ХАДИСТЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ
ХАДИСТЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ
3 жыл бұрын 3408

Кейбір сахабалар хадистерді жаттаумен қатар өзіне жазып алатын. Алғашқы кезеңдерде Құран толық түсіп аяқталмай тұрғанда, Пайғамбарымыздың хадисті жазуға қатаң тыйым салғандығы белгілі. Бір хадисінде:  

«Менен естіген нәрсенің бәрін жазбаңдар. Кім менен Құранның тысында басқа сөздер жазған болса, оны жойсын. Менен естігендеріңді басқаларға ауызша жеткізуде тұрған еш нәрсе жоқ. Кімде-кім әдейі  менің атымнан жалған сөйлесе, жаһанамдағы орнына дайындалсын»[1] - деп ескерткен.

Алайда бұл үкім Пайғамбарлықтың алғашқы кезеңіне тән еді, өйткені ол кезде адамдардың хадистерді Құранмен шатастырып алу қаупі және қағаз тапшылығы да бар еді. Бұған қоса, кейбір сахабалар Құран жазылған парақтардағы аяттардың тұсына Пайғамбарымыздың түсіндірмелерін де жаза бастаған. Бұл да Құран мен хадистердің бір-біріне араласып кету қаупін күшейте түсті. Пайғамбарымыздың хадистердіжазуға қатаң тыйым салуының мәнісін осы тұрғыдан қараған дұрыс. Уақыт өте келе Құранды жатқа білетіндердің қатары көбейіп, Құран мен хадисті шатастырып алмайтындай жағдайға жеткенде, Пайғамбарымыз хадистерді жазуға рұқсат берді, тіпті кейде хадистердің жазылуын тікелей бұйырды. Осыған қатысты бернеше мысал бере кетейік.

- Ансарлық сахабалардың бірі кейбір хадистерді естігенін, бірақ көбіне ұмытып қала беретіндігін айтқанда, Пайғамбарымыз:  «Оң қолыңның көмегіне жүгін» деп жазуға ишарат еткен еді[2].

- Әйгілі сахабалардың бірі Рафи ибн Хадиж (ө.74/693): «Мен Пайғамбарымыздан: «Сізден көп  нәрсе естиміз. Бұларды жазсақ бола ма?» – деп сұрадым. Сонда ол: «Жазсаңдар болады», – деп жауап берді», – деген[3].

– Абдуллаһ ибн Амр ибн Асқа (қ. 63/682) Пайғамбарымыз: «Ілімді сақтаңдар» деді. Ол: «Ілімді қалай сақтау керек?» деп сұрағанда: «Жазу арқылы», – деп жауап қайырды[4].

– Абдуллаһ ибн Амр былай дейді: «Мен Пайғамбарымыздан естіген нәрселерді тегіс жазып, жаттап алуға тырысатынмын. Кейбір құрайыштықтар менің бұл ісіме бөгет жасағысы келіп: «Пайғамбар не айтса, соның бәрін тегіс жаза бересің бе? Ол да өзгелер секілді адам баласы ғой. Кейде ашуланып айтып жіберуі мүмкін емес пе?» – деді[5].

 Абдуллаһ ибн Амр бұл жағдайды Аллаһ елшісіне жеткізгенде, ол аузын нұсқап: «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаһ тағалаға ант етейін, бұл ауыздан хақ сөзден басқа нәрсе шықпайды»[6], – деген.

– Меккенің азат етілуі кезеңінде Аллаһ елшісі бірқатар шариғи әмірлермен қоса адам құқықтарын да қамтитын кең көлемді сөз сөйледі. Тыңдағандардың бірі Йемендік Әбу Шах атты кісі осы айтқандарын жазғызып беруін өтінгенде, Пайғамбарымыз сахабаларына: «Осы айтқандарымды Әбу Шахқа жазып беріңдер!» – деді[7].

