Харижиттер деген кімдер?
Харижиттер деген кімдер?
10 жыл бұрын 12406
Смайыл СЕЙТБЕКОВ

Харижиттер негізінен шиит ағымымен бір мезгілде тарих сахнасына шықты. Алғашқыда бұл екі ағым да Хазіреті Алиді қолдап, Шам әкімі Муауияға қарсы аттанды. Сыффин соғысында (657 ж.) шамдық әскерлер жеңілуге таяғанда әйгілі саясаткер әрі Муауияның кеңесшісі Амр ибн Астың айласымен Шам әскерлері Құран парақтарын найзаларының ұшына іліп, жоғары көтеріп, халифа Алидің әскерлеріне: «Келіңдер Алланың кітабын төреші етейік», – деп айқайлайды. Хазіреті Али мен немере інісі Абдулла ибн Аббас бұл әрекеттің соғыс айласы екендігін айтқанымен, әскерлердің көпшілігі тыңдамады. Сонымен қатар халифа Алиді де осы ұсынысқа көнуге мәжбүрлейді. Тіпті, шайқас барысында Алиге өз әскерлері соғысты тоқтатуды талап етіп әрі осы үшін қылыш көтеруге дейін барды. Ақырында соғыс тоқтап, екі жақ мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін аралық сотқа келіседі. Бұл аралық сотты екі жақтан сайланған екі төреші шешпек болып уағдаласады. Төреші етіп Муауия Амр ибн Асты, халифа Али Абдулла ибн Аббасты сайламақ болды. Алайда, халифа Алидің әскерлері Абдулла ибн Аббасты емес Әбу Муса әл-Әшғариді сайлатады.

Төреші оқиғасынан кейін халифа Алидің әскерлерінің бір бөлігі оған келіп: «Халифа тағдырын аралық сот билігіне беру Исламға сай келмейді. Сен Алланың кітабына емес төрешіге жүгіндің, сол себепті кәпір болдың, тәубе ет. Біз де сенімен бірге болғандықтан істеген қателігіміз үшін тәубе етіп, қайта иманымызды жаңаладық. Сол секілді сен де иманыңды жаңала. Әйтпесе, бұл жолы сенімен соғысамыз», – дейді. Оларға: «Мен күпірлік істемесем қайтіп діннен шығамын? Осы мәмілеге келіп, соғысты тоқтатқан өздерің, мен кінәлі емеспін», – деп халифа Али ақиқатын айтса да, олар дегендерінен қайтпайды. Ақыр соңында он екі мың әскер бөлініп, Харура елді мекеніне кетеді. Көпшіліктен бөлініп шыққандығы үшін ол топ «бөлініп шықты» деген мағынаға келетін «харижит» атауын алады.

Хазіреті Али алдымен Абдулла ибн Аббас пен Әбу Әйюб әл-Ансариді жіберіп, кейін өзі Харураға барып, харижиттерге насихат айтады. Өз қателіктерін түсініп, төрт мыңдай харижит райынан қайтып, Хазіреті Али жағына өтеді. Хурқус ибн Зуайр әл-Бәжәли (қ.б. 38/658 ж.) мен Абдулла ибн Уаб әр-Расибидің (қ.б. 38/658 ж.) қарамағындағы өзге харижиттер Нәрауанға қоныс аударады. Олар онда да тыныш жатпай өз көзқарастарына қосылмайтын өзге мұсылмандарды кәпір санап, өлтіруге көшеді. Хазіреті Алиге халықтан шағым түскендіктен 658 жылы олармен соғысуға мәжбүр болды. Хазіреті Алидің бұйрығымен сегіз мың харижит Майдан даласында толығымен дерлік өлтірілді. Бірақ тоғыз харижит қашып құтылып, бұлардың екеуі Сижистанға (Иран аймағы), екеуі Йеменге, екеуі Оманға, екеуі әл-Жазираға, біреуі Тлемсенге (Ирак аймағы) қашты. Міне осы тоғыз харижиттің жасаған насихатынан біз білетін өзге харижиттер пайда болды.

