Исламдағы ғұмырды ұзартатын амал
Исламдағы ғұмырды ұзартатын амал
6 жыл бұрын 6226
Оразбек САПАРХАН

Құран мен хадистің тұнып тұрған ғылым екені жөңкілген жылдардың қатпарында қайта-қайта дәлелденіп келеді. Қазақтың бекзат болмысына айналған, Құранда әмір етілген қасиеттің бірі – туысқандық қарым-қатынас мәселесі. «Жақынын жаттай көру» – әр замандағы жамандардың рухани індеті болса, туыстық қатынасты сақтаудың ұшан-теңіз пайдасы болмағын Батыс ғалымдары зерделепті.  

Мақаланың ой шымылдығын «Ниса» сүресі, 1-аятымен ашайықшы. Онда былай делініпті:

وَاتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ  إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا

«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы».

Бұл ескертудің жан-жақты химеті бар екені өз алдына бір еңбектің жүгі. Осы әмір-тыйымның бір құпиясын Әнас ибн Мәлік (Алла разы болсын) атты сахабадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген екен:

فعن أنس بن مالك (رضي الله عنه) قال: قال رسول الله (صلى الله عليه وسلم): من سرَّه أن يُبسَطَ له رزقُه، وأن يُنسَأَ له في أثرِه، فلْيَصِلْ رَحِمَه

Яғни, «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бухари).

Бұл хадисте жоғарыдағы Алла әмірінің бір сыры ашық айтылып тұр. Алайда, осыған дейін хадисте айт «ғұмырдың ұзақ болуына» жалпылама иман келтіріп келіп едік. Кейбір ғалымдар мұндағы «ғұмырдың ұзаруын» «адамның ғұмырына берекет беріліп, көп ізігікті, аз да болса саз ғұмыр» деп түсіндіріп келгені де болды.

Енді мына қызықты қараңыз. АҚШ-тың «Ұлттық ғылым академиясының еңбектері (Proceedings of the National Aca­demy of Sciences)» жур­налында Лондон Университеттік колледжінің ғалымдары адам өмірінің ұзақтығына ықпал ететін әлеуметтік факторларды анықтаған ғылыми мақаласы жарияланды.  Зерттеушілер төрт жыл бойы 50 жас пен 90 жас аралығындағы (ор­таша жас 67, 21), жалпы 7304 адамның өмірін бақылаған. Ғалымдардың қоры­тын­дысы бойынша, достар мен ет жа­қын туыспен есендесіп, жиі кез­десіп тұру адамның ғұмыр жа­сын ұзартатын болып шыққан. Нәти­жесінде, туыстық, достық қарым-қатынастары жақсы қарттардың көңіл күйі көтеріңкі, ден­саулығы мықты болып шыққан. Міне, осындай оң өзгерістер байқалған адамдардың 73,1%-ы кем дегенде аптасына бір рет жақындарымен жүздесіп, спорт залдарына барып, музей, теа­тр, көркем галереялар, құлшылық орындары сияқ­ты қоғамдық орындарды ара­лаған.

Зерттермендер осындай белсенді өмір салты ересек адамдар үшін маңызды ғана емес, көңіліне қуаныш, деніне қуат сыйлайты­нын, өздерінің өзгелер үшін, қоғам үшін маңызды екенін сезініп, денсаулығы нашарламай, кәрілікке мойымайтынын айтады. Міне, аят пен хадистің ғылыми астары.

Ал, енді бүгінгі замандастарымыз ішіндегі жақынын жаудай көріп жүргендерге жол болсын! Ата салтты мансұқтап, ата діннен аттаудың кесапатын ғылым да қуаттап жатыр екен. 

0 пікір