Айға қараудың адамға зияны бар ма?
Айға қараудың адамға зияны бар ма?
1 жыл бұрын 8834

Толған айдың төңірегінде әрқашан көптеген қауесеттер мен аңыз әңгімелер айтылып жататындығы жасырын емес. Кейбіреулер түнгі нұрға (ай) ұзақ уақыт қарасаңыз, есіңізден ауысуыңыз мүмкін екеніне сенсе, кейбіреулері мүлдем мұндай болжамдарға сенбейді және Айды, Жердің табиғи серігі ғана деп есептейді. Ал сарапшы мамандар болса, шындық осы екі тұжырымның ортасында жатыр деген уәжді айтады. Ресейлік психотерапевт Михаил Муравьев, айға қарау қауіпті ме, жоқ па және аспан денесінің адам психикасына қаншалықты әсері бар, деген сауалдарға жауап қатты. 


Айдың жер бетінде болып жатқан бірқатар процестерге әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденгені рас. Атап айтқанда, дүниежүзілік мұхиттағы толқындардың пайда болуы айдың орналасуына байланысты. Сондай-ақ, бағбандар ай күнтізбесіне қарай, өз бақшаларында шаруаларын істейді, ал шаштараздар болса, шашты ай толып жатқан кезеңде қысқартқан абзал деп сенеді, сонда шаш әдемі және мойынсұнғыш болып келеді-мыс. 

Алыс әрі жұмбаққа толы осы бір аспан денесі әрқашан адамдардың назарын өзіне тартатындығы өтірік емес. Өзінің бүкіл тарихында адамзат осы аспан денесі туралы көптеген ертегілер мен аңыздар ойлап шығарған және олардың біразына да адамдар сеніп келді. Мысалы, бұрындары «толған айға ұзақ уақыт қарау - ақылсыздыққа алып келеді» деп есептелген-ді. Мұндай наным қаншалықты шындыққа сай? - дегенге, «бұл пікірде аз ғана шындық бар» деп жауап берді психатерапевт Муравьев. Оның пікірінше:

«Дені сау адам Айға қалағанша қарай алады». Ай – психикалық ауруға шалдыққан адамдардың ғана санасына әсер етеді, бұл ғылымда дәлелденген, ал сау адамдарға әсер етпейді. Мәселен, «көктемдегі арқа қозу» деген нәрсе бар, тура осыған ұқсас «айлық арқа қозу» деген де бар. Мұндай жағдай ай толған кезде орын алып жатады. Мысалы, ай толған кезде психикасында ақау бар адамдарда аурудың айқын белгілері көбірек байқала бастайды. Бірақ, олардың бұл халі, олардың айға қарағанына немесе қарамайтынына байланысты емес» - 

- дейді маман. 

Тағы бір кең тараған мифке қарағанда - айды ұзақ уақыт бақылаудың арқасында адам қатерлі ісікке немесе жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығуы мүмкін-мыс. Шындығында, мұндай гипотеза шындыққа ешқалай жанаспайды. 

«Мұндай аурулар Айға қарағандар мен қарамайтындарда, ет жейтіндер мен жемейтіндерде, жұмысқа баратындар мен келмейтіндерде де кездеседі», - дейді Муравьев. – Біз ауруларды осындай факторлардың ешқайсысымен байланыстырмаймыз. Мәселен, әлгіндей сөздер «ауамен тыныс алатын әрбір адам ерте ме, кеш пе өледі» дегенмен пара-пар». 

Кімдерге айға қарауға болмайды? 

Дегенмен де, дәрігер айдың адам денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды, әйтсе де, қауіп әсіре сілтелген деп есептейді ол. Мысалы, айдың жарығы ұйқының шала болуына және шаршауға алып келуі ықтимал. Алайда, бұдан психикаға тылсым бір жағдайдың әсер етуін іздеудің қажеті жоқ. Ұйқының шала болуының қарапайым түсініктемесі бар, тарқатып айтқанда: толған ай күннің сәулесін шағылыстырады, ал бұл адамның толық әрі сау ұйқыға кетуі үшін қажетті гормон болып табылатын мелатонинді өндіруіне кедергі келтіреді. Сондықтан да, толық айдан кейін адамдарда әдеттегіден қарағанда, таңертең тұруы қиынға соғады, шаршайды, содан кейін күні бойы дел-сал болып жүреді. 

Сонымен қатар, айға қарау - телескоп арқылы аспанды бақылайтын әуесқой астрономдар үшін де қауіпті болуы мүмкін.

«Егер телескоптың объективі арқылы айға ұзақ уақыт қарасаңыз, күнге ұзақ қараған сияқты әсер туғызады, яғни, көздің қасаң қабығы күйіп қалуы мүмкін. Сондай-ақ дефокус пайда болуы мүмкін. Бірақ бұндай жағдай айға телескоппен бірнеше сағат қарағанда ғана болады. Маған әріптестер 20 жылдық тәжірибелерінде осындай жағдайға тап болған екі-ақ науқас кездескенін айтты», -

- дейді дәрігер. 

Қорытындылай келе, айдың адам психикасына және қауіпті аурулардың дамуына ешқандай әсер етпейтінін білдік. Айдың адам баласында тудыруы мүмкін жалғыз ыңғайсыздық - ол, ұйқының шала болуы. Бұнымен қатар, телескоп арқылы айды шамадан тыс бақылаған кісілерге де зияны тиюі ықтимал. «Егер сіз астроном болмасаңыз және сізде қатты шизофрения немесе басқа да психикалық ақаулықтар болмаса, сіз үшін айдан келіп-кетер ешқандай зияны жоқ. Сондықтан да, түнгі уақытта айды еркін әрі қалауыңызша тамашалай аласыз, мейлі айдың таусылып жатқандағы халін болсын, мейлі толып жатқандағысын болсын, тіпті «қанды» деп аталатын кезін де қарап тамашалай аласыз. Онымен денсаулығыңыздағы әлдебір сырқаттықты байланыстырмаңыз, оның бәрі тек кездейсоқтық қана» деп тыныштандырады дәрігер маман. 

Дереккөз: spb.aif ru
Қазақшалаған: islam.kz

 

0 пікір