Күллі жаратылысты Алла Тағала жаратқан, ал Алла Тағаланың өзін кім жаратқан?
Күллі жаратылысты Алла Тағала жаратқан, ал Алла Тағаланың өзін кім жаратқан?
11 жыл бұрын 40087
Қайрат Жолдыбайұлы, "Имани гүл"

Адам баласы кез-келген нәрсені ойлаған уақытта әдетте осы дүниеде жүретін заңдарға және көрген нәрселеріне салыстыру арқылы пайымдайды. Мысалы, жәннатта бір ағаш бар екен делінсе, дереу осы дүниеде көріп жүрген кәдуілгі топыраққа, күнге, ауа мен суға мұқтаж ағаш елестейді. Бұрын-соңды мүлде көрмеген, бізге беймәлім бір нәрсе түсіндірілген уақытта: «Неге ұқсайды екен?» деп сұрақ қойып жатамыз. Демек, біз көрмеген өзімізге таңсық нәрсені тек салыстыру жолы арқылы ғана пайымдай аламыз. Ал Алла Тағаланы  салыстыру жолымен түсіну мүмкін бе? Әрине жоқ. Өйткені, Оның мына дүниеде теңдесі әрі ұқсасы жоқ. Құранда былай делінеді: «Оның (Алла Тағаланың) еш теңдесі жоқ»[1], «Оған еш нәрсе ұқсамайды.»[2]

Ендеше, «Алланы кім жаратты?» деген сауал әубастан қате. Себебі бұл Алланы мына дүниедегі заңдарға тәуелді жаратылыспен салыстыра ойлаудың нәтижесі. Ал Ұлы Жаратушы өзі жаратқан ешбір жаратылысқа ұқсамайды. Тіпті қарапайым жай суретшінің өзі, өзінің салған суретіне ұқсамайды ғой. Өйткені, сурет –  әр түрлі бояудың қоспасы ғана. Онда суретшідегідей басыбүтін қасиеттер жоқ. Қысқасы, шебер мен оның қолынан шыққан туынды екі бөлек нәрсе. Ендеше, күллі кемшілік сипаттардан пәк Ұлы Жаратушы да өзі салған мына жаратылыс суретіне, жаратқан туындысына мүлдем ұқсамайды. Сондықтан жаратылысқа арналған заңдарға да тәуелді емес. Мысалы, дүниеге келу үшін не нәрсенің болсын белгілі бір себепке тәуелді екендігі анық. Барлығымыз туылғанбыз, бізді туғандарды да біреулер дүниеге әкелген. Яғни, барлық нәрсенің бастауы бар. Біздің қателігіміз сол,  дүниедегі осы туу, туылу және бар болу үшін белгілі бір себепке мұқтаждық заңын Ұлы Жаратушымыз Алла Тағалаға да таңғымыз келеді. Ал Алла болса, барлық туу, туылу былай тұрсын, тіршілік заңдары жоқ кезде де бар еді. Тіпті, Алла Тағала осы аталмыш заңдарды да өзі жаратқан жоқ па!?  Ендеше, өзі жаратқан бұл заңдарға Ұлы Жаратушының тәуелді болмасы анық. Сондықтан «Ықылас» сүресінде: «Ол еш нәрсеге мұқтаж емес, тумады да туылмады» делінеді. Бейне бір «Ей,  құлдарым, туу, туылу, сыртқы бір түрткіге зәрулік сендерге тән, мені ол заңдарға тәуелді етіп ойламаңдар» деп тұрғандай. Алла Тағаланы ешкім жаратпаған. Алла Тағала – «әзәли», яғни, Оның барлығының бастауы да, соңы да жоқ – Мәңгі.

Алла жаратылмағандығы үшін Алла емес пе? Мысалы, әскерлер бұйрықты қолбасшыдан алады. Ал қолбасшы бұйрықты патшадан алады делік. Ал енді «патша бұйрықты кімнен алады?» деп сауал қоя алмаймыз. Өйткені,  патша да бұйрықты біреуден алса, онда ол шынайы патша бола алмайды. Тағы бір мысал, мешіттегі жамағаттың бәрі намазда бір имамға ұйиды. Ал сол имам да басқа бір адамға ұйыса, ол имам емес, жамағаттың бірі болып қалады. Сол сияқты Алланы да басқа бір Алла жаратса, онда жаратылған бірінші Алла, Алла бола алмайды. Өйткені, біз «Алла» деп о баста еш жаратылмаған, ешкімге мұқтаж емес, жаратылғандарда жоқ мәңгілік сияқты сипаттардың шынайы иесін ғана айтамыз.

