«Жақсылық та, жамандық та Алладан» дегенді қалай түсінуге болады?
«Жақсылық та, жамандық та Алладан»  дегенді қалай түсінуге болады?
11 жыл бұрын 13463

Жақсы мен жаманды, иман мен күпірді қалайтын да, таңдайтын да – біз. Ал, қаласа,  ол істі жарататын – Алла Тағала. Мысалы, біз бидайды ектік, сосын жаз бойы арам шөбін отап, суғарып баптадық делік. Ал оны осыдан кейін өсіретін, өсу ісін жарататын, нәтижесін беретін Алла Тағала болмақ. Бидайды өсіруді біз қаладық, бірақ бидайды өсірген біз емес. Қалай дейсіз бе? Бізге ақыл беріп, бидай егуді үйреткен Алла Тағала емес пе?  Ал, бидайдың дәнін жаратып, оны адамға сыйлаған кім? Бидайдың өсіп-жетілуі үшін қажетті топырақты, топырақтағы әр түрлі минералдарды, күнді, ауаны, суды жаратқан кім? Тіпті оны егіп, суын құю үшін қолымызды қимылдатқан кім? Біз тек қимылдатуды қалаймыз. Қозғалтуға шешім қабылдап, бел байлаймыз. Ал, оны қимылдатып, қолға күш беретін, барлық клеткаларды бір-бірімен жалғайтын, қолдағы сіңірлеріміз бен бұлшық еттерімізді іске қосатын – Ұлы Алла Тағала. Егу, суару, қопсыту істерінен кейін ешқайсымыз бидайымның бірінші сабағын өсірейін, сосын жапырағын шығарайын, құйған суымды барлық талшықтарының түкпір-түкпіріне жеткізейін, бидайға мына минерал керек, ал, мынауы керек емес деп басымызды қатырып жатпаймыз. Бұлардың бәрі біздің араласуымыздан тыс Алла Тағаланың қалауы және жаратуы арқылы іске асып жатады.

Қысқасы, жақсы, жаман әрбір ісімізді істеуге ниет ету, таңдау – біздің еншімізде, ал оны жарату – Ұлы Жаратушының қалауы мен құдіретіне тапсырылады. 

Абай атамыз: «Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес»[1],-деп қандай дәл айтқан. Яғни, бір адам Құдайдың қойған заңымен жүрмей, қыста желең тер күйінде далаға шығып ауырса, «Құдайым-ай, бұл ауруды қайдан ғана беріп едің?» деуге құқы бар ма? Ауруға себеп болған – өзі, бірақ сол ауруды жаратқан – Алла Тағала.

Алла Тағала қаласа ғана біздің әрбір қалаған ісімізді жүзеге асырады дедік. Себебі, біздің қалауымыз Алланың қалауымен үйлеспейінше іске аспайды. Сөз түйіні, Алланың қалауынсыз еш нәрсе жүзеге аспайды, Ол қаламаса, тіпті,  жапырақ та сыбдырламайды.

Алла Тағала «Кәһф» сүресінде былай дейді:

«Не нәрсені де «Мен мұны ертең істеймін» деме. Тек Алла қаласа ғана (істеймін де)...» [2]

 Хадисте: «Алла Тағала нені қаласа сол болады. Ал Оның қаламағаны ешқашан жүзеге аспайды»,[3]-делінеді.

 Ұлы Жаратушымыздың жақсы істерге ризалығы бар, ал жаманына жоқ. Құранда:

 «Алла құлдарының күпірлікке салынуына разы болмайды»[4], «Алла Тағала ысырап етушілерді жақсы көрмейді»[5]-деп, жаман істерге ризашылығының жоқ екендігін білдіреді.

Бірақ бұл дүние сынақ мекені болғандықтан, адам баласы өз еркімен жаманшылыққа ниет етсе, Алла Тағала қаласа оны да жүзеге асырады. Кейде адам жаман іс істеуге ниет етеді. Бірақ Алла Тағала құлының бұрын істеген кейбір жақсылықтарын яки келешекте істейтін ізгіліктерін ескеріп, құлының істеуге ниет еткен жаман ісін болдыртпауы мүмкін. Ниет еткен жаман ісіне арнайы тосқауыл қойып, құлы енді сүрініп, күнәнің тұңғиығына қарай құлдилап бара жатқанда Жаратқаны көмек беріп, күнәнің батпағынан аман сақтап қалуы мүмкін. Мұны тек Ұлы Жаратушының құлына деген арнайы рақымдылығы мен мейірімділігі деп түсінген жөн. Жақсылық та,  жамандық та адамның таңдауына қарай Ұлы Иеміздің қалауы мен құдіреті арқылы іске асатындықтан, «жақсылық та, жамандық та Алладан» деп иман етеміз. Себебі, жарату ісі тек қана шексіз құдірет иесі Аллаға ғана тән.

Құранда:«Алла Тағала сендерді және істейтін амалдарыңды жаратты»[6]делінсе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Істеушіні де, оның ісін жаратушы да Алла Тағала»,[7]-деп, біздің істеуге бел байлаған әрбір ісіміздің Ұлы Жаратушы тарапынан жаратылатындығынан хабардар етеді.

[1] Абай, Кара сөз, Поэмалар. Жиырма сегізінші сөз, 62-бет, «Кітап» баспасы, 1992ж.
[2] Кәһф сүресі, 22-23-аяттар.
[3] Әбу Дәәуд, Әдаб/106.
[4] Зумар сүресі, 7-аят.
[5] Әнғам сүресі,141-аят.
[6] Саффат сүресі, 96-ая .
[7] Кәнзул-Уммал, 1/263.

0 пікір