Дұрыс тамақтану қағидасын білесіз бе?
Дұрыс тамақтану қағидасын білесіз бе?
6 жыл бұрын 4798 baribar.kz
Айзада Жайыққызы

Ас – адамның арқауы. Қаншалықты дұрыс тамақтансақ, денсаулығымыз соншалықты мықты болмақ. Дұрыс тамақтану қағидасын денсаулығына алаңдайтын әрбір адам білгені дұрыс. 

1. Тамақ құрамында негізгі қоректік заттардың болуы (ақуыз, май, көмірсу);

2. Тамақ рационында қосымша заттардың болуы (дәрумендер мен микроэлементтер);

3. Тамақ нәрлігі адам жасына, денсаулық күйіне, табиғат климатына байланысты;

4. Тәулік бойынша тамақтану тәртібінің мөлшерін сақтау;

5. Тамақтанудың санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуы.

Тамақтану ережесін сақтау үшін…

Күндізгі тамақтану адамның қанша күш жұмсайтынына байланысты болуы керек.

  • Бір стақан суды əрбір тамақтану алдында ішу. Судың күндік мөлшері 1,5-2 л (мұның ішіне қалауыңызға қарай қантсыз көк шайды қосуға болады).  Су аштық сезімін қадағалап, зат алмасуды ретке келтіреді. Қажетті мөлшерде су ішіп жүру арықтауға өз септігін тигізеді. Күніне 1,5 литр су ішу сіз үшін тұрақты ереже болсын. Бұл мөлшерге шай мен түрлі шырындарды қоспаңыз. Адамның денесінің 55-70 пайызы судан тұратынын есептесек, ол барлық алмасу, қышқылдану, термо реттеу және басқа да процестерге қатысады. Физикалық жаттығулар, ыстық кезде немесе ауырғанда адам ағзасына одан да көп су қажет.

  • Зиянды/калориясы көп тағамды түскі сағат 12-ге дейін жеуге болады.

  • Рациондағы барлық гарнир түрін көкөніске алмастыру қажет.

  • Тамақты 2,5-3 сағат сайын аз ғана бөліктен жеп тұрыңыз.

  • Спорттық жаттығулар (тренажерлық зал, кардиожаттығулар, жаяу жүру, баспалдақпен бірнеше рет көтерілу/түсу).

  • Егер жұмыстың басым бөлігі түске дейінгі мерзімге түссе, таңғы ас пен түскі асқа баса мән беріңіз. Ақуызы көп тағамдар зат алмасу үрдісін жүргізетін мүшелердің қызметін күшейтеді.

  • Ұйқы кезінде ас ақырын қорытылады, сондықтан ұйықтар алдында тойып тамақтанбау керек. Ұйқыға жатардан үш-төрт сағат бұрын тамақтанған дұрыс.

  • Тәбет (ашығуды сезіну) – сау ағзаның белгісі. Бұл жерде жүйке жүйесі маңызды рөл атқарады.

  • Таза, жылы бөлмеде әдемі әзірленген тағам тәбетті ашса, лас, тұрып қалған ас-ауқат тәбетті жауып қана қоймай, ағзаға белгілі мөлшерде зиянын тигізеді.

Сіз қай топқа жатасыз?

Тамақтану туралы ғылым мамандыққа қарай тамақтану тұрғысында адамдарды мынадай топқа бөледі:

1 топ. Еңбегі аса көп физикалық күшті қажет етпейтін жұмыскерлер, яғни, миға үлкен күш түсіретін қызметтермен айналысып, жұмысты бір орында отырып жасайтын қызметкерлер.

2 топ. Халыққа қызмет көрсетумен айналысатын жұмыстары аса үлкен физикалық күшті талап етпейтін қызметкерлер: байланыс саласының қызметкерлері, тігіншілер, саудагерлер т.б.

3 топ. Физикалық күшті барынша көп талап ететін жұмыстағы қызметкерлер: үй жөндеумен айналысатын қызметкерлер, қоғамдық көлік жүргізушілері, кір жуу қызметкерлері т.б.

