Ғұсыл деген, шариғатта көрсетілген белгілі жағдайлардан кейін шомылу рәсімі. Ғұсыл құйынуды керек еттірер, басқаша айтқанда ғұсылды бұзатын жағдайлар төмендегідей:
1) Мәнидің (шәует, ұрықтың) ләззәтпен шығуы. Мысалы, ұйқыда түс көріп шәует бөлінуі немесе әйел затына қарағаннан, ойлағаннан, яки, онанизммен айналысқаннан кейінгі шәуәттің шығуы. Осы тұрғыда «ләззәтпен шығуы» дедік, өйткені ләззәтсіз шыққан шәуәт ғұсылды бұзбайды, мысалы ауыр көтергеннен бөлінген мәни осыған мысал. Сондай-ақ, мәнидің сыртқа шыққан болуы да маңызды, мәни шықпаса ғұсыл бұзылмайды[1].
2) Төсек қатынасы. Ерлі-зайыптылардың төсек қатынасына түсулері де ғұсылды керек еттірер басты жағдайлар қатарынан. Бұл жағдайда «ұрықтың шығуы» шарт емес, ұлы сөздің ұяттығы жоқ, еркектік жыныс мүшесінің үрпісі әйелдің мүшесіне енсе болғаны, ғұсыл бұзылады, шомылу керек.
3) Ұйқыдан оянғаннан кейін шәуеттің бөлінгенін көруі. Ұйқыдан оянған кісі ұрықтың (сперма) бөлінгенін байқаса, ғұсыл құйынуы керек болады, тіпті түс көргендігі ойында болмаса да және ләззәттықты сезінбесе де. Мұны «ихтиләм» дейді. Алайда, көрінген дымқылдық «мәни» (сперма) екендігі, не, «мәзи» (смегма) екендігі белгісіз болып тұрса, әрі, түс көргендігі де есінде болмаса, Әбу Ханифа бойынша ғұсыл алғаны абзал, ал, Имам Әбу Юсуф ондай жағдайда ғұсыл алмаса болады дейді, өйткені мәни екендігі нақты емес[2]. Ояу уақытында бөлінетін "мәзилер" ғұсылды бұзбайды, бірақ дәретті бұзады.
4 Талып қалған кісінің айыққаннан кейін мәни шыққанын көруі.
5) Хайыз (етеккір) тоқтағаннан кейін. Әйелдерде келетін хайыз ғұсылды бұзады. Әйел кісілер хайызы тоқтағаннан соң ғұсыл алуы керек.
6) Нифастан кейін. Босанғаннан кейін келетін қанды «нифас» деп атайды. Нифас қаны тоқтаған әйел кісілер жуынып, ғұсыл алады[3].
7) Адам қайтыс болғаннан кейін. Адам қайтыс болғаннан кейін оның денесін жуу парыз, жуып барып кебінделуі керек. Бұл соңғысы "жаназа" тақырыбына қатысты болса да, кейбір кітап авторлары адамның қайтыс болу жағдайын да "ғұсыл" керек еттірер жағдайлар тақырыбында айтып өткен. Осы тұрғыда, мәйітті жуындырған кісі ғұсылын жаңалауы керек пе, деген де сауал ойға оралады, мәйітті жуған кісі ғұсылын жаңаламайды, мәйітті жуғаны үшін ғұсылы бұзылмайды, бұған қатысты толығырақ 288 нөмерлі жауабымызды оқысаңыздар болады (нөмердің үстін басыңыз).
А. Қасым.
[1] Имам Шүрунбүләли: «Имдәд». 94 бет.
[2] Әс-Суғди: «ән-Нутәфу филь Фәтәуә»
[3] Имам Шүрунбүләли: «Имдәд». 96 бет.