Акция сатып алудың үкімі
Акция сатып алудың үкімі
4 жыл бұрын 8557
Доктор Юсуф әл-Қардауи

Әлхамдулиллаһ уәссаләту уә сәлләму аля Расулилләһ!

Акция сатып алуға бола ма? - деген сұраққа қысқаша жауап берер болсақ, шариғи тұрғыда акциялар үш түрге бөлінеді:

1. Біріншісі - Ислам шеңберінде іс атқаратын компаниялардың акциялары. Мысал ретінде, Ислам банктері және Ислами сақтандыру компанияларын атасақ болады. Бұндай компанияларға акционер болып, олардың акцияларын алып, кейін қайта сатудың рұқсат екендігінде дау жоқ. Акциялардың активтері елу пайыздан астам мөлшерде «негізгі актив» пен «пайдаға» айналғаннан кейін, оны заңды қандай да бір жолмен айналымға салуға болады, мысалы алып-сату сияқты.

Осы тұрғыда, акция саудасында - сауда-саттықтағыдай "қолма-қол иелігіне өткізу шартын" тура мағынада жүзеге асыру шарт емес (яғни, іс жүзінде қолына ұстату шарт емес). Бұлар да мал-мүлік саналғанымен, оларды қолға іс жүзінде тапсыру, яғни, қолма-қол алу қажеттілігі жоқ (хүкми тұрғыда «қолма-қолдылық» шарты жүзеге асса жарайды-ауд.).

2. Екіншісі – негізгі айналысатын ісі (негізгі табыс көзі) харам істер болған компаниялардың акциялары. Мысалы, арақ-шарап өндірісімен айналысатын компаниялар, доңыз өсірумен айналысатын компаниялар және т.б. Исламда харам саналатын істермен айналысатын компаниялар. Мұндай компаниялардың акцияларын сатып алып, олардың акционері болуға, олармен сауда мәмілесін жасасуға діни тұрғыда рұқсат жоқ. Бұған ғалымдар бір ауыздан келіскен. Мұндай компанияларға - өсіммен айналысатын дәстүрлі банктерді жатқызсақ болады, сондай-ақ, (бар, казино секілді) ойын-сауық орталықтарын жүргізетін т.б. сол сияқты шариғатта харам саналатын істермен шұғылданатын компаниялар жатады.

3. Үшіншісі – негізгі айналысатын ісі (қызметі) халал болып саналатын компаниялардың акциялары. Мысалы, автокөлік, техника, егін-шаруашылығы, өндіріс т.б. осы сияқты негізгі қызметі халал іске негізделген, бірақ кейде өсім беру не өсім алу арқылы ара-арасында харам кірістер кіріп тұратын компаниялар (мысалы, банктен кредит алса, банктерде депозит ашқан болса, түрлі фәсид келісім шарттар жасасса т.б. - ауд). Мұндай компаниялардың акцияларын алу мәселесі – қазіргі таңдағы фиқһ ғалымдарының арасында таласты тақырып. Олардың кейбірі, ондай компаниялардың акцияларына - жазған да, жеген де, жегізген де, тіпті куәлік етуші де лағынетті болып табылатын «өсім» араласқандықтан, қандай жағдайда да мұндай компаниялармен сауда мәмілесін жасасуды да, оларға акционер болып, акцияларын сатып алып, кейін сатуды да харам санаған.

Дейтұрғанмен, адамдардың қажеттілігін назарға ала отырып, мұндай компаниялардың (яғни, негізгі айналысатын қызметі халал іс болып саналатын, бірақ аз мөлшерде харам кірістер кіретін компаниялардың) акцияларын алып-сатудың ағаттығы жоқ дейтін ғалымдар бар[1]. Бірақ оның да өзіндік талаптары жоқ емес. Ол талаптардың кейібірі мынадай:

  • Мемлекет аралық Ислам фиқһ кеңесінің қабыл еткен қаулысында да айтылғандай, мұндай компаниялардың қарыздары мен нақты (айналымдағы) ақшаларының мөлшері (не екеуінің біреуі) компанияның активтерінің 50% елу пайызынан аспаған болуы тиіс[2].
  • Компанияның өсім арқылы алған қарыздары мен борыштарының мөлшері (мейлі ол ұзақ мерзімді немесе қысқа мерзімді несие болсын) компания активтерінің жалпы көлемінің (25%) 30%-нан аспаған болуы тиіс.  
  • Тыйым салынған жолдан түскен кірістің мөлшері компанияның жалпы кірісінің 5%-10%-нан аспауы керек (мейіл ол – өсімге берілген ақшадан түскен пайда болсын, мейлі дінге қайшы қызмет түрінен түскен пайда болсын, яки, шариғатта харам деп табылған зат иемденуден түскен пайда болса, үкімі бір - ауд). 
  • Компания харам жолмен түскен пайданың мөлшерін анықтап, оны қоғам игілігіне жұмсайды немесе акционердің өзі түсірген пайдасына араласқан өсімнің мөлшерін анықтап (мысалы, 2%-3% пайызын-ауд.), оны қоғам игілігіне жұмсағаны жөн.

Қазіргі ғасырдағы қаржы тақырыбын зерттеумен айналысып жүрген ғалымдардың біразының (аталмыш акциялардың үшінші түріне қатысты) тұжырымы осылай. Олар мұсылмандарға қолайлы, әрі жеңілдік болсын деген мақсатпен осындай байламдар жасаған. Олардың осы тақырып айналасында жазған терең ізденістері мен зерттеулері бар. 

www.al-qaradawi.net
Араб тілінен аударып, толықтырып жазып дайындаған: Абдусамат Қасым


[1] Рұқсат деушілер: мақала авторы Юсуф әл-Қардауи, Шейх Мұстафа әз-Зарқа, Шейх Абдулла әл-Муниъ, Шейх Абдуссаттар Әбу Ғұдда, Доктор Али әл-Қарадағи және т.б. (Дереккөз:Холид Абдульазиз әл-Бағдәди: «Тәдәулуль Әсһәм») – ауд.
[2] Олай болмаған жағдайда, акция ақшаның үкімін алып, осы себепті оны нарықтағы бағасымен емес, тек өз бағасымен ғана сату керек болып қалады (Дерекөз: Холид Абдульазиз әл-Бағдәди: «Тәдәулуль Әсһәм») – ауд.  

 
0 пікір