– Әбу Һұрайра: «Сахабалар арасында Абдулаһ ибн Амрдың тысында менен көп хадис білетін адам жоқ еді, өйткені Абдуллаһ хадистерді жазатын, мен жазбайтынмын», – деген.  

– Ибн Аббас Пайғамбарымыздың (қайтыс болар алдында) сырқаты күшейген кезде «Бір парақ әкеліңдер, ұстансаңдар адаспайтын өсиет жаздырайын» дегенін жеткізеді[8]. Бұл – Пайғамбарымыздың өзі көзі тірісінде хадистердің жазылғанын қалағанын көрсетеді.

Аталмыш мәліметтер алғашқы кезеңде хадистердің жазылуына тыйым салынғанмен, кейінгі кезеңдерде рұқсат берілгендігін, тіпті Пайғамбарымыздың өзі хадистерді жазғызғандығына нақты дәлел саналады. Әзірет Омар, Али (р.а.), Абдуллаһ ибн Мәсғуд т.б. сияқты белгілі сахабалардың да әуел баста хадистерді жазуға қарсылық танытқаны белгілі. Алайда Құран кәрім кітап ретінде жинастырылып, сақталғаннан кейін олар да хадистің жазылуына рұқсат берді[9].

Тіпті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардың (р.а.) өзі хадистерді жазғызуға ниеттенген. Алайда адамдардың  көбі Құраннан гөрі хадиспен шұғылданып кетер деп, бұл ойларын іске асырмаған. Бұл да Пайғамбарымыздың хадистерді жазуға рұқсат бергенін көрсетеді. Негізінен, бастапқыда хадистердің жазылуына тыйым салған хадистер мен кейін рұқсат берілген хадистерді топтастырып, талдап саралаған кезде, ғалымдар мына пікірге келген: тыйым салған хадистер мен рұқсат берген хадистер жалпы үкім емес еді, өйткені тыйым салатын себеп пен жағдай туған кезде жазуға тыйым салынған, ал олар шешілген кезде рұқсат берілген.

Пайғамбарымыздың арнайы жаздырған хадистер

Енді Пайғамбарымыздың өзі арнайы жаздырған хадистеріне тоқтала кетейік. Ең алғаш жазылған хадистер Пайғамбарымыздың ілім үйренуге келген делегацияларға жаздырған нұсқаулары мен дипломатиялық хаттары Мәдинадан алшақ жерлерде тұратын кейбір ру-тайпалар Ислам дінін қабылдағаннан кейін Пайғамбарымыздан дінді үйреніп келуге арнайы кісілер жіберетін. Олар едәуір уақыт Мәдинада тұрақтап Құран оқуды және діни үкімдерді үйренетін.

Елге қайтарда олардың кейбіреулері өздері әрі руластары үшін кейбір нұсқаулар жазып беруін өтінетін. Пайғамбарымыз олардың өтінішін жерге тастамай, ең қажетті деген діни үкімдерді жаздырып беретін. Мысалы: Әбдүлқайс руынан Мұнқиз ибн Хаиян келіп Исламды қабылдайды. Еліне қайтатын кезде, Пайғамбарымыз оған кейбір нәрселер жаздырып, беріп жібереді. Алғашында ол мұны ешкімге көрсетпей жасырын сақтап жүрді. Кейін оның уағыздауымен қайын атасы мұсылмандықты қабылдаған соң, әлгі жазбаша мәліметтерді соған тапсырады. Қайын атасы бұл жазылғандарды руластарына оқыған кезде, олардың көпшілігі Ислам дінін қабылдады. Міне, осы әйгілі Әбдүлқайс делегациясының Пайғамбарымызға келуі осы оқиғадан кейін орын алған-ды. Бұл оқиғаға қатысты Бұхари мен Мүслимнің жинақтарында көбірек мәліметтер қамтылған[10].

