Бисмилләһир рахманир рахми
Көпшілігіміз біле бермейтін Алла елшісінің (с.а.у.) сүннеттерінің бірі - жоғарыға шығып жатқанда «Аллаһу әкбар» деу, ал төмен түскенде «сүбханаллаһ» деп айту сүннеті. Бұлай айту мұстахаб. Бұған байланысты сахаба Жәбір ибн Абдулла (р.а.) мынадай хадис жеткізеді:
«كُنَّا إذا سافَرْنا مع رسولِ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ إذا صَعِدْنا كَبَّرْنا، وإذا هَبَطْنا سَبَّحْنا.
«Біз Алла елшісімен (с.а.у.) жолаушылып жүргенде, жоғарыға көтерілсек «Аллаһу әкбар» дейтінбіз, ал төмен түскенде «сүбханаллаһ» деуші едік»1. (Аллаһу әкбардың мағынасы «Алла ең ұлық» дегенді білдіреді. «Сүбханаллаһ» деген болса, «Алла кемшіліктен пәк» деген ұғымда).
Осыдан келіп, теппешекпен болсын, мейлі лифт-жеделсатымен болсын, мейлі тауға шыққанда, не, қырға шыққанда болсын, жоғары көтеріліп жатқан сәтте іштей, яки, сыбырлап «Аллаһу әкбар» деу - мұстахаб амал, яғни, сауапты, ұнамды іс. Ал төмен түскенде "сүбханаллаһ" деген жақсы.
Жоғарыға көтерілгенде «Алла ұлық» деудің мәнін дін мамандары былай деп түсіндіреді:
«Өйткені, жоғарылау мен көтерілу ұлықтық ұғымымен байланысты, сонда жоғары көтерілуші кісі: адам қанша жоғарыласа да, қанша деңгейі өссе де Алланың ұлықтығына жетпек емес, сол себепті ол «Алла ең ұлығы» дей отырып, әсілі ұлықтық - бір Жаратушы Құдайға ғана тән екенін дәріптеген болады».
Ал төмен түскенде «сүбханаллаһ» деудің мәнін болса, былай түсіндіруге болады:
«Адам өмірде бірде жоғарылап, бірде төмендеуі мүмкін, бұл пенденің кемшілікті екендігін көрсетеді. Яғни, жаратылыстар кейде деңгейлі, кейде деңгейі төмен болып келеді. Алла тағала болса үнемі биік, ұлы. Ол ешқашан төмендемейді. Оның ұлықтығы мәңгі. Сондықтан, төмен түсіп жатқанда «Алла барлық кемшіліктерден пәк» деген мағынада «Сүбханалла» дейміз.
Және де мұның мәнін «кит» балығына жұтылған Юнус пайғамбармен де байланыстыруға болады (ғалейһиссәләм). Юнус пайғамбарымыз тәспих айтып, Алланы «пәктеу» себепті сол бір қиындықтан аман шыққан еді. Сол себепті, соны ырымдап: «мені төмендерде қалдырма», «деңгейімді екі дүниеде де биік қыл» деген тілекпен төменге түсіп жатқанда «сүбханаллаһ» деген боламыз.
Бұл зікірлерді дауыстап айту шарт емес. Іштей айтса да болады немесе сыбырлап айтса болады. Дауыстап айту шарт емес деуімнің себебі, сахабалар қатаң дауыспен «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтып жатқан кезде Алла елшісі (с.а.у.) оларға бәсен дауыспен айтуларын ескерткен еді. Бұған қатысты сахаба Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) былай деп әңгімелейді:
«Пайғамбарымызбен (с.а.у.) бірге сапарда едік. Сонда біз бір сайға көтерілген кезде «Лә иләһә иллаллаһ. Аллаһу әкбар» деуші едік. Даусымыз қатты шығып кететін. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) бізге: «Уа, адамдар! Өз-өздеріңе жұмсақ болыңдар (өздеріңді қинамаңдар)! Шынында сендер керең біреуге немесе жоқ біреуге дұға етіп жатқан жоқсыңдар. Сөзсіз Ол (Алла) сендермен бірге. Ол - естуші. Жақын!» - деуші еді» деп еске алады сахаба2.
Алла Тағала баршамыздың жүзімізді екі дүниеде де жарқын етсін! Уа ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!
1 Дәруқұтни: «Сүнән»; Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
2 Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».