайды. Кітапханаға атақты аудармашылар мен ғылым адамдарын жинап, оларға жоғары жалақы тағайындаған. Соның нәтижесінде, парсы жеріндегі «Гоншапур» мектебі мен Александрия мектебі өз барлығын жоғалтқаннан кейінгі мұсылман әлемінде пайда болған ең үлкен ғылымы орталыққа айналады.

Халифа әл-Мәмун заманында «Бәйт әл-Хикма» кітапханасын басқару жауапкершілігі үш кісіге артылған екен. Олар: ақын әрі жазушы дана Сәһл ибн Һәрун, туысы Саъид және Сәләм әл-Фәриси.

Бұлармен қатар, өзін «Бәйт әл-Хикма» кітапханасына арнаған атақты ғұламалардың қатарында – әйгілі математик және астроном Мұхаммед ибн әл-Хауаризми да бар. Ол және әріптестері (Мұса ибн Шәкір, Яхя ибн Әбу Мансур, Омар ибн Фархан т.б.) планеталарды зерттеп, астрономияға және астролябияға арнап кітаптар жазған. Көптеген трактаттарды аударған. Яғни, кітапхана тек кітаптар сақталатын жер ғана емес, ғылыми зерттеулер жүретін және ғылыми жаңалықтар ашатын үлкен ғылым орталығы болған.

Сол заманда Халифа әл-Мәмун, Аристотельдің кітаптарын аударуды - атақты ойшыл, математик, философ әрі дәрігер Әбу Юсуф Жақып әл-Киндиге тапсырған екен.

Кітапхана қанша кітапты қамтыған?

Кейбір мәліметтерге қарағанда «Бәйт әл-Хикма» кітапханасы өзінің шарықтап тұрған шағында 1 600 000 том кітапты қамтыған. Соның ішінде 6500 том - математика, есеп-хисап саласына арналса, 18 000 томы пәлсафа саласына қатысты жазылған кітаптар болған. Оның арасында, алуан түрлі трактаттар, әдебиет пен риторика, медицина, инженерия, архитектура, дін т.б. ғылымның барлық саласына қатысты қолжазбалар мен кітаптар болған. Кітапханада қызмет жасайтын аудармшылар мен ғылыми зерттеушілердің жалақысы 300 мың алтын динарға дейін жеткен деседі. Тіпті тарихшылардың айтуларына қарағанда, аударған кітабын таразыға тартып, қанша шықса соншалықты ауырлықта алтын сыйақыны аудармашыға беретін болған екен.  

Кітапхана ғимараты 40 залдан тұратын. Әр бір залда 18000 кітап болған. Кітапхананың іші негізге бөлімдерге бөлініп, әр бөлімде белгілі салаға қатысты кітаптар тізілген.

Бәйт әл-Хикма кітапханасының есігі бүкіл халыққа ашық болған. Мұсылманы болсын, христианы болсын еркін кіре алған. Жас, кәрі, әйел, еркек деп бөлместен, барлық ғылым сүйгіш қауымға кітапхана есігі айқара ашық болған, қалаған адам келіп керекті кітаптарынан пайдалана алған.

Кітапхананың ақыры

Миләди VIII-ші ғасырдан бастап есептегенде, 5 ғасырға жуық уақыт бойы әлемге, соның ішінде Ислам әлеміне ғылымның бұлағы ретінде қызмет ұсынып келген Бағдаттағы "Даналық үйі" деп аталатын бұл ғылыми орталықты - 1258 жылы Шыңғысханның немересі Хулагу тас-талқан етеді. Ғасырлар бойы жинақталған және аударылып, зерттеулер жүргізілген мыңдаған бағалы кітаптар мен қолжазбалар, мыңдаған ғұламалардың жазған еңбектері мен түсіндірмелері өртке оранады. Қаншамасы «Дижля» (Тигр) өзеніне тасталады. Тасталған кітаптардың көпшілігі соншалықты, кітаптан шыққан сиядан «Дижля» өзені қызыл-қара түске боялған екен. 


Хулагу әскерінің Бағдат қаласын қоршауға алуы

2003 жылы (21 ғасыр) кітапхана жаңадан қайта тұрғызылды[1].


[1] Пайдаланылған интернет рессурстары:

Marefa org
Hafryat com
Lbaqa com
ar.wikipedia org
mardinlife com  

 

0 пікір