Бастаңғы дегеніміз не?
Бастаңғы дегеніміз не?
10 жыл бұрын 17852

Бастаңғы — қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, бастаңғы жасайды.

“Қызға қырық үйден тыйым” деген берік қағиданы ұстанған қазақ қыздары, әдетте, мұндай басқосуға жеңгелерімен немесе іні-қарындастарымен бірге келетін болған. Кейде жиын қызықты өтуі үшін сал-сері бозбалалар да шақырылған. Бастаңғыға жиналған қыздар үйлерінен құрт-май, қант-шайларын өздері әкеліп, ортақ дастарқан жайған. Бастаңғының екі түрлі тәрбиелік мәні бар. Алғашқысы баласының үйде отырып томаға-тұйық болып қалмауына, елмен араласуына, замандастарымен жақын танысуына жол ашу; қонақ күте білуге баулу. Енді бірі — қызды қазан-аяқ ұстауға, дастарқан жасай білуге, т.б. үйрету. Сондықтан Бастаңғыны көбіне қызы бойжете бастаған үйлер жасаған. Бірақ бастаңғы рұқсатсыз, бақылаусыз өтпеген. Өйткені, “шешесі қыдырмашы болса, қызы бастаншыл болады” деген сөз бар. Басқосу барысында жастар әзіл-оспақ айтысып, ұлттық ойындар ойнап, ән салып, күй тартып, әр түрлі өнерлерін ортаға салған.

0 пікір