«Даналық үйі». Қазіргі ғылым мен ІХ-ғасырдағы Бағдат арасындағы байланыс
«Даналық үйі». Қазіргі ғылым мен ІХ-ғасырдағы Бағдат арасындағы байланыс
5 күн бұрын 1218

Соңғы екі онжылдықта аспанынан қара бұлт кетпей қойған Бағдат (Ирак) қаласы кезінде әлемдегі ең бай, ең гүлденген және өз заманындағы ғылыми жетістіктерге толы қалалардың бірі болған еді.

Еуропа 5-14 ғасырлар арасында қараңғылық кезеңін бастан өткеріп жатқанда, 8 ғасырда Бағдадта құрылған «Даналық үйі» (بيت الحكمة\Байт әл-Хикма) ғылыми орталығының арқасында ислам әлемі тамаша әлеуметтік-мәдени өркендеудің куәсі болды. 

Барлығы 750 жылы Омеяд халифатының орнына Аббасидтер халифатының келуімен басталды. Аббаси халифатының Омейядтықтардан ең айқын айырмашылығы - мемлекеттік басқару мен мәдениет дағдыларында болды. Аббасидтер территорияларды кеңейтуге ғана маңыз аударып қоймай, мемлекет төңірегінде мәдени мекемелер құруға басымдық берді. Аббасидтер өздерінің жоспарының бір бөлігі ретінде мәдени орталықтар мен қалалар сала бастады. Сондай жоспардың бірі - заманында мәдени дамудың символы ретінде саналған Бағдат қаласы да бар еді. 756 жылы Бағдат қаласын тұрғызды.

Бағдат қаласын құрған кезде ежелгі Парсы империясын үлгі ретінде пайдаланылғаны айтылады. Осы үлгіде Аббасидтер Бағдадта әкімшілік мекемелер құра бастады. Сондай мекеменің бірі «Хизанат әл-Хикма, яғни «Даналық кітапханасы» болды. Бұл кейіннен халифа Харун ар-Рашид тарапынан үлкен кітапхана салуға итермелейтін алғашқы қадам еді. Алғашқыда «Даналық кітапханасы» Харун ар-Рашидтің әкесі мен атасы жинаған бірнеше тілде жазылған әртүрлі тақырыптардағы қолжазбалар мен кітаптарды қамтыды. 

Одан кейінгі кезеңде інісін тақтан тайдырып, Аббасид халифасы атанған Харун ар-Рашидтің ұлы әл-Мамун Бағдадқа келісімен, «Даналық кітапханасын» дамытып, «Даналық үйіне» айналдырды. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен көрнекті ғалымдар мен ағартушы зиялылар жиналды. Онда әртүрлі конфессияларға жататын әлемдік интеллектуалдары келіп, өздерінің білімдерін жетілдіре алды.

Халифа Әл-Мамун нағыз зиялы, ынталы және ғылымға құмар жан еді. Ол Ислам тарихын зерттеп, Құранды жатқа білді. Араб грамматикасын жетік меңгерді. Ол, сондай-ақ арабша «кәләм» деген атпен белгілі өз дәуірінің философиясы мен теологиясының көкжиегінде жарық жұлдыз болды.

әл-Мамун - басқа мәдениеттерге, діндер мен сенімдерге ашық болуға ұмтылды. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдарды Бағдадқа шақырды. 

Соның нәтижесінде «Даналық үйі» космополиттік рух жетелеген интеллектуалдық өмірдің үлкен орталығына айналды. Бұнда Грециядан, Парсыдан және Үндістаннан ғылыми қолжазбалар мен мәтіндер әкелінді және олар араб тіліне аударылды. Соның арқасында белгілі білім жиынтығының әлемде бұрын-соңды болмаған деңгейде өсуіне әкелді. Осылайша, ғылым, теология және философия туралы ортақ түсінік пайда болды. Бұл өз кезегінде «Даналық үйін» жай кітапхана ғана емес, әлемнің нағыз интеллектуалдық қазынасына айналдырды. 

Халифа Әл-Мамун 68 адамнан тұратын Халықаралық ғылыми топ құрды. Топқа өз заманының ең ұлы ойшылдары мен білгірлері кірді. Комиссия нақты өлшеулер мен зерттеулер және эксперименттер жүргізді, соның нәтижесінде табысты ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы, Даналық үйінің ғалымдары Жер планетасының экваторлық белдеуінің ұзындығы өлшеп шығарған болатын. Олардың шығарған өлшемі- қазіргі ғылымның анықтаған өлшемнен 500 метр ғана айырмашылығы бар. Ғаламшарлар мен жұлдыздардың астрологиялық зерттеулері де сол кездегі «Даналық үйіндегі» ғалымдардың басты нысанасына айналды. 

«Алгебраның атасы» әл-Хорезми әл-Мамун құрған ғылыми топтың құрамында болды. Әл-Хорезми қаржылық есептердің қарапайым әдістерін табуды іздеді. Осы күш-жігердің нәтижесінде әл-Хорезми жүздеген формулалар жасады, бұл оның «алгебраның» негізін қалаушы ретінде танымал болуына жол ашты.

Және де философ ғалым Әл-Кинди Құдайдың бар екендігін дәлелдейтін космологиялық дәлелдерді ашса, ағайынды Бану Мұса-Мұсаның балалары (миләди 850—870 жылдары) механика саласында жаңашыл өнертабыстар ойлап тапты. Сонымен қатар, Жабир ибн Хайян (миләди 721-815 ж.) қазіргі химияның негізін қалады, кейінірек бірнеше ғасырдан соң көрнекті ғалымның еңбектері, неміс тарихшысы Макс Мейергофтың да айтқаныдай, Еуропада химияның дамуының қайнар көзі болды.

Батыста «Гебер» деген атпен танымал Жабир ибн Хайян (миләди 721-815 ж.) қазіргі әлемде әлі де қолданылып жүрген дистилляция, кристалдану, булану және сублимация сияқты әдістер мен ғылыми процестерді ойлап тапқан мұсылман ғалым.

Осы сияқты қызықты өнертабыстар мен ғылыми жетістіктердің көп болғаны сонша, олардың бәрін санап отыру мүмкін емес. Сол «Даналық үйі» - Бағдадқа теңдесі жоқ ғылым бекінісі болуына мүмкіндік берді.

Алайда Бағдаттың даңқы 13 ғасырдың ортасында моңғол шапқыншылығының кесірінен аяқталды. Моңғол шапқындығы барысында Бағдат қаласы алынып, қаланың ғылыми орталығы - «Даналық үйі» қиратылды, мыңдаған құнды кітаптар өртеліп, өзенге ағызылды.

Әйтсе де, қазіргі көптеген ғалымдар мен тарихшылардың пікірінше, Бағдаттың ықпалы қазіргі әлемде әлі де сезілуде және оның мұрасы ғылымның әртүрлі салаларында адамзатқа баға жетпес пайда әкелуде.

Дереккөз: Исламосфера
Орыс тілінен аударған: islam.kz

 

0 пікір