Пайғамбарлықтың үшінші жылында түскен «Әй, бүркеніп жатқан, тұр да, адамдарға ескерт!» («Мүдәссір» сүресі, 1-2) әмірінен соң Аллаһ елшісі (с.а.с.) адамдарды Ислам дініне шақыра бастады. Бастапқыда хазірет Хадиша, Али, Зәйд және Әбу Бәкір (р.а.) иман келтіргенін білеміз.22 Пайғамбарлықтың төртінші жылында Исламға ашық шақыруға әмір келіп, меккеліктерді және Меккеге жан-жақтан келген басқа ру-тайпаларды хақ дінге тарта бастады. Қағбаға, жәрмеңкеге, базарларға барып, бұқара халыққа Аллаһтың бірлігін түсіндіре бастады. Бұған мүшріктердің қатты қарсылық көрсетуіне қарамастан мұсылмандар саны тез көбейді. Осы кезде пайғамбарымыз елге дінді үш жерде үйретті.
1. Үйлер
Расулаллаһ (с.а.с.) пайғамбарлықтың алғашқы жылдарында Исламды үйінде дағуат етіп, парыз болған екі рәкат намазды да үйінде үйреткен. Пайғамбарлықтың төртінші жылынан бастап күндіз Әркамның үйіне барып, жиналған мұсылмандарға діннің негіздерін үйрететін[1]. Мәдинаға мұғалім етіліп жіберілген Мұсғаб ибн Үмәйр осы үйде сабақ алған. Мұнымен қоса хазірет Әбу Бәкірдің Қағбадағы үйі, Сайд ибн Зәйдтің үйі де білім ордасы ретінде қолданылған.
Жоғарыда келтіргеніміздей, Исламның алғашқы жылдарында сауатты адамдар аз еді. Сауат ашып, оқу-жазу үйренгісі келетіндерді мұсылман еместер оқытатын. Бәдір соғысынан кейін бұл іс тұтқындарға берілді. Үлкен-кіші түгел қатысатын сауат ашу сабақтары мұғалімнің үйінде жүргізілетін. Олар үйлерінің бір бөлмесін арнайы дайындайтын. Кейінірек үйлер куттаб ретінде қолданылып, онда Құран және негізгі діни мағлұматтар оқытылды[2].
2. Мешіт
Аллаһ елшісі (с.а.с.) Мәдинаға көшкен соң күн тәртібінде жаңа мәселелер пайда болды. Бұл күндері әжептәуір көбейген мұсылмандардың құлшылық етуі, білім алуы үшін бір орын керек еді. Осыны ойлап күнделікті намаз оқу және Исламды үйрету үшін жер сатып алып, мешіт салдырды. Бұл пайғамбар мешіті үш бөліктен тұратын: намаз оқитын үлкен зал, мектеп қызметін атқаратын суффа және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жанұясына арналған бірнеше кішкентай құжыра.
Мешітпен қатар бұл ғимараттың көптеген қызметі болды. Хазірет Омар (р.а.) заманына дейін Мәдинаға келген қонақтар осы мешітке түсетін. Мемлекеттік және саяси мәселелер осында қарастырылып, жорыққа да осы жерден аттанатын еді.
3. Суффа
Суффа мектебі Исламдағы алғашқы университет еді. Суффаның салынуымен Ислам оқу-ағарту ісінде жаңа дәуір басталды. Мектептің негізі салынып, бұл жерде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі сабақ берді. Күндіз мұғалімдер Суффа шәкірттеріне дін қағидаларын үйрететін[3]. Ұбада ибн әс-Самит (р.а.) бұл жерде жазу сабағын берген, Үбәй ибн Кағб, Абдуллаһ ибн Мәсғуд және Муаз ибн Жәбал (р.а.) Құран үйреткен[4].
Осылайша жүйелі оқыту жүйесінің және батыста көптеген ғасырдан кейін ғана пайда болған қоғамдық оқу орнының негізі қаланды. Аллаһ разылығы үшін ғылым үйренген ғалым мен Оның жолында соғысқан сарбаздың тең тұтылуы бұл істің маңыздылығын көрсетіп, пайғамбар мешіті мен Суффа нағыз білім ордасына айналды. Аллаһ тағаланың адамзатқа түсірген соңғы кітабында да мұсылмандардың бір бөлігі соғысқа қатыспай, ғылыммен шұғылдануы керек екені айтылады[5].
Суффада шәкірттердің 400-ге тарта болғаны риуаят етіледі. Бұл күндіз келетін шәкірттердің саны болуы мүмкін. Ибн Ханбалдың айтуынша, онда жатып оқитын шәкірттер саны сексен шамасында еді. Өйткені Суффаны мекен еткен кісілер Мәдинада туған-туысы жоқ сахабалар болатын. Бұлардың ішінде Ибн Мәсғуд, Ибн Омар, Әбу Хұрайра, Салман Парсы, Әбу Зәрр, Мұсғаб ибн Үмәйр, Ханзала, Біләл (р.а.) бар еді.
Исламда әйелдердің де ғылымда өз орындары бар. Аллаһ елшісі «Ілім барлық мұсылман ер мен әйелге парыз»[6] дей отырып, бөліп-жармай аптаның бір күнін әйелдерге сабақ беруге арнаған[7]. Пайғамбардың (с.а.с.) осы әміріне байланысты "бақыт ғасырында" ғалым әйелдер шыққанын көреміз[8].
"Ислам және ғылым"
[1]Али Хикмет Берки, Осман Кескиоғлу, Соңғы пайғамбар Хз. Мұхаммедтің өмірбаяны, Анкара 1997, 93 б.
[2] Хусейн Услу, Башлангычтан гүнүмүзе Ислам мүессеселери тарихи, Стамбул 1985, 256 б.
[3] Хамидуллаһ, Ислам Пейгамбери, ІІ т. Стамбул 1998, 75 б.
[4] Бухари, Фезайлул Қуран, 8 б.
[5] Ахмад ибн Ханбал, ІІ т., 371 б.
[6] Ибн Мажа, Муқаддима, 17 б.
[7] Бухари, Фезайлул-Қуран, 45 б.
[8] Махмуд Исмайл Сини, Насиф Мустафа Абдул Азиз, Мухаммед Тахир Хусейн, Кенди-кендине модерн арапча өғретими, Стамбул 1995, 82 б.