Харижиттер діндар болғанымен, өз пайдасына келмейтін мәселеге қарсы шықты. Себебі олар түсінік жағынан әлсіз, тұлға жағынан кемшін жандар. Бір шетінен шөл өміріне әбден дағдыланып, Исламның әкелген мәдениеті мен адамзаттың мәдениетінен хабарсыз болатын.

Харижиттер Ислам ағымдарының ішіндегі мәзабын ең көп қорғайтын, пікірлерін мойындата білу үшін аянбай тер төгетін, көбінесе діндар болып, діни фанатизмге және мәжбүрлікке, зорлауға әуес жақтарымен назар аудартады. Олар «үкім тек қана Аланікі» деген ұранды ұстанды.

Харижиттер Хазіреті Осман, Али және Умея әулетінен шыққан әміршілерге қарсы шығып, өздеріне бүйрек бұрған жандарды өз қатарына тартты. Алғашқы кезде саяси мақсаттан туындаған харижиттер кейін өздеріне қосылмаған мұсылмандарды кәпір деп, олардың қанын төгуді халал санады.

Олардың ең айқын ерекшелігі ұстанған жолында жанын пида етуге дайын тұруы. Харижиттерді негізінен толық түсіну өте қиын. Бірде өте тақуа болса, бірде істеген ісі мұсылманшылыққа сай келмейтін. Мысалы, бір мұсылманды бекерден-бекер өлтіру олар үшін түк те қиын емес, ал бір христианнан зат алса, ақшасын міндетті түрде төлейтін, төлемеген әріптесін өлтіре салатын. Олардың бұлай болуының басты себебі – көпшілігі шөл бәдәуилерінен еді. Шөл өмірі оларды қатігездікке, дөрекілікке, қызбалыққа үйретті. Сондықтан Ислам бұлардың жүректеріне иман ұялатқанымен, білімдері таяз, түсініктері шектеулі күйінде қалды.

Төреші оқиғасын діннен шығу ретінде қабыл еткен харажиттер өздеріне «әмір бил-мағруф уә нәи анил-мункәрді» (жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю) негізгі қағида етіп ұстана отырып, өз араларында да айтысып қалатын. Олар өзара көптеген мәселелерде түсінісе алмай Мухакима, содан кейін Әзариқа, Нажадат, Суфрия, Ажарида және Ибадия болып алты үлкен топқа бөлінді және кейіннен бұлар өз арасында тағы бөлшектеніп кетті. Бұлай бөлінуі де таңданарлық жай емес. Өйткені олар өз дегендерін шындық етіп қабылдап, өзгенің пікіріне қарсы шығатын. Исламнан алдыңғы тайпа, ру арасындағы жанжалдасу сияқты харижиттер де өздеріне қосылмағандарды дұшпан ретінде санады. Сондықтан өзге мұсылмандарды өлтіруді халал көрді.

Әбу Мансур Абдулқаир әл-Бағдади «Әл-Фарқ бәйнәл фирақ» атты еңбегінде харижиттердің үлкен жеті топқа және осы жеті топ өз ішінде тағы да он жеті ұсақ тармаққа бөлінгенін, олардың аттарын атап, түстерін түстеп көрсетеді. Міне солардың бастыларын атап өтейік:

1. Мухакима. Хазіреті Али мен Муауия арасында болған төреші оқиғасына қарсы шыққандар. Бұлардың сенімі бойынша, Хазіреті Али мен Жәмәл соғысына қатысқандар, Муауия мен екі төреші және аралық сотты қолдағандардың бәрі кәпір. Харижиттердің ішіндегі алғаш рет өзге мұсылмандарды «кәпір» деп айыптаушылар, Міне осылар. 657 жылы Хазіреті Алидің әскерінен бөлініп шығып, Харура елді мекеніне тұрақтайды. Ол жерден Нәрауанға орын ауыстырады. Өз араларында басшы етіп Абдулла ибн Уаб әр-Расиби (қ.б. 38/658) мен Хурқус ибн Зуайр әл-Бәжәлиді (қ.б. 38/658) тағайындайды. Бұл топтағы харижилер өз сенімдері үшін халифаға қарсы шығудан тайынбады. Нәтижеде Хазіреті Али тарапынан 658 жылы барлығы дерлік өлтірілді.

