Ислам экономикасы: Мурабаха саудасы
Ислам экономикасы: Мурабаха саудасы
4 жыл бұрын 7969
Абдусамат Қасым

Бисмиллаһир рахманир рахим

Мурабаха деген не?

«Мурабаха» термині араб тіліндегі «табыс», «түсім», «кіріс» деген ұғымдарға келетін «рибх» (رِبْحٌ) түбірінен шыққан. Оның шариғаттағы анықтамасына келер болсақ:

«Мүлтәқоль әбхур» атты Ханафи фиқһ кітабының авторы бұл сауда түріне былай деп анықтама береді:

«Мурабаха – сатып алған затын сатып алған нәрсемен (құнымен) оның үстіне қосып сату».   

Ханафи ғалымы Имам Мәрғинәни оған байланысты былай деген:

«Мурабаха – бірінші келісімшартпен иеленген нәрсесін әуелгі бағасының үстіне пайда қосып, өзгенің (меншігіне) өткізу (сату)». (әл-Һидәя).

Мәлики мәзхабының ғалымы Ибн Рүшд:

«Сатушы сатып алушыға тауардың сатып алынған бағасын айтып, мейлі динармен болсын, мейлі дирһаммен болсын оның үстіне пайдасын шарт қосуы» - деген.

(Бидәятуль Мүжтәһид).

Шәфиғи ғалымы шейх әл-Мәуриди былай дейді:

«Мурабаха саудасы мына суретте жүзеге асады: «мен саған мына киімді алынған жүз дирһам ақшасының әр онына бір дирһам қосып, мурабаха жолымен саттым». («әл-Хәуиль Кәбир»).

Ханбали ғалымы Ибн Құдама:

«Мурабаха – негізгі бағасына белгілі пайда қосып сату болып табылады». («әл-Муғни»).

Демек, мурабаха сауда түрі «сатылатын заттың бастапқы құны мен ол құнына қосар пайданың білінуіне» негізделеді екен. Өйткені, мурабаха – «аманат сауда» түріне жатады*. Сондықтан, оның бастапқы алынған құны мен ол құнға қосатын пайданың мөлшері сатып алушыға белгілі болуы ләзім.

(*Аманат сауда түрлері: мурабаха, тәулия, уәдъия және ишрәк. Бұл сауда түрлері тауардың бастапқы бағасынан хабардар етуші сатушының сеніміне негізделгендіктен, бұларды «аманат (сенім) саудасы» түрлеріне жатқызған).

Мурабаха саудасының үкімі

Ертеректегі өмір сүрген фиқһ ғұламаларының басым көпшілігі дәстүрлі мурабаха саудасына оң қабақ танытып, шариғатқа теріс тарапы жоқ екендігін анық айтқан. «Шариғат тұрғысынан рұқсат етілген сауда түрінен болып табылады, әрі оның еш әбестігі жоқ» деген.

Шәфиғи ғалымы әл-Мәуриди мурабаха саудасына байланысты:

«Бұл – рұқсат сауда. Оның еш әбестігі жоқ...», - десе, (әл-Хәуиль Кәбир) 

Ханафи ғалымы Имам Мәрғинәни: «Бұндай сауда түріне қажеттілік бар», - дей келе, шариғатқа қайшы еместігін білдірген. (әл-Һидая).

Мурабаха саудасының бүгінгі түрі

Дәстүрлі мурабаха саудасының бүгінде қолданылып жүрген түрінде аздаған өзгешілік бар дейді зерттеушілер. Бүгінде, аталмыш сауда түрі «бәйъуль-Мурабахати лиль-Әәмири биш-Шәро» (بيع المرابحة للآمر بالشراء) деген терминмен белгілі. Бұл терминді ең алғашқы рет өзінің докторлық диссертациясында қолданған Доктор Сәми Хәмуд деген кісі екен. Одан соң мурабаха саудасының осы атауын шариғат үкімдері шеңберінде жұмыс жасап жатқан Ислами банктер мен компанияларда кеңінен қолдана бастады. Және де бұл сауда түрінің осы сипаттағысы қазіргі таңда Ислами банктердің ең көп айналысатын табыс көзіне айналғандығы да жасырын емес.

Әйткенмен, мурабаха саудасының жаңа атауы ескі фиқһ кітаптарында кездеспегенімен, мазмұны жағынан ертеректе өмір сүрген фиқһ ғұламаларынша белгілі еді дейді дін мамандары.  

Ендеше бұл сауданың бүгінгі түрі қандай сипатта жүзеге асады? 

Мурабаханың қазіргі қолданыстағы түрін доктор Юнус Мысрый есімді дін маманы былай деп танытады:

«Әлдебір тауарды сатып алуға қаражаты жетпеген кісі ол тауарды сатып алуды Ислами банкке ұсынады. Банк ол тауарды нақты ақшаға сатып алып, одан соң оның үстіне ақша қосып, әлгі кісіге «бересіге» сатады...».

