Аллаға деген қорқыныштың жеті белгісі
Аллаға деген қорқыныштың жеті белгісі
4 жыл бұрын 9050

Фиқһ ғұламасы Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай деген[1]:

«Аллаға деген қорқыныштың белгілері мына жеті нәрседе көрініс табады:

1. Тілінде. Алладан қорқатын адам тілін өтіріктен, ғайбаттан, бос сөздерден тыйып, оны Алланы зікір етумен, Құран оқып, білімді қайталаумен мәшғұл етеді.

2. Асқазанында. Алладан қорқатын адам асқазанына тек адал, таза тамақ түсіреді. Онда да, адал астан қажетінше ішіп-жейді (шамадан тыс асқазанын тамақпен толтырмайды).

3. Көзінде. Алладан қорқатын адам харамға көз тастамайды, және де дүниеге құштарлықпен қарамайды. Ондай адам - дүниеге ғибрат назарымен қарайды.

4. Қолында. Қолын харам нәрсеге созбайды (ұрлық т.б.). Ондай адам қолын Аллаға итағаты бар (сауабы бар) іске созады (қолданады).  

5. Аяғында. Алладан қорқатын адам Аллаға қарсы келер харам іске бармайды.

6. Жүрегінде. Алладан қорқатын адам жүрегінен: дұшпандықты, жеккөрініштікті, өзгені көреалмаушылықты (күндестікті) шығарып тастайды. Оның орнына жүрегін: насихатпен және мұсылмандарға деген мейірбандықпен толтырады.

7. Құлшылығында. Алладан қорқатын адам тағат-ғибадаттарын (және жалпы ақыреттік істерін) тек Алла ризалығы үшін жасауға тырысады. Ол істеген ісінің рия болып кетуінен және екі жүзділік болып кетуінен қорқады.

Кім осы нәрселерге ұқыптылық танытса, ол адам Алла Тағаланың былай деген құлдарынан болмақ: «Алланың құзырындағы ақырет – тақуалар үшін». («Зухруф» сүресі, 35 аят). Яғни, құтылу мен бақыт тақуалар үшін. Және Алла Тағала былай деген: «Шынында тақуалар – сенімді орында (болады)». («Духан» сүресі, 51 аят). Алла Тағала өзінің қасиетті кітабының көп жерінде тақуаларды мадақтаған және олардың тозақ отынан құтылатындығын хабар берген. Алла Тағала былай дейді:

«Сендерден ол жерде (тозақта) болмайтын ешкім болмайды. (Бұл) Раббыңа тұжырымды, міндетті бір үкім. Соңыра тақуа болғандарды құтқарамыз да залымдарды тозақта жүгіндіріп қоямыз».   («Мәриям» сүресі, 72 аят). 

[1] Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».

.

0 пікір