Пайғамбарымыздың кезеңінде жалпы жұртқа аян болған бір жазбаша нұсқа бар. Ол –Аллаһ елшісінің Мәдинаға қоныс аударуының алғашқы жылдарында арнайы тағайындалған хатшыларына жаздырған бір мәтін. Онда мұһажир, ансар, мәдиналық арабтардың құқықтары мен яһудилермен жасалған келіссөздер қамтылған[11]. Бұл – өз кезегінде енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан Ислам мемлекетінің Ата заңы немесе келісімшартының тәуәтур (жалған айтуы мүмкін емес көпшілік қауымның жеткізген хабары) жолы арқылы жеткен бір нұсқа екендігінің айқын дәлелі. Пайғамбарымыз басқа да көптеген делегациялар үшін (Уәйл ибн Хужр (қ. 44/664 ж.), Ғамид Хасам, Сумәлә және Хұддан руларының және т.б. делегациясы) жазбаша нұсқаулар беріп отырған [12].

Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың Византия императоры, мысырлық Муқауқысқа, Хабашстан патшасы Нәжәшиге, Иран патшасына жолдаған хаттары да Ислам тарихында көпшілікке аян. Жалпы алғанда, Пайғамбарымыздың кез келген мақсатта жаздырған қандай да бір құжатын хадис пен сүннеттің шеңберінде қарастыру керек. Ибн Сағдтың «Табақат» атты кітабында және М.Хамидуллаһтың жоғарыда аты аталған «Мәжмуатул-уәсәиқис-сиясииә» атты кітабында осы тақырыпқа қатысты көптеген мәліметтер табуға болады. Бір мақаланың көлемінде бұлардың бәрін қамтып жату мүмкін болмағандықтан, осы мәселенің анық-қанығын сол кітаптарға табыстаймыз, өйткені оның арнайы зерттеуді талап ететіні сөзсіз.

Абдуллаһ ибн Омар (қ. 74/693 ж.) Пайғамбарымыздың садақа кітабын жаздырғанын және қайтыс боларының алдында оны қалалардағы әкімдерге жолдағанын, кейін Әбу Бәкірдің (р.а.) өмірінің соңына дейін осы үкімдер бойынша амал жасағанын, одан кейін халифа болған Омар (р.а.) да оның үкімдерін пайдаланып өткендігін айтып кеткен[13]... 

Сахабалардың хадис жазған нұсқалары

Кейбір сахабалар Пайғамбарымыздың берген жеке рұқсаты негізінде хадистерді жазғанын жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Хадис тарихына байланысты қайнар көз кітаптарда бұларға қатысты көптеген мәліметтер бар. Алайда бұл парақтарда нақты нелер жазылғаны жайлы толық әрі көлемді мәліметтер жоқ, өйткені кейбір сахабалар мен табиғиндер көзі тірісінде-ақ әлгіндей парақтарын сол кездегі жағдайдың ерекшелігіне байланысты жойып жіберген. Олар құжаттардың жаман пиғылды адамдардың қолына түсіп, басқаша мақсаттарда қолданбау үшін осылай жасаған[14]. Кейбіреулері қолдарындағы жазылған мәтіндерді өзі сенген адамдарына өсиет етіп қалдырған. Ал кейбір парақтар сол кездері орын алған өртке т.с.с. себептерге байланысты жоғалып кеткен. Сонымен қатар, сахабаларға тән жазбаша хадис нұсқаларының көбі Пайғамбарымыздың кезінде жазылып, өздері қайтыс болғаннан кейін балалары, немерелері немесе жақын туыстары арқылы басқаларға жеткізіліп отырған.  Абдуллаһ ибн Амр ибн Ас, Жәбир ибн Абдуллаһ, Әли ибн Әби Талибтің нұсқасы, Сәмура ибн Жүндуб, Әбу Һұрайра, Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар, Сағд ибн Үбәдә хадис тарихында өздеріне тән жазылған хадис нұсқалары болған сахабалар қатарында аталады.