Доктор Сүлеймен әл-Әшқар есімді басқа бір дін маманы оны былай деп танытқан: 

«Тауарды банк сатып алатын болып банк пен клиент өзара келіседі... Одан соң оны банктен сатып алуға клиент міндеттенеді. Банк те өз кезегінде ол тауарды оған сатуға міндеттенеді. Тауарды алған бастапқы құнының үстіне қосып, нақты ақшаға сатылуы мүмкін немесе бересіге берілуі мүмкін».  

Фиқһ маманы Уаһбату Зухайли қазіргі қолданыстағы мурабаха түрін былай деп танытқан:

«Қазіргі таңда Ислам банктері осы сауда түріне жүгінуде. Мәселен, бір кісі мерседес автокөлігін бөліп төлеуге немесе бересіге сатып алуды көздеп, онысын Ислам банкіне білдіреді. Банк оның сипаттап берген көлігін өзі немесе өкілі арқылы сатып алып, өзінің меншігіне ақиқи тұрғыда яки хукми тұрғыда өткізеді де, кейін оны о баста сатып алғысы келген және банкке сатып алуды уәде еткен клиентке бересіге немесе бөліп төлеуге береді. Осы тұрғыда, банк клиенттен белгілі кепілзат алуы мүмкін. Және де көлік сатып алынбай тұрып, банк пен клиент арасында уағдаласу түріндегі келісім жүзеге асады. Бұл келісім бойынша, клиент банктен тауарды сатып алуға уәде береді, банк болса, өз кезегінде оған сатуға міндеттенеді. Міне «мурабах лильәмир бишшаро» сауда түрі осылай жүргізіледі»[2], - дейді ғалым.

Тағы да басқа, осы сияқты көптеген дін мамандары мурабаха саудасының қазіргі қолданыстағы түріне қатысты анықтамалар берген. Бәрінің анықтамалары мына төмендегі негіздемелер айналасында топтасып отыр:

Біріншісі – мурабаха саудасының қазіргі қолданыстағы түрінде үш тарап бар*:

  • Сатып алуды ұсынушы (клиент).
  • Ислам банкі
  • Сатушы (тауардың бастапқы иесі).

(*Мурабаханың қазіргі түрі мен ертедегі фиқһ кітаптарында айтылған дәстүрлі мурабаха арасындағы айырмашылықтың бірі де осы. Ертедегі фиқһ ғалымдарының назарындағы мурабаха саудасы – үшеу ара емес, екеу ара жүзеге асады).

Екіншісі – Мурабаха саудасы төмендегідей этаптар бойынша жүзеге асады:

  • Клиенттің Ислам банкіне белгілі сипаттағы затты сатып алуды ұсынған өтініші.
  • Банктің белгілі сипаттағы тауарды сатып алуды қабыл еткен мақұлдауы.
  • Белгілі сипаттағы тауар банктің меншігіне өткеннен кейін, сатып алуға міндеттелу жөніндегі клиенттің уәдесі.
  • Белгілі сипаттағы тауарды клиентке сату жөніндегі банктің уәдесі.
  • Белгілі сипаттағы тауарды нақты ақшаға банктің сатып алуы.
  • Белгілі сипаттағы тауарды өзара келісімге сай үстеме бағада банктің клиентке бересіге сатуы.

Мурабаханың бұл түріне қатысты бүгінгі дін ғалымдарының тұжырымы

Мурабаханың дәстүрлі түрінің халалдығы жөнінде ымыраласқан бүгінгі дін ғалымдары, оның қазіргі сипаттағы түріне қатысты таласқа түскен. Ғалымдардың бірсыпырасы мұндай мурабаха түріне үзілді-кесілді қарсы болса, көпшілігі екеуара кепілсөз (уәде) негізінде жүзеге асатын мурабаха саудасының бүгінгі түрінің шариғатқа қайшы емес екендігін нақты білдірген.

Руқсат деуші ғалымдар[4]:

  1. Доктор Сәмий Хәмуд.
  2. Доктор Юсуф әл-Қардауи.
  3. Доктор Али әс-Сәлус.
  4. Садыйқ Мұхаммед әл-Әмин.
  5. Доктор Абдуссаттар Әбу Ғудда.
  6. Доктор Уаһбату әз-Зухайли.
  7. Шейх Тақи Усмани.
  8. Т.б.

Қарсы болған дін мамандары:

  1. Доктор Мұхаммед Сүлеймен әл-Әшқар.
  2. Бәкр ибн Абдулла.
  3. Доктор Рафиқ әл-Мысрый.
  4. Доктор Хасан Абдулла әл-Әмин
  5. Т.б.

