Йемен еліндегі ғұламалар кеңесінің басшысы, ғалым профессор, доктор Шейх Абдульмәжид әз-Зиндәни, Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) 14 ғасыр бұрын айтқан тағы бір сөзінің бүгінде ғылыми тұрғыда расталып отырғандығымен бөлісті.
Тарқатып айтар болсақ, хадис кітаптарында орын алған ұзын бір риуаятта Пайғамбарымыздың (ғалейһиссәләм) былай деп өткендігі келтірілген:
وَالَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ ، إِنَّ مَا بَيْنَ الْمِصْرَاعَيْنِ مِنْ مَصَارِيعِ الْجَنَّةِ لَكَمَا بَيْنَ مَكَّةَ وَهَجَرٍ ، أَوْ كَمَا بَيْنَ مَكَّةَ وَبُصْرَى
«Мұхаммедтің жаны қолында болғанға ант етейін, пейіштегі жарма есіктердің арасы – Мекке мен Һәжар арасы сияқты немесе Мекке мен Бусра арасы сияқты».
Осы хадисте айтылған Мекке қаласы, бәріңізге белгілі болғандай, қазіргі Сауд Арабиясында орналасқан киелі мекен.
Ал, «Һәжар» қаласы (немесе Һәжар мемлекеті) – ертеректе Араб түбегінің қиыр шығысында орын алған көне қаланың аты. Қаланың бүгінгі орны «Бәлдәтуль Кәуәриж» (بلدة الكوارج) деген атаумен белгілі. Бұл аймақта қазіргі таңда Қатар мемлекеті мен Бахрейн корольдігі орналасқан.
"Бусра" қаласы болса – Сирия жеріндегі көне тарихи қалалардың бірі. Ол Дамаск қаласынан шамамен 140 шақырым ұзақтықта орналасқан.
Бусра қаласы, кезінде, діни астана саналатын (христиан дінінің), әрі сауда орталығы еді, сондай-ақ, Қытай еліне дейін созылып жатқан ұлы жібек жолындағы өткел қаланың бірі тұғын.
Ендігі жерде, жоғарыда келтірілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) «Мекке мен Һәжар арасы сияқты немесе Мекке мен Бусра арасы секілді» деп неге айтып отыр? Неге пейіштегі "жарма есіктердің" арақашықтығын, дәл осы үш қаланың арақашықтығына ұқсатқан?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәл сол үш қаланың арақашықтығын тілге алып өтуі бекер емес.
Қалай дейсіз ғой? Бүгінде Мекке мен Бусра қаласының арасы және Мекке мен Һәжар қаласының арасы теңдей қашықта екендігі анықталып отыр. Яғни, Мекке қаласы мен Бусра қаласының арасындағы арақашықтық – 1273 шақырымды құрайды. Тура сол сияқты, Мекке мен Һәжар қаласының арасындағы арақашықтық та – 1273 шақырымды құрайды екен. (794 миль). (Суретті қараңыз).
Фото: elnaser.wordpress.com
Осылайша, Алла елшісі (с.а.у.): "Мекке мен Һәжардың арасы сияқты немесе Мекке мен Бусроның арасы сияқты" дей келе, Мекке мен аты аталған екі қала арасы - теңдей қашықтықта екендігіне ишара жасағандығын аңғарып отырмыз[1].
Технология дамымаған заманда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аталмыш қалалар арасындағы арақашықтықтың теңдей ұзақтықта екендігін қалай білген?
Бұл да Оның (с.а.у.) тәңірлік білдірумен сөйлейтін пайғамбар екендігінің бір көрінісі болса керек.
Осы тұрғыда, мынадай сауал туындауы мүмкін: Неге пайғамбарымыз "1273 км қашықтықта орналасқан" деп айта салмаған?
Оның бірнеше себебін атап өтуге болады. Мәселен:
1. Пайғамбарымызға (с.а.у.) періште арқылы немесе илһәм арқылы аталмыш қалалар арасындағы арақашықтықтың «теңдей екендігі» ғана білдіріліп, оның дәл қанша шақырымды құрайтындығы білдірілмегендіктен болса керек. Өйткені, Ол тек (с.а.у.) өзіне уахи етілгенді ғана айтады.
2. Хадистегі негізгі көзделген нәрсе – пейіштің кереметін халыққа айту, о дүниедегі шапағат жайында оларға жеткізу болғандықтан, негізгі тақырыптан ауытқымас үшін, қалалар арасындағы арақашықтықты егжей-тегжейлі сөз етіп жатуды орынсыз көрген болуы да ғажап емес. Аллаһу аъләм.
Қалай болғанда да, бұның өзі Алла елшісінің әрбір сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатқандығының көрінісі десек болады.
Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған керемет жайында Шейх Зейданның әңгімелеген видеонұсқасы төменде: