"Мәйіт жерленгеннен кейін...": Хадис
"Мәйіт жерленгеннен кейін...": Хадис
2 жыл бұрын 34690

Хадисші әл-Хәкимнің «әл-Мүстәдрак» атты хадистер жинағында орын алған бір хадисте, Алла елшісі (с.а.у.) мәйіттің жерленгеннен кейінгі сәтте басынан өткеретін жағдайды былай баяндайды:

«Мәйіт қабіріне қойылған кезде, ол бұрылып кейін қайтқан жерлеушілердің жүргендегі аяқ киімдерінің дыбысын естиді.

Егер ол мүмін-мұсылман болса, бас жағында - оқыған намазы, оң жағында - ұстаған оразасы, сол жағында – берген зекеті және аяқ жағында – садақа, салауат-дұға, туыспен қарым-қатынас және адамдарға жасаған ізгіліктерден тұратын игі істері тұрады.

(Қабір азабы немесе азап періштесі) Бас жағынан келген кезде намаз: «Мен жақтан кіріс жоқ» дейді (оған жақтасып). Оң жағынан келген кезде, оразасы: «Мен жақтан кіріс жоқ» дейді. Сол жағынан келгенде, зекет: «Мен жақтан кіріс жоқ» дейді. Аяқ жағынан келген кезде, садақа, ізгілік, туыстық қарым-қатынас және адамдарға жасаған игіліктері сияқты ізгі істері: «Мен жақтан да кіріс жоқ» дейді. (Осылай оны қорғаштайды).

Кейін мәйітке: «Отыр!» делінеді. Мәйіт отырады. Оған бейнебір күннің батуға жақын қалғандығы көрсетіледі.

Оған:

- Сендердің араларыңда болған кісі жайында не айтасың және Оған қатысты қандай куәлікте боласың? - делінеді.

Ол:

- Маған рұқсат беріңдер, намаз оқиын, - деп айтады.

Олар (періштелер):

- Біраздан кейін оқисың. Бірақ одан бұрын сұраған кісіміз жайында хабар бер! - дейді.

- Менен кім жайында сұрап тұрсыңдар? - деп сұрайды ол.

Олар:

- Сенен сұраған кісі жайында бізге айтып бер! - дейді.

Ол:

- Мені қоя беріңдер, намазымды оқиын, - дейді.

Олар:

- Біраздан кейін істейсің. Бірақ одан бұрын бізге сенен сұрап тұрған кісі жайында айтып бер! - дейді.

Ол:

- Кім жайында сұрап тұрсыздар? - дейді.

Олар:

- Бізге айт: сендердің араларыңда болған кісі жайында не айтасың және оған қатысты не нәрсеге куәлік етесің? - дейді.

Ол:

- Мұхаммед пе?! - дейді де, әрі қарай сөзін жалғап: - Оның Алланың құлы екендігіне куәлік етемін және Алланың құзырынан ақиқатты алып келгендігіне куәлік етемін, - дейді.

Сонда оған:

- Сен осы сеніммен өмір кештің, осы сеніммен өлдің және Алла қаласа осы сеніммен қиямет күні қайта тірілесің! - деп айтылады.

Бұдан кейін тозақ жағынан бір есік ашылады да, оған:

- Қара! Мынау жер Аллаға қарсы келгеніңде мекенің болар еді, - делінеді. Ол (Бұл жерге бармайтындығына) қуанып, шаттығы артады.

Кейін пейіш жақтан бір есік ашылады да, оған:

- Мекеніңе қара және Алланың саған әзірлеп қойғанына қара! - делінеді. Оның қуанышы мен шаттығы одан да бетер артады.

Бұл Алла Тағаланың мына бір сөзінің көрінісі: «Алла Тағала иман келтіргендерді дүние тіршілігінде де, ақыретте де мықты сөзде бекем етеді...». («Ибраһим» сүресі, 27).

Егер мәйіт кәпір болса, (азап, не, періште) оның бас жағынан келеді, бас жағында еш нәрсе болмайды. Оң жағынан келеді, оң жағында (қорғайтын) еш нәрсе болмайды. Сол жағынан келеді, сол жағында да еш нәрсе болмайды. Кейін аяқ жағынан келеді, ол жерде де (жақтасатын) еш нәрсе табылмайды. Сонда оған: «Отыр!» делінеді. Ол қорқып, дірілдеп отырады.

Оған:

- Араларыңда болған кісі жайында не айтасың және ол жайында қандай куәлікте боласың? - делінеді.

Ол:

- Қайсы кісі? - дейді.

Олар:

- Араларыңда болған кісі, - дейді. Ол кім екенін таба алмайды.

Сонда оған:

- Мұхаммед, - дейді.

Ол:

- Адамдардың айтқанын естігенмін. Мен де солар айтқандай айттым, - дейді.

Сонда олар оған:

- Сен сол күйіңмен өмір кештің. Сол күйіңше өлдің және Алла қаласа, сол күйіңмен қиямет қайым күні қайта тірілесің, - деп айтады.

Бұдан кейін пейіш жақтан бір есік ашылады. Оған:

- Қара! Егер Құдайға мойынсұнушы болғаныңда, Алла Тағала саған осыны әзірлеп қойған еді. Егер итағат еткеніңде барар мекенің осы болар еді, - делінеді. Ол пейішке қарап өкініші мен қасыреті арта түседі. Одан соң қабырғалары бір-біріне айқасып кіргенге дейін қабірі таралады.

Оның бұл жағдайы Алла Тағаланың мына бір сөзінің көрінісі: «Кім менің үгітімнен (не Құраннан) теріс бұрылса, оған тар тұрмыс болады және қиямет күні оны соқыр түрде махшарға жинаймыз». («Тоһә» сүресі, 124). (1)


 1) әл-Хәким: "әл-Мүстәдрак". №1421 хадис. 

Абдусамат Қасым

0 пікір