1983 жылы Кувейт елінде өткен Ислам банктерінің екінші съездінде мурабаха саудасының қазіргі қолданыстағы түрінің үкімі талқыланып, нәтижесінде ондай сауда түрінің шариғатқа қайшылығы жоқ деген тұжырым негізінде пәтуа бекітіп, мынадай қаулы шығарған:

«Кеңестің қаулысы бойынша: «мурабаха лиль-әмири биш-шәро» саудасына сай тауарды сатып алып, меншігіне өткізгеннен кейін, оны «сатып ал» деп ұсыныс білдірген клиентке, алдын ала келісілген пайдаға сату жөнінде жасасқан уағдаласу іс-әрекеті – шариғатқа қайшы емес. Бұнымен қатар, тауар клиентке тапсырмай тұрып жойылса, оның жауапкершілігі банктің мойнында...». (қаулы ықшамдап алынды)

Қорытынды

Қорыта айтқанда, мурабаха саудасы Исламдағы халал сауда түріне жатады. Оның халалдығына байланысты көптеген дәлелдер бар. Әрі Ислам ғұламаларының басым көпшілі, соның ішінде төрт мәзхаб ғұламалары да ол сауда түрінің шариғатқа қайшы емес екендігінде күмән келтірмеген.  

Дегенмен, елу жылда ел жаңа демекші, уақыт өткен сайын сауда-саттық жолдарының да жаңарып отырары хақ. Бүгінде экономика жүйесі дамып, түрлі сауда-саттық жолдары бой көрсетті. Ислам ғалымдары олардың біразын шариғатта бекітілген сауда түрлері аясында қарастырып, үкімдерін де соған орай беріп отырды. Осы тұрғыда шариғи сауда түрлерінің кейбірінің негізі сол қалпынша қалғанымен, жаңаша сипатта көрініс тауып жатқандары болды. Мурабаха саудасының да бүгінде негізі өзгермегенімен, оның кейбір ереже-талаптары мен жүзеге асу жолдары бұрынғыға қарағанда аздап өзгешелеу дейді мамандар. Осыған орай, кей дін мамандарының мурабаханың қазіргі қолданыстағы түріне үрке қарайтыны сол.

Бірақ, ғалымдарымыздың басым көпшілігі мурабаханың жоғарыда түсіндіріліп өтілген бүгінгі қолданыстағы түрі Ислам экономикасы іргелі-негіздемелеріне қайшы емес деп отыр. Өйткені, қазіргі сипаттағысын ескілікті фиқһ кітаптарында атауы кездеспегенімен, мазмұны жағынан оған ұқсас үкімдер көптеп кездеседі.

Мәселен, фиқһ маманы мархұм Уаһбату Зухайли өзінің Ислам экономикасына қатысты жазған еңбегінде мурабаха саудасының қазіргі таңдағы Ислам банктері тарапынан қолданылып жүрген түріне қатысты ең алғаш рет "рұқсат" деп пікір білдірген адамның Имам Шәфиғи болғандығын айтады. Имам Шәфиғи өзінің «әл-Умм» атты іргелі-негізді фиқһ кітабында мынадай мысал келтірген екен:

«Бір кісі екінші бір кісіге тауарды көрсетіп: «Мынаны сатып ал. Мен ол тауардан саған пайда түсіремін» дейді. Ол адам айтқан тауарды сатып алса, сауда дұрыс. Алайда «мен саған ол тауардан пайда түсіремін» деген адамның таңдау еркі бар. Ол қаласа, ол тауарды (сөзінде тұрып) сатып алады, қаламаса сол күйінше (алмай) қалдырады», - деген.

Бұл жерде Имам Шәфиғи сауданың осы сипатта жүзеге асуына қатысты «болады» деп тұжырым білдіріп отыр. Алайда, Имамның сөзіне қарағанда, клиенттің ол тауарды алу не алмау мәселесінде ерікті болуы шарт. Сондай-ақ, мұндай ерік сатушыда да болуы тиіс. Ол да алған тауарды қаласа клиентке сатады, қаласа өзіне қалдырады. Яғни, екеуара міндеттемені тудырар уағда міндеттемесі болмауы тиіс деп отыр ғұлама.  

Бүгінгі таңдағы Ислам банктері, кейбір ғалымдардың тұжырымдарына сүйеніп, екі тарапты міндеттейтін кепілсөздің (уағда) шарт екендігін қабыл етеді. Мысалы, Кувейт елінде өткен Ислам банктерінің екінші съездінде дін мамандары Мәлики мәзхабына сүйене отырып, банк пен клиент арасындағы өзара уағданың күші бар әрі ол (уағда) кепілсөз иесін міндеттейді деген тоқтам жасаған. Яғни, банк пен клиент мурабаха жолымен бір затқа келісім жасасқан болса, екі жақ сол келісімге сай істі нәтижелендіруге міндетті. Осы орайда, мурабаха саудасында да шариғаттағы сауда шарттары мен талаптары ескерілуі тиіс.   


Пайдаланылған әдебиеттер:

  • «Бәйъуль мурабаха лиль-әмири биш-шәро».  
    Авторы:  Профессор доктор Хисәмуддин Ъафанаһ.
  • «әл-Муъамалату әл-Мәлиятуль Муъасыйра» .
     Авторы: Профессор доктор Уаһбату Зухайли.
  • «Бухус фи Қодоя Фиқһият Муъасыйра».
    Авторы: Шейх Тақи Усмани.
0 пікір