Харижиттердің бұл тармағы алғашқыда мына екі мәселені көтерді:

– Халифалық тек құрайш тайпасына ғана тән мансап емес, әділ, өзгелерге зұлымдық етпейтін кезкелген мұсылман халифа сайлана алады. Мұндай имамға қарсы шыққандармен соғысу керек. Егер халифа болған соң әділдіктен айныса, оны алып тастау керек және оны өлтіру уәжіп. Олардың түсінігі бойынша, қоғамды басқаратын халифа мен имамның болуы шарт емес.

– Үкім тек Аллаға тән. Ал Хазіреті Алидің Сыффин шайқасының соңында мәселені төрешілердің төрелігіне қалдыруы үлкен қателік. Сол үшін халифа Али кәпір болды деп айыптады.

Мухакима харижиттері шариғаттың үкім шығаруда жүгінетін «қияс» әдісіне үзілді кесілді қарсы шығады.

2. Әзариқа. Ханифа тайпасынан шыққан Әбу Рашид Нафи ибн әл-Әзрақтың соңынан ерген топтың атауы. Әзариқалар харижиттердің ішіндегі ең қатыгезі, сан жағынан өзге харижит топтарынан ең көбі. Ислам тарихында VІІ ғасырдың сексенінші жылдарында пайда болды. Олар Мекке халифасы Абдулла ибн Зубайр және Умея халифаларымен 19 жыл бойы соғысты. Умея халифалары бұлармен аяусыз соғыс жүргізді. Осы соғыстардың бірінде Нафиді өлтіреді.

Бұл ағымның негізгі сенімдерін қысқаша былай атап өтуге болады:

– өздеріне қосылмаған өзге мұсылмандарды мүшрик деп айыптаумен қатар оларды өлтіруді халал деп есептейді;

– мұсылмандардың тұрып жатқан отанын «дарул харб» (шариғат үкімдерімен басқарылмаған ел) деп, барлық нәрсені жасауға рұқсат береді. Мысалы, әйелдерді, балаларды өлтіруге және құлдыққа алуға рұқсат етілген. (Қазіргі кезде тәкфир ағымы да осындай бағытты ұстанады);

– өздеріне қосылмаған мұсылмандардың балаларын мәңгілік тозақтық деп санайды. Оларды өзге харижиттерден ерекшелеп тұратыны да осы сенімдері;

– құранда зина еткен кісінің жазасы дүре соғу дегендіктен рәжм жазасын қабылдамайды;

– пайғамбарлар үлкен және кіші күнә істеуі мүмкін деп есептейді;

– қолына қару алып, жұртты дінсіздерге қарсы күреске шақыратын адамды «лайықты» имам деп есептейді.

3. Нәжәдат. Ханифа руынан шыққан Нәждат ибн Амир әл-Ханафидің (656-692 ж.) пікірін қолдаушыларға берілген есім. Ямамада тұрақтаған Нәждат жақтастарымен бірге Әзариқа харижит ағымының өкілі Нәфи ибн Әзраққа қосылмақ ниетпен жолға шығады. Жолда әзариқалардан бөлініп шыққан санаулы жолдастарын кездестіреді. Олар Нафи ибн Әзрақтың өзге мұсылмандардың қанын төгуге, кәпір деп айыптап, мал-мүлкін алуға болады деген пәтуасын айтады. Мұны естіген Нәждат пен жақтастары райларынан қайтып, әзариқа ағымына қосылмай өз алдына кетеді. Жақтастары Нәждатты «әмирул мүминин» (мүминдердің әміршісі) деп атайды.

