«Жұма күні Кәһф сүресін оқыған адамға нұр болады» деген хадис "сахих хадис" па?
«Жұма күні Кәһф сүресін оқыған адамға нұр болады» деген хадис "сахих хадис" па?
2 жыл бұрын 13837
Абдусамат Қасым

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләмнән бізге жеткен бір риуаттардың бірінде, Жұма күні «Кәһф» сүресін оқыған кісіге келесі жұмаға дейін нұр болып тұратыны айтылған. Хадистің түпнұсқасы төмендегідей:

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ أَنَّ النَّبِيَّ - صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ - قَالَ: " «مَنْ قَرَأَ سُورَةَ الْكَهْفِ فِي يَوْمِ الْجُمُعَةِ أَضَاءَ لَهُ نُورٌ مَا بَيْنَ الْجُمْعَتَيْنِ»  

Сахаба Әбу Саъид әл-Худри, Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегендігін жеткізеді:

«Кімде-кім Кәһф сүресін жұма күні оқыса, ол оны келесі жұмаға дейін нұрмен арайландырып тұрады»[1].

Бұл риуаятты атақты хадисшілерден - Имам Нәсәи, Имам Бәйһақи және Әбу Абдуллаһ әл-Хәким ән-Нисәбури сынды хадис майталмандары хадис жинақтарында келтірген (Алла оларға разы болсын).

Әл-Хәким ән-Нисабури аталмыш хадиске қатысты: «Бұл хадис – сәнәді сахих болған хадис» - деп баға береді. Хадис ғалымдары, егер әлдебір хадиске байланысты «Сәнәді сахих» деп айтып, бірақ хадистің мәтініне байланысты әлдебір ақаудың барын ашық айтпаған болса, онысы өзі риуаят еткен хадистің мәтіні тұрғысынан да «сахих» деп тұрғандығын ұғындырады. Ендеше атақты хадисші ғұлама әл-Хәким аталмыш хадиске «сахих хадис» деп баға берген екен[2]. (ән-Нәсәи болса, бұл хадиске «мәуқуф» хадис дейді)[3]. 

Тағы бір әйгілі «мұхаддис» (хадисші) ғалым Ибн Хажар әл-Асқалани аталмыш хадисті зерделей келе: «Хасан хадис. Бұл риуаят – Кәһф сүресі жайында (жұма күні оқылуы жайында) келген риуаяттардың ең қуаттысы» - деп қорытындылайды[4].  

Тақырыбымызды аша түсу мақсатында қазіргі заманғы хадисші ғалымдардың бірі Насуруддин әл-Бәнидің да пікірін бере кеткім келіп отыр. Ол (әл-Бәни) бүгінгі мақаламызға мұрындық болып отырған хадисті зерделей келе «Сахих» деген нәтижеге жеткендігін айтады. әл-Бәни аталған хадисті келтіріп, оған "сахих" деп жазғаннан кейін, соңында былай дейді: «Хадисшілердің әл-Хәкимнен басқасы келтірген нұсқалардың бәрінің сәнәдында Әбу Һәшим Яхя ибн Динәр ар-Румани деген риуаятшы адам бар. Көпшілік хадис ғалымдары оны «сенімді» деп атаған. Одан басқа сәнәдіндағы риуатшылардың бәрі «сиқа» (сенімді)» - деп қорытады[5].

Ендеше, сахаба Әбу Саъид әл-Худриден жеткен «Кімде-кім Кәһф сүресін жұма күні оқыса, ол оны келесі жұмаға дейін нұрмен арайландырып тұрады» делінген хадиске байланысты хадисші мамандардың көпшілігі – «Сахих хадис» деген нәтижеге барған. Демек, оны "сахих" деп атап, сенімді хадистер қатарынан санауға негіз бар. 


[1] Әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак», №3392 хадис; Имам Бәйһақи: «әд-Дәъуәтуль Кубро»; ән-Нәсәи: «әс-Сүнәнуль Кубро».
[2] هَذَا حَدِيثٌ صَحِيحُ الْإِسْنَادِ وَلَمْ يُخْرِجَاهُ. (Әл-Хәким: «әл-Мүстәдрак», №3392 хадис).
[3] Мулла Алиюль Қари: «Мирқат әл-Мәфәтих», №2175 хадис шархы.
[4] حديث حسن، قال: وهو أقوى ما ورد في سورة الكهف. (Мұхаммед Абдуррауф әл-Мәнәуи: «Фәйдуль Қадир». №8929 хадис түсіндірмесі).
[5] Насуруддин әл-Бәни: «Сахиху әт-Тәрғиб уәт-Тәрһиб». №(7) 736 хадис талдауы.

 
0 пікір