«Әли Имран» сүресінің артықшылығы
«Әли Имран» сүресінің артықшылығы
1 жыл бұрын 8224

Әли Имран сүресі - Құрандағы үшінші сүре. Медине қаласында түскен. Аят саны - екі жүз. «Әли Имран» деп аталуының себебі, сүреде «Имран отбасы» жайында сөз етілгендіктен солай аталған. Имран - Әзіреті Мариям анамыздың әкесінің аты. 

Бұл сүренің «Әмән», «Зәһра», «Кәнз» және «Тайыба» деген де есімдері бар. 

Әли Имран сүресінің артықшылығы хадистерде баян етіледі. Алла елшісі (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Құран оқыңдар. Шынында Құран қиямет күні оқыған кісіге шапағатшы болып келеді. Және екі нұрды оқыңдар, олар - Бақара сүресі және Әли Имран сүресі. Ол екі сүре қиямет күні оқыған кісіге бұлт болып келеді» - деген1

Әзіреті Әнәс (радияллаһу анһ) Әли Имран сүресін оқудың пайдасы жайында былай дейді:

«Арамыздағы бір кісі егер «Бақара» сүресі мен «Әли Имран» сүресін оқыса, ол біздің назарымызда биік боп тұрушы еді» деген. Тағы бір сөзінде: «Ол адам біздің арамызда ұлық саналатын» дейді. 

«Исму Ағзам» дұғасының осы екі сүресінде орын алғандығын Алла елшісі білдірген. Ол (с.а.у.) былай дейді:

«Алланың ең ұлы есімі мына екі аятта орын алған. Бірі (Бақара сүресінің 163 аят): «Сендердің тәңірлерін бір тәңір. Одан басқа тәңір жоқ. Ол - аса қамқор, ерекше мейрімд». Екіншісі («Әли Имран» сүресінің 1-2 аяты): «Әлиф Ләм Мим. Алла Тағала, одан басқа тәңір жоқ. Ол - тірі, бүкіл әлемді уысында ұстаушы»2. 

Бір нәрсе тілейтін кезде Исму Ағзам дұғасын айтып тілесе, дұға қабыл болатындығы айтылған. Демек, бұл ұлы дұға аталмыш екі аятта жасырулы екен. Аталмыш екі аятты оқып, артынан дұға қылсақ, дұғамыз қабыл болмақ, иншаАлла. 

Әли Имран сүресінің тағы бір артықшылығы - бұл сүрені Жұма күні оқыған кісіге періштелер түнге дейін салауат айтып тұратындығы білдірілген3

Ендеше, Әли Имран сүресін оқып, сауапқа кенелелік, ағайын. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  Сахих Мүслім.
2  Әбу Дәуід, «Сүнән»; Ибн Мәжә: «Сүнән».
3  Дәрими, Мәкхулдан жеткен.

0 пікір