Харижиттер ешкімнің билігін толыққанды қабылдамай-тындықтан бұл топтағылар арасында да дау шығады. Даудың басы көсемдері Нәждаттың ұлының жасаған қателігінен басталды. Нәждат ұлын жасақпен Катиф деген жерге жібереді. Олар Катифке барған соң, ауылдың еркектерін түгелдей өлтіріп, әйелдерін тұтқынға алған. Әйелдерді өзара бөлісіп, олжаға қол салады. Қайтып оралған соң мәселені көсемдері Нәждатқа баяндайды. Нәждат олардың жасаған әрекеттерінің дұрыс еместігін айтады. Олар мұны білместікпен жасадық деп ақталады. Нәждат білместікпен жасаған әрекеттеріне кешіріммен қарағандығы өзге харижиттер арасында үлкен дауға айналады.

Бұл топтағы харижиттердің сенімінде бір адам аз немесе көп өтірік айтса және жалғандықты тыймаса, ондай жанды мүшрик деп санады. Нәждат сол заманның халифасы Абдулмалик ибн Маруанмен хат алысқандығы үшін өз жақтастары тарапынан күпірлікпен айыпталып, тәубе еттіреді. Тіпті, оның тәубесіне көңілі толмаған Әбу Фудәйк есімді жақтасы осы қылығы үшін оны өлтіреді. Осыдан кейін Нәжадат харижиттері екіге бөлініп кетеді.

Уақыт өте келе бұлардың саны көбейіп, Бахрейн, Хадрамаут, Йемен және Таиф қалаларын басып алады. Олар халифа Абдулмалик ибн Маруанның бұйрығымен 691 жылы Ирак әкімі Хажжаж тарапынан қырғынға ұшырайды. Өзге харижит топтарынан басты айырмашылықтары:

– «Тақия» жасайды, яғни қауіп төнген жағдайда өтірік айтып, сенімін жасырады;

– Ислам билігі тұсында өмір сүрген өзге дін өкілдерін өлтіруді халал санайды;

– Халифа яки басшы тағайындау – шариғаттың талабы емес.

4. Суфрия. Бұл ағымның жетекшісі – Зияд ибн әл-Асфар. Бұлардың сенімдері әзариқа ағымының сенімі секілді күнә істеген кісіні мүшрик санайды. Бірақ өзге харижит топтары секілді дұшпан ретінде қабыл еткен қарсыластарының балалары мен әйелдерін өлтіруді құптамайды. Өздеріне қосылмағандарды кәпір демейді. Амалда «тақия» (сенімін жасыру) жасауға қарсы болды. Ал Әзрақи харижиттері болса, керісінше, өздеріне қосылмаған мұсылманды және оның бала-шағасын өлтіруді халал санайтын. Олардың ақидасына қысқаша тоқталайық:

– Суфрия харижиттері егер өз араларынан біреу ұрлық істесе, зина т.б. осындай күнәлі іс жасаса, оны кәпір немесе мүшрик деместен, Құран тілімен «зинақор», «ұры» деп атады;

– Намаз оқымаған, ораза ұстамаған кісі – кәпір;

– Күнә істеген кісі – мүшрик;

– Соғыстан қашу үлкен күнә болғандықтан, ондай жан кәпір.

Бұл топқа Зияд ибн Асфардан кейін Әбу Билал Мирдас жетекшілік етеді. Ол Ирак аймағының әкімі Убайдулла ибн Зиядқа қарсы Басра қаласында көтеріліс жасады. Алғашқы шайқаста харижиттер халифа әскерлерін жеңгенімен әкім қосымша әскер жіберіп, харижиттерді ойсырата жеңеді де қаладағы өзге суфриялықтарды біртіндеп өлтіртеді. Осылайша, аталмыш ағым өкілдерін біржолата жойып жібереді.

