Миләди 8-9 ғасырлар арасында өмір кешкен Ислам ғұламасы, мүжтәһид ғалым Имам Шәфиғидің (радияллаһу анһ) медицина саласының артықшылығы жайында айтқан сөздері бізге жеткен. Сондай сөздерінің бірінде мүжтәһид ғұлама былай деген екен:
«Ненің адал, ненің арам екенін оқытар ілімнен кейінгі ең ұлық ғылым саласы - ол, дәрігерлік. Алайда, китап иелері (христиан мен йудейлер) ол жөнінен бізден озып тұр».
Хармалә деген кісі айтады:
«Имам Шәфиғи (р.а.) мұсылмандардың медицина ғылымынан көз жазып қалғандарына күрсініп былай деуші еді: «Мұсылмандар ғылымның үште бірін жоғалтып алды. Оны йудейлер мен христиандарға артып қойды!»1.
* Имам Шәфиғидің кезінде медицина саласы кенже қалып, көбіне кітап иелері айналысты. Алайда бір-екі ғасыр өтпей мұсылмандар бұл салада да қатты шарықтап, шамамен әр бес ғұламаның бірі дәрігер маман болатындай деңгейде медицина ғылымы қарқынды дамыды. Ибн Сина сияқты ғалымдар туындады. Мұндай даму Имам Шәфиғи сынды мүжтәһид ғұламалардың осындай шабыттандырар өсиеттерінің арқасында болған құбылыс десек жартық айтқан болмаспыз.
1 Имам Зәһәби: «Сияру аъләмин нүбәлә».