Ислам тарихындағы алғашқы келісім құжаты
Ислам тарихындағы алғашқы келісім құжаты
10 жыл бұрын 4237
Құдайберді Бағашар

«Мәдина келісімі» – мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға көшіп келгеннен кейінгі уақытта орын алды (622 ж.). Бұл кезде Мәдина қаласында үш әлеуметтік топ қалыптасты: мұсылмандар (олар аус және хазраж тайпаларынан құралды), еврейлер, араб тайпаларына қарасты жергілікті мүшіріктер. Келісім негізінде бейбітшілік орнағанға дейін бұлар үнемі бір-бірімен соғыс жағдайында болып келді. М. Т. Окичтың айтуынша, Мұхаммед пайғамбар бұл уақытта алғаш рет халық санағын жүргізген. Нәтижеде Мәдина тұрғындарының жалпы саны он мың: олардың мың жарымы мұсылмандар, төрт мыңы иудейлер, төрт жарым мыңы мүшрік арабтар екені анықталған.

Бұл уақытта әртүрлі этникалық түбірден, мәдениеттерден немесе одан да маңыздысы діндерге қарасты адамдардың бір жерде үйлесімді әрі бақытта ғұмыр кешуін қамтамасыз ету үшін екі жол тұрды. Бірі, тұрғындарды күшпен басқару, екіншісі, азат адамдар ретінде еркін пікір алмасып ортақ мәмілеге келу, кейіннен бұл келісімді жазбаға түсіріп, жалпыға ортақ осы ережелермен бәрінің жауапкершілігін нықтау.

Ислам дінінің өзге дін өкілдеріне толеранттығына сүйене отырып Мұхаммед пайғамбар Мәдина жағдайында әлеуметтік топтардың бір-бірімен ынтымақтастықта және бейбіт қатар өмір сүруі үшін ең тиімді жолды таңдады. Мәдина қаласына келіп орналасқан соң бірінші жергілікті ансарлар мен мұхажирлер қатысқан үлкен мәжіліс өткізді. Бұл мәжілісте ансарлар мен мұхажирлердің бауырластығын жолға қойды. Мұсылмандардың арасындағы әлеуметтік қатынастар осылайша реттелген соң, басқа әлеуметтік топтардың өкілдерімен ақылдасты. Нәтижеде мұсылмандар мен иудейлердің басшыларымен Бинти Харистің үйінде жиналып жаңа бір ортақ келісімге қол қойылды.

Түрік социологы А. Булачтың пікірінше, аталмыш келісімде мына қағидалар негізге алынды: туралық, әділдік, адам құқына құрмет және шынайы бейбітшілік пен әділеттілікке қол жеткізуде әлеуметтік топтар арасында келісім жасалуы (діни, құқықтық, пәлсапалық және саяси т.б). Келісім мәтінін жасауда және бекітуде әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері қатысты. Келісімнің негізгі мәселелері көптарапты еркін келіссөздердің нәтижелі болуын қамтамасыз етті. Қоғамның көптүрлілігіне сай келісімшарт барлық топты қанағаттандырды. Келісімшарттағы бір мәселеге барлық тарап келісімін берсе, онда ол бап енгізілді, ал келісілмеген жағдайда алынып тасталды. Бір сөзбен айтқанда, шарт ортақ келісімдерді ғана құрады, қалған мәселелер әр топтың өзінің жеке ісі болды. Бұл түрлі дін, ұлт өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне жасалған үлгі болса керек. Екінші қағида – мемлекетті басқару жүйесі белгілі бір билікке тән емес, билік халыққа тән болды. Тоталитарлық және авторитарлық басқару жүйесі көптүрлілікті жақтамайды. Мәдина келісімі барлық әлеуметтік топтарды мойындап, олардың өз ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік берді. Келісімде барлық тайпалардың аталып өтілу себебі, қоғамдағы діни, этникалық, әлеуметтік

топтардың бірін-бірі тануы үшін жасалды. Басқаша айтқанда, барлық діни және этникалық топтар мәдени және құқықтық автономияда болды. Яғни, діни, заңшығарушылық билік, атқарушылық билік, кәсіпкерлік, мәдениет, күнделікті өмір тәртібі әр топтың өз еркінде және өзінің қалыптастырған құқықтық және мәдени стандарттар шеңберінде жүзеге асты.