Екіншіден, Алланы да басқа бір Алла жаратты десек, сол жаратқан Алланы да басқа бір Алла жаратуы тиіс. Оны да басқа бір Алла... Міне,  осылайша алғашқы қойған сұрағымыз тізбектескен күйі шексіздікке дейін жауапсыз жалғаса береді. Қашан еш жаратылмаған, бастауы жоқ мәңгі бір Алланы қабылдаймыз, сол уақытта жауабы табылмаған сұрағымызға нүкте қойылып, жан жүрегіміз жай табады. Мысалы, нөл санының оң жағына миллиондаған нөлдерді қатар қойсақ та олардың ешбір мәнді иеленбесі  белгілі. Ал егер кез-келген бір санды қойсақ, сол нөлдер бірден мағынаға ие болады. Дәл осы мысалдағы сияқты барлық жаратылыс атаулының түп негізін – бастауы жоқ, мәңгілік жалғыз Аллаға тіреген кезде ғана, шынжырдың өріміндей бір-біріне қосақталған  сауалымыз баян табады.

Иә, адамның не нәрсесі болсын шектеулі. Көзінің көре алатын аясы, құлағының есту қабілеті – бәрі, бәрі шектеулі болғаны секілді оның ақыл-ойы да шектеулі. Ал осындай шектеулі ақылмен шексіз Алланы қалай ғана толық түсінбекпіз? Ол – жаратушы, біз – жаратылғанбыз. Жаратылған нәрсе Жаратушысын «неге толық түсінбеймін?» деп шағым айта ала ма? Біздегі ақыл да, жан да кейіннен жаратылған. Солай бола тұра біз тіпті қарапайым жаратылған «жанның» өзін толық түсіне бермейміз. Енді жаратылған нәрсені жете түсіне алмай жатып еш теңдесі жоқ Ұлы Жаратушымызды қалай толық түсінбекпіз?! Пенденің шектеулі ой-санасы Оны қалай қамтымақ? Белгілі ойшыл Анри Бергсон былай дейді: «Ақылдың ең соңғы тоқтамы – өзінің әлсіздігін мойындауы». Рас, ақыл өзінің жетер жерін, шамасын білуі тиіс.

Сахаба Әбу Бәкір Сыддық: «(Алла Тағалам!) Сені толық түсіне алмауымды мойындауым – сені  толық түсінуім» десе, Абай атамыз:

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі

Өзіне құмар қылған оның әмірі.

Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі [3] -деп түйсе, тағы бір өлең жолдарында:

«Ақылға сыймас Ол Алла,

 Тағрифқа[4] тілім қысқа-ақ»[5] деп, осы ақиқатқа үлкен ой салады. Ал философ Декарт былай дейді: «Адам – тұтастай шектеулі жаратылыс. Ал осындай шектеулі адам  шексіздікті мүлдем түсіне алмайды».

Алланың мәңгілік сипатын қабылдағысы келмеген өркөкірек материалистер сол сипатты жансыз материяға телімек болады. Алайда, мәңгіліктік қасиетті шынайы иесі Аллаға беру бір басқа да, оны қателесіп күнде өзгеріске ұшырап, пәнилікке бас иіп жатқан жансыз материяға беру бір басқа.

[1] Ықылас сүресі/4.
[2] Шура сүресі/11.
[3] Абай,  Қалың елім, қазағым, 153-бет. Атамұра баспасы, Алматы 2002 ж.
Халиқ Жаратушы, Махлұқ – жаратылыс, Дәһрі – арабша «уақыт, заман» дегенді білдіреді. Алланы мойындамай, ақыретті жоққа шығаратын дінсіздерге де «Дәһри» делінеді. Бұл жерде хакім Абай «Дәһрі» сөзін «уақытша, пәни, кейіннен жаратылған» деген мағынада қолдануы ықтимал. Яғни, адам санасының «біліп, түсіндім» деген нәрселері кейіннен жаратылған пәни дүниелерге жатады. Ал Алла кейіннен жаратылмағандықтан, Оны толық түсіну мүмкін емес дегенді меңзеп тұр.  «Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды» дегені де сондықтан.
[4] Тағриф – түсіндіру.
[5] А.а.е, 189-бет.

0 пікір