5. Ажарида. Абдулкарим ибн әл-Ажрадтың соңынан ілескен топ. Бұл харижит тобы нәжәдат харижиттерге сенім тұрғысынан жақындау. Ажарида харижиттері өзге харижиттерден мына сенімдерімен ерекшеленеді:

– Тақуа болған және тақуалығынан соғысқа қатыспаған харижиттерді сатқын деп шеттетпеді;

– Әзариқалар секілді жиадты үздіксіз жасауды қабыл етпеді және жағдайы болсын, болмасын жиадқа шығуды міндеттемеді;

– Өздеріне қосылмаған мұсылманды тек шайқаста ғана өлтіру – халал, өзге уақытта өлтіруді халал санамады;

– Мүшрик ата-ананың балиғатқа толмай қайтыс болған баласы ата-анасы секілді тозаққа барады;

– Затты олжалау үшін алдымен оның иесін өлтіру керек. Егер иесі өлмесе ол затты олжа ретінде алуға болмайды;

– Үлкен күнә істеген адам – кәпір;

– Құрандағы ғашықтық жайында айтылған қиссаларды қабыл етпегендіктен, «Юсуф» сүресін Құранның бір сүресі ретінде санамады.

Міне осындай түрлі сенімдер аясында шырмалған Ажарида харижиттері пәтуаға келе алмай, Салтийя, Мәймуния, Хамзия, Халафия, Әтрафия, Шуайбия және Хазимия атты ұсақ тармақтарға бөлініп кеткен. Бұлардың әрбірінің өзіндік сенімі (ақидасы) бар.

6. Ибадия. Абдулла ибн Ибадтың бастамасымен құрылған ағым. Алғашқы харижиттерден болғанымен, өзге топтарға қарағанда, сенім мен түсінік тұрғысынан әлу сүннетке жақын. Сондықтан аталмыш ағымды ұстанушылар Солтүстік Африка мен Омманда әлі күнге дейін кездеседі. Төменде Ибадия ағымына кітаптың «Орта ғасырдағы адасушы ағымдар» атты тарауында кеңірек тоқталамыз.

 

Харижит ағымдарының ортақ сенімдері:

а) Халифа тек қана сайлау арқылы таққа келеді. Сайлауға мұсылмандардың барлығы толық қатысуы тиіс. Халифа әділетті болып, шариғатты дұрыс ұстанса бағынамыз, қайшы жағдайда ондай халифа қызметінен алынады немесе өлтіріледі.

б) Халифаның араб ұлтынан ғана болуы шарт емес. Халифалыққа лайық кез келген мұсылман сайлана алады.

в) Үлкен күнә жасаған мұсылманды кәпір деп, күнәні үлкен-кіші деп бөлмей, күнә істеген адамды өлтіруді халал санайды. Өздеріне қосылмаған мұсылманды кәпір деп қабыл еткендіктен, ондайларды өлтіру – уәжіп, мал-мүлкін олжа ретінде алу, бала-шағасын құл ретінде ұстау – халал.

Ислам тарихының алғашқы кезеңінен бастап, 10-шы ғасырға дейін харижит ағымы қоғамның негізгі мәселелерінің біріне айналды. Олар діннің шегінен шығып, билікке қарсы келіп, бейкүнә жанды өлтіруімен халықты ашындырғандықтан халифалар оларға қарсы аяусыз күрес жүргізді. Нәтижесінде харижит ағымын жойып жіберді. Алайда қазіргі уақытта харижит деп аталатын ағым болмағанымен, харижиттік сенімді (ақиданы) ұстанатын мұсылмандар бар. Оларды «тәкфир» деп атайды.

Қорыта айтқанда, харижиттер Ислам тарихындағы алғашқы адасқан ағым болып саналады. Олар өздерінен басқа мұсылманды кәпір санап, үлкен күнә жасағанды кәпір, мүшрик деп айыптап, ондайларды өлтіруді, әйел, бала-шағасын құлдыққа алуды халал санап, шариғаттың шегінен шыққан. Дегенмен оларды «кәпір» дей алмаймыз.

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл адасушы ағым жайында өз дәуірінде хабар беріп, айтып кеткен. Сол хадистердің бірқатарына тоқталып өтейік:

Әбу Зәррдан (р.а.) риуаят бойынша Пағамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Күмәнсіз менен кейін бір қауым шығады. Құранды оқиды бірақ оқыған Құрандары кеңірдектерінен аспайды. Оқтың садақтан шыққаны секілді діннен шығады да қайта оған оралмайды. Барлық адамдар мен хайуандардың ең жаманы осылар» (Муслим, Зәкат 158).

Әбу Бәкр ибн Әби Шайбадан жеткен риуаят бойынша, Сәл ибн Хунайяға: «Пайғамбардың (с.а.у.) харижиттер жайында айтып жатқанын естідің бе?» деп сұрағанда ол былай деді: «Иә, естідім, қолымен шығыс жақты көрсетіп тұрып: «Бір қауым шығады. Тілімен Құран оқығанымен оқыған Құрандары тамақтарынан ары аспайды. Олар оқтың тесіп өткеніндей діннен шығады» (Муслим, Зәкат 159).

Хазіреті Али былай деді: «Ей, жамағат! Мен Расулалланың былай дегенін естідім: Үмметімнен сондай бір қауым шығады. Құран оқитын болады, сендердің оқығандарың олардың жанында ештеңе емес. Намаздарың да олардың намаздарының жанында ештеңе емес. Оразаларың да олардың оразаларымен салыстырғанда еш мардымсыз қалады. Құран оқиды және оны өздері жайында айтылған деп ойлайды. Керісінше, олардың зияндарына болады. Исламнан оқтың ауды тесіп өткені секілді тез шығып кетеді» (Муслим, Зәкат 156).

Әбу Умама былай деп риуаят етеді: «Харижилер тозақтың иттері» (Муснәд, 5. 220, 221).

Әбу Саид әл-Худриден риуаят бойынша, бірде мен Пайғамбардың (с.а.у.) қасында отыр едім. Сол кезде ол олжадан түскен мүлікті бөліп жатқан. Бірден Зулхууайсира атты біреу келді де: «Әй, Алланың Елшісі! Олжаны әділдікпен бөл», – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сорың құрысын, мен әділ болмасам, кім әділ болмақ?» – деді де: «Егер мен пайғамбар бола тұра әділдік етпесем, онда зиянға ұшырағандардан болар едім», – деп сөзін аяқтады. Сонда Хазіреті Омар (р.а.): «Маған рұқсат берсеңіз, мынаның басын шауып тастайын», – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әй, Омар, тимей-ақ қой. Мұның кейбір жолдастары болады. Олардың оқыған намазы, ұстаған оразалары секілді құлшылықтарының көптігі соншалық өздеріңнің ораза мен намаздарың оның қасында аз болып қалады. Алайда оқыған Құрандары көмейлерінен аспайды. Садақтан оқтың ұшып шыққанындай Исламнан алыстайды. Олардың ішінде жүзі қара бір адам болады, оның бір қолында әйелдің омрауына ұқсас ісік бар. Ол ісік адам жүрегі секілді соғып тұрады. Бұлар адамдар бөлінген уақытта шығады».

Осы хадисті риуаят еткен Әбу Саид былай дейді: «Мен осыларды Пайғамбардан (с.а.у.) естігеніме куәлік етемін. Сол секілді тағы да куәлік етемін, Али ибн Әбу Талибпен бірге біз солармен соғыстық. Мен сол кезде Алидың қасында едім. Али әлгі сипатталған адамды әкелуді бұйырды. (Өліктер ішінен) оны тауып әкелді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай қара бір адам, қолында әйел омрауына ұқсас ісік бар еді» (Бухари, Муслим риуаяты).

0 пікір