Хадис деп келген сөздердің бәрі хадис па?
Хадис деп келген сөздердің бәрі хадис па?
8 жыл бұрын 4645
Алдаберген Үсен

Бүгінгі күні әлеуметтік желілерге жұрттың көп кіретіні белгілі. Үлкен де, кіші де, жас та, жасамыс та қолындағы телефонына шұқшиып я жаңалықтарды дереу интернеттен қарауға әуес. Әлеуметтік желілерде қазіргі күні твитерден твитерге, уатс ап желісінде «хадис» деп әр түрлі сөздер таратылып жатады. Шын мәнісінде дерек көзі белгісіз осындай сөздерге сену қаншалықты жөн деген сауал туындайды.

Әлеуметтік желілер (Facebook, Twitter, Instagram) өмірімізге барған сайын дендеп кіріп барады. Әлемде өзекті дін мәселесі әлеуметтік желіде де сырт қалмаған. Дегенмен твиттен твитке, уатс ап желісімен келіп жататын хадис деген сөздер расында хадис па, сенімділігі қаншалықты деген сауал кейде мазалайтыны рас. Өте-мөте хадис деп өзгелер жіберетін сөздердің хадис ілімі тұрғысынан дұрыстығы, деректік негізі және тәсілі мәселе туындатады. Ол келген сөздерді хадис деп қабылдаған жағдайда бұлармен амал ету мәселесі алға шығады. Осы тұрғыда «Әлеуметтік желілерде тарап жатқан хадис шәріптер немесе астына хазірет Мұхаммед (с.а.у.) деп жазылып келетін сөздерге қаншалықты сеніммен қарауға болады. Хадистің сахих болып-болмағанын қалай анықтауға болады» деген сауалдарға жауап іздедік.

Дін мамандары әлеуметтік желілерде хадистердің астарында берілген дерек көздерінің хадистің сахихтығын анықтау үшін маңызды дәлел бола алатынын айтады. Яғни, дереккөзі көрсетілмей, кім риуаят еткені белгісіз сөздерді хадис деп айту қиындық тудырады. Хадистің дереккөзі аталмаса, оқырманның көкейіне күдік ұялауы заңды. Әлеуметтік желімен келген әр сөздің астында хадис деп жазылуы не хазірет Мұхаммед (с.а.у.) деп жазылуы оның хадис екенін, расымен пайғамбарымыздың айтқанын көрсетпейді. Пайғамбарымыздың әр айтқан сөзі бағалы екені, жұртшылыққа тура жол көрсететіні күмәнсіз. Дегенмен ол сөздер қайдан алынғанын қоса көрсету де маңызды.

Дін мамандары ұялы телефонға келген немесе қандай да бір ортада айтылған хадистердің дереккөзі көрсетілумен қатар соны риуаят еткен сахабаның аты да көрсетілуі керектігін білдіруде. Сонда ол хадиске деген сенімділік күшейе түседі.

 

Дереккөзі көрсетілмеген хадиспен амал етуге бола ма?

Белгілі бір құжаттық негізге сүйенбейтін, дереккөзі белгісіз хадистерді басқалармен бөлісумен қатар, біле тұра не білмей әркімнен естіген хадистермен амал етуге болып-болмайтындығы да өз алдына бір мәселе. Дін мамандары бұл жағдайға қатысты «Өзің білмейтін істің соңына түспе, өйткені көз, құлақ және жүрек бәрі де жауапты, міндетті түрде есепке тартылады» (Исра, 17/36) деген аятты еске салады. Анық емес бұлыңғыр, дерегі, басы мен соңы белгісіз нәрселермен айналысудың дінге сай еместігіне назар аударады. Осы себепті анағұрлым анық, дереккөзі белгілі мәліметтерді ғана алып, басқаларға да сенімді мәліметтер жеткізу керектігін айтады. Сонда ғана адамдардың бізден естіген қате мәліметтермен амал етуінің алдын аламыз. Неге десеңіз, Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз риуаят еткендей «Адамға өтірік ретінде әр естігенін айтуы жеткілікті» (Mүслим).

 

Хадистің сахих болып-болмағанын қалай білеміз?

- Әлеуметтік желі арқылы басқаларға жіберген хадистің бүгінгі күнге дейін жеткен ең көне әрі сахих хадистер жинағы болып табылатын «Кутуби ситта» (ірі алты хадис жинағы) деп аталатын хадис жинақтарының бірінде қамтылғандығына міндетті түрде қарау керек.

- Кутуби ситта; Бұхари мен Мүслимнің әл-Жамиус-Сахихтерімен, Әбу Дәуіт, Tирмизи, Нәсаи мен Ибн Мажәнің «Сүнәндерінен» жинақталған. 

- Бұл еңбектері жоқ адамдар сол еңбектер жинақталған электронды дереккөздерінен хадистерді анықтай алады.

- Тек дереккөрсету жеткілікті емес, кімнің риуаят еткеніне де қарау артық етпейді. Неге десеңіз, Құран аяттары түскен сайын оларды уахи жазармандарына тікелей жаздырған Пайғамбарымыз (с.а.у.) алғашқыда өз хадистерінің жазылуына тыйым салып, бірақ хадистерді бір-бірлеріне риуаят етуге рұқсат еткен. Бұл тыйымның себептері ретінде сахабаның Құран мен хадистерді бір-бірімен шатастыру қаупі, Араб жазуының әлі жетілмегені, оқып-жаза алатындардың аздығы, жазу құралдарының тапшылығын атауға болады.

- Ұялы телефонға келген хадистің әдісіне міндетті түрде көңіл бөлген жөн. Хадис шәріптер негізі тұрғысынан көп мағынаны тұжырымдап ұсынатын, баурап алатын қасиетке ие. Мән, мазмұн, мағына жағынан сәл күмән тудырса, оның дұрыстығын тексерген жөн.

- Нақты көз жеткізбеген, дереккөзі көрсетілмеген хадистер немесе хадис екені белгісіз сөздерді ешқашан басқаларға әлеуметтік желілер арқылы таратпаған дұрыс. Олай келген сөздермен амал жасау міндетті емес.

1 пікір
  • Алдаберген аға! Алла разы болсын сізге. Осындай мәтіндегі зерттеу жұмыстарыңыз көп болғай. Халыққа ілімнің тек сыртын емес, негізін (усулін) үйретуіміз керек. Бұрын қарапайым халық бастарын бұндай мәселеде қатырмайтын. Бірақ, қазір екі-үш кітап оқып алып, бәрі шетінен "муджтаһид мутлақ". Пәтуә беруге құмар. Бәрі де қазір ғылымның қайнар бұлақтарына кіріп, қызығып, білгілері келеді. Осы мәселеде, осы тақырыптағы мақалалар оларға да, өзімізге де "тұздық" болар.
    8 жыл бұрын