Әйелдің аяғы ғаурат па?
Әйелдің аяғы ғаурат па?
6 ай бұрын 4226
Имам Құдури (рахимаһуллаһ)

Ханафи мәзхабының белді ғұламаларының бірі Имам Құдұри өзінің «тәжрид» атты еңбегінде әйелдің аяғының тобықтан төменгі тұсы ғаурат па, жоқ па, дегенге жауап береді. Ғалым былай дейді: 

Біздің жолдастар (Ханафи ғалымдары) айтқан: "әйелдің аяғының тобықтан төменгі жағы ғаурат емес" деп. Бұл екі деректің бірі. Екінші, бір дерек бойынша ғалымдар ғаурат деген. Имам Шәфиғидің сөзі де осыған саяды (яғни, Шәфиғи мәзхабында аяқтың тобықтан төменгі жағы ғаурат).

Бізше, әйел баласы күнделікті тұрмыс-тіршіліктерінде беті мен қолын ашып жүруге мәжбүр. Тура сол секілді жүргенде де аяғын (тобықтан төмен жағын) ашуға мұқтаж. Егер, беті мен қолы қажеттілік себепті ғаурат болудан шыққан болса, аяқтың тобықтан төменгі жағы да солай (қажеттілік себепті ғаурат болмауы заңды). Өйткені, шындығына келсек, аяқтың тобықтан төмен жағы еркекте құмарлық оятпайды, ал қол (яғни, білезіктен былайғы жері) құмарлық оятады, алайда соған қарамастан қол мен бет ғаурат болып саналмаған, олай болса, аяқтың тобықтан төменгі жағы ғаурат болмауға лайығырақ. Оның үстіне аяқтың ол жері ұрлық жасалғанда кесілетін жері, құдды қол сияқты. 

Аяқтың ол тұсын «ғаурат» дейтіндер (Шәфиғи мәзхабындағылар) Алла Тағаланың «Олар зейінеттерін көрсетпесін, бірақ өздігінен көрінгендері басқа...» деген аятын дәлел келтіріп: «аяттағы өздігінен көрінген жерді сахаба Ибн Аббас (р.а.) «бет пен қол» деп тәпсірлеген, сондықтан одан өзгесі жабылу керек» деп айтады.

Бұған біздің айтарымыз жоқ емес: Имам Тахауи (р.а.) сахаба Абдулла ибн Мәсъудтың (р.а.) аталмыш аяттың тәпсірінде «өздігінен көрінген зейнеттері басқа...» дегендегі зейнет сөзіне «сырға» (әрі алқа) және «аяққа тағылатын білезік» деп тәпсірлеген. Бұл болса, аяқтың (тобықтан төменгі жағына) қараудың болатындығын көрсетеді.

Және олар (шәйфиғи мәзхабындағылар) бұдан алдын келтіріп өткен Үмму сәләмәның хадисін дәлел қылады. (Ол хадисте намаз оқитын әйелдің көйлегі аяғының үстінгі жағын жауып тұратындай ұзын әрі кең болу керектігі айтылған). Бұған жауабымыз: хадистегі «аяқтың үсті жабылатындай...» сөзі, негізінен аяқтың тобықтан төменгі жағын жабу емес, сирақ толық жабылсын деген мағынада айтылған. 

Және олар былай деді: аяқ ағзасы таяммум соғылмайтын жер, құдды бас секілді. Сондықтан да, аяқ та жабық болуы тиіс дейді олар. Біздің бұған айтарымыз: әйелдің бас ағзасы - қараған адамда құмарлық оятатын жер, әрі, басын ашып жүруге зәрулік жоқ, ал әйелдің бет-жүзі қараған адамның құмарлығын оятса да (шариғатта) ғаурат саналмаған, өйткені ашып жүруге зәрулік бар тұстарын (ашуға) Алла рұқсат берген. Аяқтың тобықтан төменгі тұсы да бет-жүзі секілді, (көйлегін жерге сүйретпей-ауд) ашып жүруді қажет ететін аймақ, әрі, ол жері көрген адамның құмарлығын оятпайтын жер, оның ғаурат болмауы дұрысырақ1.

Қазақшалаған А. Қасым


1Имам Құдури: «Тәжрид».

0 пікір