Хәммәм ибн Мунәббихтің «Сахифәтус-сахиха» атты хадис жинағы

Табиғин кезеңіндегі танымал ғұлмалардың бірі Хәммәм ибн Мүнәббих (қ. 40-131 ж.) – хадис саласында ең көп хадис жеткізген сахаба Әбу Һұрайраның көзін көріп, содан хадистерді тікелей өзінен жазып алған кісі. Ол жазған хадистерін топтастырып, жасаған жинағын «Сахифәтус-сахиха» деп атаған. Бұл хадистер бізге Әбу Һұрайрадан алған күйінше сақталып жеткен. Профессор М. Хамидуллах бұл жинақтың екі нұсқасын Дамаск пен Берлин кітапханаларынан тапқан. Ахмад ибн Ханбәл өзінің «Мүснәд» атты еңбегінде осы хадистерді келтірген. Имам Бұхаридың да «Сахих» атты еңбегінде әртүрлі бөлімдерде Хәммәм ибнМүнәббихтің жинағынан хадистер келтірілген. Табылған қолжазба мен хадис жинақтарында келтірілген хадистердің бірдей болуы хадис жинақтарының сенімді түрде жеткендігін дәлелдей түседі. Хәммәм ибн Мүнәббихтің жинағы хадис тарихында үлкен жаңалық болды, өйткені бұл – хадистердің ерте кезден бастап-ақ жазыла бастағандығының айқын дәлелі.

Хадистерді жинастыру хижри екінші ғасырдың басында ғалымдар арасында кең тарағаны соншалықты – хадиске байланысты тасниф немесе жамиғ кітабы болмаған ғалымды көрсету мүмкін емес[15].

Хадистердің ресми түрде жинастырылуы

Табиғиндер Құран мен хадистерді таза күйінде сақтап, өмірлеріне өрнектей білген сахабалардың көзін көріп, тікелей солардың ілім бұлақтарынан сусындаған. Пайғамбарымыздың інжу-маржан хадистерін солардан үйренген. Табиғиндер кезеңінде де хадистер ауызша таралып, алдыңғы қатарлы ғалымдардың көбі хадистің жазбаша жинастырылуын құптамады. Ол кезде ғалымдар жазудан көрі ұстаздан ауызша үйрену жолы арқылы хадисті сақтау керек деген түсінікте еді, өйткені ауызша өзара талқылау барысында бір-бірінің қателерін түзетіп алу мүмкіндігі бар еді. Ғалымдар жазылған парақтарға ғана сүйену адамның есте сақтау қабілетін азайтып, амал етуден де алшақтатады дейтін, дегенмен заман талабына орай хадистерді жазу арқылы сақтағандардың да қатары көбейе түсті. Уақыт өткен сайын хадистер мен өзге де тарихи жайттарды жазуға деген қажеттілік күшейді. Нәтижеде, хижри бірінші ғасырдың соңында хадистердің жазылуына қарсы болған ешкім қалмады.

Хадистерді жинастыру (тәдуин) ресми түрде мемлекеттің шешімі арқылы тақуалығы әрі әділдігімен тарихта аты қалған Омар ибн Абдулазиз (қ. 99 немесе 101 һ.) кезінде басталды[16]. Ол ғұламалардың ортасында өсіп-жетілген және олардың ілім аясынан ешқашан жырақ қалмаған. Ол өзі хадистерді жазумен қатар ғалымдарды да осы іске жігерлендірген. Ақыр соңында, хадистердің ұмытылып, жоғалып кетуінен қорыққан Омар ибн Абдулазиз хадистердің жинастырылуына қатысты шешім қабылдады.

Сонымен қатар, сол кезеңдегі саяси әрі діни дүрдараздықтың күшеюі арқылы ойдан хадис шығарушылардың көбеюі де ғалымдардың осы істі қолға алуына түрткі болған себептердің бірі.