4 топ. Үлкен физикалық күшті қажет қылатын жұмыскерлер: құрылыс жұмысшылары, шахтерлер т.б.

Ағзада маңызды рөлді минералды заттар атқаратыны белгілі. Бір элементтің ағзада біраз уақыт жетіспеушілігі ауру тудырады. Сондықтан үнемі бір тағаммен ауқаттанбай, мүмкіндігінше түрлі тағамдар жеген дұрыс. Ал мұның бәрі керісінше болса, адам авитаминозға шалдығады.

Қандай ереже ұстану керек?

1. Өлшемділік ережесі. Адам күніне 3-4 рет ас қабылдау керек. Әрбір қабылдау барысында астың мөлшері 2 алақанды қосқандағы уыс көлеміне тең болуы тиіс. Сонда қабылдаған ас асқазанның 3/4 бөлігін ғана толтырады. Асқазандағы астың дұрыс араласуына және ас қорыту сөлімен әрекеттесуі үшін, бұл ережені қатаң түрде сақтау қажет.

2. Астың негізгі мөлшерін қабылдау негізі 12.00-14.00 аралығына сәйкес келуі тиіс. Бұл кезде бауырдың белсенділігі жоғары болады. Сондықтан қуатты, майлы астар тәуліктің осы кезінде қабылдануы тиіс.

3. Суық кезде жеміс пен көкөністерді қолдануды шектеу керек. Суық мезгілдерде піспеген затты жеу салқын тиюге, ісіктің пайда болуына, ас қорыту мәселелерінің туындауына алып келеді. Себебі, жемістер мен көкөністер қасиеті бойынша салқын заттар қатарына жатады. Оларды жиі қабылдау ішкі жылылықты төмендетеді және организмдегі барлық үдерістерді баяулатады.

4. Жаңа пісірілген тағамды жеу. Ұзақ сақталған тағамдарда улы заттар мен салқындық қасиет жиналады. Ал, етке бұл қасиет тән емес, суықта сақтаған сайын жылылық қасиеті арта түседі.

5. Тамақты мұздай немесе ыстық күйде пайдалануға жол бермеу керек. Астың жоғары немесе төмен температурада болуы асқазан сөліне зиян келтіреді. Ыстық күнде біз үй бөлмесінің температурасындағыдай суды ішуіміз керек. Егер мұздай суды пайдалансақ, оны жылыту үшін организм көбірек энергия жұмсайды, одан кейін су асқазан сөліне араласады.

6. Тағам қабылдау барысында сұйықтық ішуге болмайды, ішкен жағдайда ас қорыту сөлінің шоғырлануы азайып, асқазанның ас қорытуы төмендейді.

7. Ас тез қорытылу үшін бірінші қою тағамды жеп, 20-30 минуттан кейін сұйық тағамды ішкен дұрыс. Егер керісінше тамақтанса, онда тамақты қорытатын ферменттердің шоғырлануы төмендеп, ет, ботқа, жеміс тағамдары қорытылмай қалады.

8. Асты қабылдаудан 20-30 минут бұрын бал, тұз немесе лимон шырыны қосылған бір құты ыстық су ішу қажет. Аталған барлық қоспалар ас қорыту жүйесін жақсартып, асқазанды кілегейлерден тазартып, асты қорытуға дайындайды.

9. Асты жануарлар майымен ғана әзірлеу. Ең жақсысы – ерітілген сары май. Сары майды қыздырған кезде улы заттар пайда болмайды, бұл оның көптеген өсімдіктер майынан айырмащылығын көрсетеді. Қыздырылған сары майдың шектеулі мөлшерін кез келген жастағы адамға, кез келген науқасқа қабылдауға болады.

Егер біз дұрыс тамақтанатын болсақ, онда еске ұстау қабілетіміз артып, денеміз сауығып, көңіл-күйіміз кетеріле түсетіні сөзсіз. Кез келген аурудың алдын алатынымыз анық.

0 пікір