Келісімнің баптарына келсек, Ибн Хишам мен Әбу Үбәйдтің еңбектерінде бүтін мәтін ретінде кездескен келісімді неміс шығыстанушысы Ю. Велльгаузен 47 бапқа бөліп көрсеткен. Кейіннен Үндістандық ғалым М. Хамидуллаһ кей баптарды өз ішінде бөліп, баптар санын 52-ге шығарған. Хадис кітаптарында келісімнің мұсылмандарға қатысты алғашқы 23 бабы Әнас ибн Маликтың үйінде, ал мұсылмандардың иудей, мүшріктермен ендігі қарым-қатынасына қатысты 24-47 баптары Бинт Харистың шаңырағында өзара ортақ мәміле құра отырып келісілген.

Келісімнің 25 бабында «Иудейлердің дінін өздеріне, мүминдердің діні өзіне» делінді. Бұл бап Мәдинада тұрғындары үшін сенім бостандығын қамтамасыз етті. Ендігі жерде бәрі бірге өмір сүре отырып өз ерекшелігін сақтауы, иудейлер өз дінін, мұсылмандар өз дінін ұстанатыны айқындалды.

А. Булачтың пікірінше, «Мәдине келісімі тікелей диалог үлгісі әрі бейбіт қатар өмір сүрудің дәлелі».

Келісімнің тағы бір маңызды тұсы, саяси бірлік қалыптасты. Бұл 2 және 25 бапта «үмбет» деген сөзбен берілді. Үмбеттің бұл түсінігіне мұсылман, иудей және мүшріктер кіре отырып, саяси бірлік құрылды. Бұл діни, мәдени, әрі құқықтық автономия негізінде ұлт, тіл, діни не этникалық айырмашылыққа қарамайтын қоғамдық жоба еді. Бұған қоса, ортақ заңға бағыну мәселесі реттеліп, соғыс ашу жекелеген тайпалардың құзыретінен алынып, Жихад (не соғыс) ашу құқы енді жеке адамдар емес заңды мемлекетке берілді.

Құжаттың 37 бабы көптүрлілікті қабылдауға, өзге сенім иелерімен диалог құруға дайын болуға шақырды.

«Соғыс орын алған жағдайда әркім өз шығынын өзі көтереді: иудейлер де, мұсылмандар да. Осы жазбада аталғандарға соғыс ашқандарға қарсы олар өз араларында жәрдемдеседі. Олардың арасында өзара көркем мәміле болады. Міндетті түрде ережелерге бағынылады, оған қайшы әрекетке барылмайды». Бұл баптағы «олар өзара жәрдемдеседі» және «өзара көркем мәміледе болады» деген сөздер назар аударалық.

Келісімнің 4 және 11 баптары әлеуметтік топтардың тәуелсіздігіне арналады. Мұның ерекшелігі, бұрынғыдай қылмыс жасаған адамға жақын туыстары жауап бермей, кінәлі адамның өзі ғана жауап беруі міндеттелді (22-бап және 31-баптың 2-тармағы).

Тағы бір ескерте кетерлігі құжатта айтылған жайттар жалпы адами құндылықтар легін құрайтындығы. Мәтінде айтылған жайттар Құран өнегесімен сай келгендіктен, кейіннен де ұзақ уақыт бұл жайттар орындалған.

Зерттеуші М. Хамидуллаһтың пікірінше, «бұл Ислам мемлекетінің алғашқы конституциясы болып қана қоймай, әлемдегі алғашқы қағаз бетіне

түсірілген конституция болып табылады. Қолымыздағы деректер келісімнің бірнеше тараптың кездесуі нәтижесінде және қоғам талабы ретінде жақсы конституция үшін керекті алғышарт екенін көрсетеді».

Италия тарихшысы әрі исламтанушы Л. Каэтани болса «конституция» дегеннен гөрі «құжат» деген сөзді қолданғанды дұрыс санаған.

Қысқаша айтқанда, Мәдина келісімі әр түрлі дін өкілдері арасында бейбіт қатар өмір сүру үшін ресми түрде жасалған мәміле. Ол исламдағы бейбітшілік пен толеранттылықты, исламның адам құқығына құрметі мен диалог мәдениетін, өзге дін өкілдеріне көзқарасын, сондай-ақ сенім бостандығы мен ұждан еркіндігін қамтамасыз етуімен құнды.

0 пікір