Бесінші халифа Омар ибн Абдулазиз жан-жаққа хаттар жолдап, хадистерді жинастыруға бұйрық берді. Бұйрық беріп қана қоймай сол жердегі жауапты кісілерге сүннеттің үйретілуі мен қайта жандануы үшін ғалым-білгір кісілерге қолдан келген көмектің көрсетілуін де шегелеп табыстап отырған[17]. Оның халифалық кезеңі қысқа болғанына қарамастан ол бүкіл күш-жігерін хадистердің жинастырылуына жұмсады.

Хадистерді жинау ісі табысталған кісілердің бірі өз ғасырының танымал ғұламасы және ғылыми ортада үлкен беделге ие Ибн Шихаб әз-Зухри (қ. 124 һ.) еді. Ол ғылымға ерекше берілген жас кезінен-ақ хадистер мен сахабалардан жеткен хабарларды хатқа түсіре бастаған. Ибн Шихаб әз-Зухри – Омар ибн Абдулазиз кезеңінде хадистерді жинағандардың алғашқыларының бірі.

Бесінші халифа оның осы еңбегінің жемісін көрген де еді. Ол әз-Зуһридің жинастырған хадистерін жазғызып, көбейтіп, жан-жаққа жібергізді[16]. Хадистердің жинастырылуында оның еңбегі орасан зор.

Осы ғылыми бастаманың арқасында арада көп өтпестен хижри екінші ғасырдың алғашқы жартысында хадиске байланысты ірі кітаптар жазыла бастады. Бұл кітаптар бір-біріне жақын кезеңдерде әртүрлі аймақтарда жазылды. Бір кездері хадистерді парақтар мен дәптерлерге жазған ғалымдар енді хадистерді тақырыптарына қарай реттестіріп жаза бастады. Бұлар жинастырылу ерекшеліктеріне қарай «мусаннаф», «жамиғ», «муснәд» т.б. деп атала бастады.

Ең алғаш мұндай кітапты кім жазғаны жайлы нақты мәлімет жоқ, дегенмен алғашқы хадис тарихына байланысты кітаптарда мына кісілер аталады:

  • Меккеде Әбдүлмәлик ибн Абдулазиз ибн Жүрәйж әл-Басри (қ.150 Һ.),
  • Мәдинада Мәлик ибн Әнәс (93-179 һ.) немесе Мұхаммед ибн Исхақ (қ.151 һ.), Мұхаммед ибн Абдуррахман ибн Әби Зибб (80-158 һ.) имам Мәликтің «Муатта» атты жинағынан да көлемді «Муатта» жинағын жасаған.
  • Басрада Рәби ибн Сәбих (қ. 160 һ.) немесе Саид ибн Әби Арубә (қ. 156 һ.),
  • Куфада Суфиан әс-Сәури (97-161 һ.), Йеменда Мамер ибн Рәшид (95-153 һ.),
  •  Шамда Имам Абдуррахман ибн Амр әл-Әузәи (88-157 һ.) т.б[18].

Бұл жинақтардың көбісі Мәлик ибн Әнәстің «Муатта» атты жинағы тәрізді хадистермен қатар сахабалар мен табиғиндердің де пәтуаларын қамтыған. Оның жинағында үш мың мәселе мен жеті жүз хадис жинақталған[19].

Содан кейінгі кезеңдерде кейбір ғалымдар тек Пайғамбарымыздың хадистерін ғана қамтыған «Мүснәд» деп аталатын жинақтар жаза бастады. Ең алғашқы мүснәд кітабын Әбу Дәуіт Сүлейман ибн Жәруд әт-Тәиәлиси (133-204 һ.) жинақтаған. Әсәд ибн Муса әл-Әмәуи (қ. 212 һ.), Ұбайдуллаһ ибн Муса әл-Абси (қ. 213 һ.), Мусәддәд ибн Басри (қ. 228 һ.), Ахмәд ибн Ханбәл (164-241 һ.), Исхақ ибн Рахуиә (161-238 һ.) және т.б. сынды әтбағут-табиғин және одан кейін келген буынның ғұламалары да кітаптарын осы тәсілмен жазған. Одан кейігі кезеңдерде барып танымал кутубус-ситтә (Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мажә) жинастырыла бастады.

