Абай: «Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас...» (Ақыретке сену жайында)
Абай: «Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас...» (Ақыретке сену жайында)
2 жыл бұрын 5626

«Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың,

Иманын түгел деуге аузым бармас,

деген Абай өлеңі пайғамбарымыздың бір жүрекке екі махаббат қатар сыймайды деген хадисімен сабақтасып жатыр. Жүрегімен дүниеге ынтығып, ақыретке тек тілдің ұшымен ғана «сендім, иландым» дей салу иман әлсіздігінің белгісі, демек.

Негізінде, адамға берілген нығметтерді санап тауысу мүмкін емес. Мысалы, мал-жан, бала-шаға, білім мен денсаулық, жастық шақ пен күш-қуат, айта берсеңіз таңды таңға ұрып санауға болады. Осының бәрін дұрыс пайдаланып, ақыреттік пайдаға ұмтылуымыз керектігін «Алланың саған берген бар мүмкіншілігімен ақырет жұртын іздеп, соған ұмтыл. Бірақ дүниедегі несібеңді

де ұмытпа» («Қасас» сүресі, 77-аят) деген аят айқын тәлім етуде. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде де бізде Алланың ақысы бар болғаны секілді, нәпсіміздің де, отбасымыздың да ақысы бар екені айтылған. Сондай-ақ Құранның тағы бір аятында:

«Кімде-кім Аллаға және періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етпесе, өте қатты адасады» делінген («Ниса» сүресі, 136-аят).

Олай болса, ертеңбүкіл өміріміздің есебі берілетін Ақырет күні келетініне сенбеу тура жолдан, ақиқаттан бұра тартып адасудың үлкені («Тәфсируль мунир», 5-том, 313,314- беттер).

Абай Құнанбайұлы адам үшін дүние мен ақыреттің қайсысы маңыздырақ деген салмақты сауалдың осындай бір нәзік тұсын тайға таңба басқандай көрсетіп берген. Ақыретке деген сенімнің адам баласы үшін көптеген пайдалары бар. Соның бұл дүниеге қатысты бірқатарына тоқталмақпыз.

Адамзат баласы үшін жер бетінде азғындық пенбұзақылық жасаудан, жазықсыз қан төгуден, бейкүнә жандарға жапа шектіруден, жалпы қиянат пен азғындық атаулыдан арылудың ең негізгі бір жолы – осы Ақырет күніне сену. Осы тұрғыдан алғанда, дінімізді әлеуметтік ғылым тұрғысынан тануда да, қоғамның ең шиеленісті деген мәселелерін шешуде де діннің мүмкіншілігі мен пайдасы орасан.

Жеке тұлғаның, отбасының, жалпы қоғамның дұрыс тыныс-тіршілігі де ірілі-ұсақты әрбір істің есебі берілетін Ұлы билік күніне сенуге байланысты. Қасиетті Құран кәрімде:

«Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылык жасаса, соның қарымын алады. Ал кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады», – деп ескертілген («Зілзала» сүресі, 7,8-аяттар).

Жастықтың желігімен әр түрлі әдепсіз қылықтарға бой алдырып, ар-намысқа жеңіл қарай салатын жас жеткіншектердің аптығын басудың бір емі – ақыретке иман. Сондай-ақ өмірінің аяқталып келе жатқанын ойлап, алдағы өмірін уайымдап, қайғыға батқан қарияларға жарқын үміттің шырағын жағатын да осы ақыретке иман.

Бұл дүниеде ет бауыр жақындарынан айырылып жаны жараланып, көңілі құлазыған жандарды да махшар күніне деген қуатты сенім мол күйзелістен арылтады, алабұртқан көңілін жай таптырады. Арғы дүниеге аттану деген адасу немесе шіріп жоқ болып кету емес, иманына қарай мәңгілік бақыт тұрағы боларына сену жақынынан айырылған жанға мол қуат береді. Имам-молдалардың немесе діни сауатты адамдардың қаралы үйде көбірек уағыз-насихат айтуының бір пайдасы осында.

Сондай-ақ ақыретке иман адамды бейғамдықтан, ғапылдықтан құтқарып, ұқыптылыққа, жинақылыққа, сергектікке тәрбиелейді. Мысалы, хазірет Омар (р.а.) бір күні мешітке бара жатқан еді. Жолай өзінен басып озып, мешітке жүгіріп бара жатқан бір баланы көреді. Жүрісін жылдамдатып, балаға жақындап келіп:

– Балақай, саған намаз әлі парыз емес қой. Неге мешітке сонша асығып барасың? – деп сұрайды. Сонда әлгі бала:

– Уа, мұсылмандардың әміршісі, кеше біздің көшеде өзім қатарлы бір бала қайтыс болды, – деп қысқа ғана жауап қайырды да жүре берді. Көрдіңіз бе, ақырет уайымы жас баланы осылай селт еткізсе, балиғат жасына толғандар тіпті көбірек алаңдағаны дұрыс емес пе?

Бұған қоса, Ақырет күнінде бұл дүниеде түрлі жолдармен жасырылып, жабулы қазан күйінде кеткен құпия қылмыс-күнәлардың сыры ашылады. Міне, осыны жақсы ұғынған адам немесе қоғам екі дүниелік мақсатқа жету үшін бойын күнәдан таза ұстауға тырысып бағады. Өлім аузында жатқан науқас адам үшін де қараңғы қабір туралы қорқынышты ойдан құтылудың бірден-бір жолы – ақырет күнінде Алланың шексіз мейірімі мен кешіріміне қауышуға деген сенім.

Сондай-ақ ар-намысын жауыз қолынан құтқара алмай, жүрегінде кек қайнаған шарасыз жәбірленуші де ұлы Ақырет күнінде Жаратушы иеміздің құзырында тұрып, залым адамның жағасынан алып, қарымта аларына шын сенсе, көңіліне жұбаныш табады.

Қысқасы, бұл өмір ақыреттің кіре беріс қақпасы іспеттес. Бейнелеп айтқанда, ақыреттік жемістерді егетін егін алқабы. Міне, осыны кәміл ұғынған жан ата-анасы мен перзентіне, ел-жұрты мен отанына көп жақсылық жасайды, көп еңбек етеді. Ар-ұятын ойлайды, ешкімнің ақысын жемейді, әркім өзіне тиесілі міндетті Алла разылығы үшін мүлтіксіз орындауға тырысатын болады. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) ақыретке деген сенімнің осындай өшпес ұшқынын адамдардың жүрегінде тұтатты. Сондықтан сахабалардың баршасы үнемі жақсылық жасауға ықылас танытқан. Жасаған әрбір ісінің, басқан әрбір қадамының, сөйлеген әрбір сөзінің арғы дүниеде есебін беретініне бек сенген адам жаманшылық атаулыдан, жалпы күнәдан алыс жүреді. Ендеше, бірлік-ынтымағы жарасқан тату елге айналғымыз келсе, онда үлкеннің де, кішінің де жүрегіне Ақырет күніне деген айқын сенімді ұялатуымыз керек-ақ.

"Даналық ойдан дән ізде" атты кітаптан.
Авторы: Асылбек Әуезханұлы

0 пікір