Аузы берік адамға істелуі мәкруһ болатын жағдайлар
Аузы берік адамға істелуі мәкруһ болатын жағдайлар
4 жыл бұрын 48499

Оразаның мәкруһтері дегеніміз, істеген кісінің оразасы бұзылмағанымен, ораза кезінде жасалуы ұнамсыз болған істерді білдіреді. Олар төмендегінше:

1) Оразада боқтау. Ораза ұстаушы кісі барынша тіліне ие болып, боғауыз сөз сөйлемеуге тырысу керек. Боқтап қойған кісінің оразасы бұзылмағанымен, оразасының сауабы кемиді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай деген: «Кімде-кім оразада жаман сөзден, жаман, надандық іс істеуден тыйылмаса, Алла Тағала оның ішіп-жеуден тыйылуына мұқтаж емес».  ("Сахих Бұхари").

2) Оразада жанжалдасу. Аузы берік кісі ұрыс, жанжалдан ұзақ тұрғаны жөн. Бұл да оразаны бұзбағанымен оразаның сауабын кемітетін тірліктерге жатады. Егеряки, әлдебіреу ұрысқа тартып, оны ашуландырғысы келсе "мен оразамын" деп, қоя салғаны жақсы. «Сендерден кімде-кім ауызы берік күйінше таң атырса (яғни, ауыз бекітсе), балағат сөз айтпасын. Надандық істер істемесін (ұрыс-керіс, айқай-шу т.б.). Егеряки, әлдебіреу онымен жаңжалдасып, төбелескісі келсе: «мен оразамын, мен оразамын» десін» делінеді хадисте. 

3) Ғайбат айту. Ғайбатты тыңдау. Ғайбат айтып, өсек жаю, біреуді жамандау оразаның сауабын азайтып, құнын қашыратын тірліктер қатарынан. Сол сияқты айтылған ғайбатты тыңдау да мәкруһ. Ендеше, ғайбат айтудан ұзақ тұрып, ғайбат айтылып жатқан ортада отырмаған жөн.

3) Аузы берік адамның суға малынған мисуакпен (пастасыз ағаштың тамырынан жасалған тіс тазалағыш) тісін тазалауы Имам Әбу Юусуф бойынша, мәкруһ. Дегенмен, өзге ғалымдар азанда, тіпті түске қарай да құрғамаған мисуакты және құрғаған мисуакты қолдана беруге болады деген. (Имам Шәфиғидің пікірінше, зәуәл уақытынан кейін мисуак қолдану мәкруһ).

4) Аузы берік сәтте үлкен дәреттен кейін «іш дәрет» алғанда, яғни астын жуарда тым асыра сілтеу мәкруһ болады (мысалы, шамадан тыс су қолдану сияқты т.б.).

  • Сондай-ақ, дәрет аларда ауыз бен мұрынды шаяр кезде орта жолды ұстанған жақсы. Мысалы, ауызға суды толтырып алып ұзақ тұрмағаны жөн. Жұтылып кету ықтималдығы бар. Мұрынды шаярда да мұрынға суды қатты тартпаған дұрыс, және де жұтылып кету қауіпі болғандықтан, ауыз берік сәтте тамақ шаймаған жақсы.

5) Аузы берік кезде пісіріп жатқан тамағының тұзын байқап көру мәкруһ (жұтса оразасы бұзылады). Жұтпай дәмін байқау оразаны бұзбаса да мәкруһ үкімін тудырады. Осы орайда, күйеунің мінезі жаман болып, ұрыс шығуы мүмкін болса, әйел кісі тамақ пісіріп жатып тамақтың тұзын, дәмін жұтпай байқап көруіне болады. Ал, мінезі жақсы болса, тамақтың дәмін көруге болмайды, жұтпай болса да.

6) Сондай-ақ, аузы берік кезде балаға тамақ шайнап беру мәкруһ, бірақ бала өздігінен жей алмайтын болса, әрі ол үшін өзге тамақ ішу жолы болмаса, жұтып қоймау шартымен шайнап беруге болады.  

7) Аузы берік адамға тәттілігі қалмаған ескі сағызды шайнауы – мәкруһ. Ал жаңа сағызды шайнау оразаны бұзады.

8) Аузы берік кісінің қан алдыруы, егер оразасын толық ұстай алмауына әкеп соғатындай дәрежеде денесінде әлсіздік тудырар болса, аузы берік кезде қан алдыруы мәкруһ болады. Ондай қауіп болмаса, мәкруһ емес. Дегенмен, ол істі кешке ауыз ашардан кейінгі уақытқа қалдырғаны жақсырақ.

10) Рамазан айында ыстықтағандықтан аузын, мұрның сумен шайса және салқын сумен шомылса, Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша мәкруһ болады. Өйткені мұндай әрекет ғибадатты орындауда қиналғандығын көрсету болмақ. Алайда, оның шәкірті Имам Әбу Юсуфтың пікірінше, мұндай әрекеттің мәкруһтігі жоқ. Қайта, ғибадатты жеңіл өтеуіне жәрдемші болады. Бұл мәселеде Имам Әбу Юсуфтың тұжырымы қабыл етіледі.

11) Өз-өзіне сенімсіз болған адамның аузы берік кезде әйелін сүюі – мәкруһ. (Әйелін сүйгені себепті мәни (шәует, ұрық) бөлінсе, ораза бұзылады, қаза керек).

12) Әйелінің бетінен сүюіне болады, бірақ, сүйісулері (мысалы, ерін-ерінмен) мәкруһ.

13) Аузы берік кездерінде ерлі-зайыптылардың жалаңаш күйде құшақтасып жатулары, қатынасқа түспейтіндіктеріне сенімді болса да мәкруһ саналады.  

14) Ораза ұстайтын кісінің жүніп күйінше таң атыру немесе күндіз ұйықтап жатып ғұсылының бұзылуы (мұны ихтиләм дейді) оразасына зиянын тигізбейді. Бірақ, мүмкіндігінше таңға дейін ғұсылсыз күйде жатпастан түнде шомылып алғандығы дұрыс.

*Жүніп - ерлі-зайыптылардың қатынасқа түскеннен кейінгі немесе ләззатпен шәуәт бөлінгеннен кейінгі туындаған ғұсылсыздық күй. 

15) Оразада түкірік жұтуға, сілекей жұтуға және мұрнын тартуға болады. Оның мәкруһтігі жоқ. Бірақ, түкірігін аузында жинап жұтуы мәкруһ.

16) Аузы берік адамның гүлді иіскеуі, баласын, немересін иіскеп, сүюі, сондай-ақ, хош иіс себініп, хош иісті иіскеуі мәкруһ емес. Және де сүрме жағуы, сақал мен мұртқа арналған май жағуы да мәкруһ болмайды[1].


[1] Пайдаланған әдебиеттер: Ө. Н. Білмен, «Ғылымхал». (Түрік тілінде); "әл-Фәтәуәль Һиндия". (Араб тілінде).

Дайындаған: Абдусамат Қасым
0 пікір