Сөз түйіні, сахабалар мен олардан кейін келген табиғиндер хадистерді риуаят етуге ерекше жауапкершілікпен қараған, өйткені хадисті көздің қарашығындай сақтау дінді сақтаумен бара-бар болып табылатын. Ғалымдар хадистерді иснадтарымен (хадистерді жеткізушілердің тізбегі) қоса жазып, ойдан шығарылған хадистердің бәрін сұрыптап, електен өткізіп барып кітаптарына енгізген. Олар қазіргі кездің өзінде сирек кездесетін талғампаздық арқылы хадистердің сенімді дұрыстарынан әлсіздерін ажыратып, үлкен қажыр-қайрат жұмсап, хадистерді сақтауға үлес қосқан[20].

Алау Әділбаев, Шәмшат Әділбаева,
«Шапағат шамшырағы Әз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)». (Ықшамдап алынды).
 


[1] Муслим, Зүһд, 72
[2] Тирмизи, Илм, 12
[3] Рамахурмузи, әл-Мухаддисуль-фасыл, 369; Суюти, Тәдрибур- рауи, Бейрут, 1979, 2-т., 66-б. Осыған ұқсас басқа да хадистер үшін қараңыз: Дарими, Муқаддима, 43.
[4] Хаким, Мустәдрәк, 1-т., 106-б., Ибн Әбдилбәрр, Жамиу бәйянил-илм, 1, 73
[5] Әбу Даууд,Илм, 3
[6] Әбу Даууд, Илм, 3; Хаким, Мустәдрәк, 1-т., 105-106
[7] Бұхари, Илм, 39
[8] Фәтхул-бәри , 1-т., 218-б.; Сахиху Имам Муслим, 3-т., 1257, 1259 (Хатиб).
[9] А. әл-Хатиб, әс-Сунна қабләт-тәдуин , (ауд. М. Айдемир), Стамбул, 2005, 302-б.
[10] Бұхари, Иман, 40 , Илм, 25; Мүслим, Иман, 23-28;
[11] Сирәту ибниХишәм, 2-т., 119-б.; әл-Әмуәл, 202; Мәжмуатул-уәсәиқис-сиясииә, 15-б.
[12] Осман ат-Таки, 106-109-б Садақа кітабы: Пайғамбарымыз зекетке жататын дүние-мүліктерден алынатын зекеттің мөлшеріне қатысты діни үкімдерді қамтитын құжаттар жаздырған. Бұл құжат «Китабус-садақа» деп аталды.
[13] Садақа кітабы. Оны қазіргі кітап сияқты алуға болмайды. Ол жекелеген үкімдерді қамтыған қысқаша құжаттар. 
[14] А. Хатиб, 321; Тақиидул-илм, 59-63; Тәзкирәтул-хуффаз, 1-т, 5-б. т.б. Сонымен қатар Омар ибн Хаттабта болған ахит пен мисақ жазба нұсқаларының бір сандықтай бар екенін, кейіннен олардың Жәмәжим жылында (82 һ.) өрт кезінде жанып кеткені, қалғандарының Татар шапқыншылығы кезінде жоғалып  кеткендігі айтылады. Сонымен қатар кейбір кітаптар хижраның тоғызыншы ғасырына дейін сақталған.
[15] Ғалымдардың аттары мен еңбектері жайлы кең мәлімет үшін қараңыз: А. Хатиб, 333-336-б., Т. Кочигит, хадис тарихы, 199-214-б.
[16] Омар ибн Әбдүлазиз өнегелі өмірі және жасаған қызметтері арқылы Ислам тарихында аты алтын әріптермен жазылып, бесінші халифа деген атқа ие болған. 
[16] әл-Мухаддисул-фасыл, 153-б.
[17] Жамиул-бәйән
[18] әл-Мухаддисул-фасыл, 155-б.
[19]
[20] А. әл-Хатиб, 317-б.

0 пікір