Әйел мен еркек тең бе?
Әйел мен еркек тең бе?
11 жыл бұрын 70821
Қайрат Жолдыбайұлы

«Әйел теңдігі» мәселесін қанша даурықтырғанмен, шындап келгенде, жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді.  Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Құдай Тағала еркек-әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі әйел яки еркек етіп жаратар еді ғой. Еркек пен әйел табиғатындағы өздеріне тән ерекшеліктерімен екеуі бір-бірін толықтыра түседі. Қазақ «Екі жарты бір бүтін» деген.  Әйел мен еркек минус пен плюс заңдылықтары іспетті. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары яки ақыл жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады. Ендеше, әйел еркектен жоғары яки төмен деу, жалпы алғанда, дұрыс айтылған сөз емес. Әрқайсысының қоғамда өзіндік қызметі бар. Әрбірі соны дұрыс атқарған кезде ғана мінсіз қоғам пайда болады.  

Сыр өңірінің ақыны Тұрмағанбеттің:

Әйел көктен түскен жоқ,
Ол – еркектің баласы.
Еркек жерден шыққан жоқ,
Әйел – оның анасы,- дегеніндей, екі жыныс өкілінің де қоғамда өзіндік міндеттері бар. Кей тұстарда еркектен асып түскен әйел, кей тұстарда одан төмен тұрады. Мысалы, еркек қанша тырысса да әйелдер секілді дүниеге бала әкеле алмайды. Өйткені, тоғыз ай қабырғасы қайысып құрсақ көтерудегі сабырлылық, толғақ кезіндегі өліммен арпалысқан қайсарлылық – тек әйелдердің ғана қолынан келетін ерлік. Ер кісі сәбиге әйел секілді түн ұйқысын төрт бөліп қарай алмайды. Бала тәрбиесінде де әйелдегі мейірімділік пен ептілікті ер адам көрсете алмайды. Балабақшалардағы тәрбиешілікке көбіне-көп әйелдердің алынуы – осының айғағы. Міне, әйелдер өз табиғатындағы осындай қасиеттерімен еркектен жоғары болмақ.

Ал, еркектер әйелдерге қарағанда дене бітімі  жағынан ірілеу әрі күштілеу келеді. Міне, сондықтан жауға қарсы шауып, ел қорғау секілді басқа да ауыр жұмыстарды ер кісілер атқарады. Дер кезінде шешім қабылдау жағынан да еркектер әйелдерден анағұрлым алда. Бұған мысал ретінде әйелдер көлік айдап келе жатып, кенеттен бір жағдайға тап болса, көбінесе рулді жіберіп, бетін басады екен. Ал еркектер болса, салқынқандылықпен сол жағдайдан шығудың амалына көшеді. Сондықтан да болар «әйелдер теңдігі» деп аттан салып жатқан батыстықтарда ғасырға жуық уақыт өтсе де әлі күнге дейін ұшақ айдайтын әйел заты жоқтың қасы. Неге? Өйткені, ұшқыштық – дер кезінде шешім қабылдауды, ерлікті қажет ететін аса қиын іс. Сондықтан, әйелдер ұшқыш емес, көбінесе жолсеріктікті таңдайды. Әлем басшыларына қарасақ та, көбінесе еркектер көзге түседі. Міне, осының өзі табиғи көрсеткіш. Мұндай істерді әйел адам мүлде істей алмайды деуден де аулақпыз. Кейбір еркектерді он орап алатын әйелдер де кездеседі. Біз тек жалпы жағдайды тілге тиек етіп отырмыз.

Әйелдерден еркек жасағысы келетіндер мынаны ескерсе екен. Әйелдердің табиғаты тым нәзік, сезімтал. Осыған сай оның өзіндік міндеті бар. Әйелдер сырттан гөрі ішкі шаруаларға бейім. Егер әйел баласы өз міндетіне салғырт қарап, есіл-дерті далада болса, қоғам өмірінде кейбір келеңсіз жайттардың бой көтерері даусыз. Мысалы, саясатпен айналысатын әйелдің отбасында бала тәрбиесі ақсап, күйеуімен арада салқындық пайда болуы мүмкін. Мансап (карьера) қуған әйел көбіне бала туудан саналы түрде бас тартады. Өйткені, мансабын жарты жолда тастағысы келмейді. Мысалы, «Әйел теңдігін»  желеулеткен  батыста бүгінде бала саны мүлдем аз. Тіпті, демографтардың пікіріне құлақ түрсек, келешекте батыстықтардың ұрпақсыз қалатын түрі бар. Сондықтан болар, батыста «бала мәселесі» Парламент деңгейінде талқыға түсіп, оны көбейтудің жолдары қарастырылуда. Иә, әйелдер саясаткер боламын, биліктің бір тұтқасын мен ұстаймын деп желпінгеннен гөрі биліктің тұтқасын ұстайтын мықты азамат дүниеге әкеліп, елін, халқын ойлайтын ұрпақ тәрбиелесе, биліктің тұтқасын ұстады деген сол емес пе?! Қазақ «әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп қандай әдемі айтқан.

Осы «Әйел теңдігі» мәселесі қайдан шықты? Батыста ХІХ ғасырдың орта шеңіне дейін әйелді адам құрлы көрмеген. Өйткені, өз діндеріндегі сенім бойынша Адам Атаға тыйым салған жемісті жегізіп, бүкіл адам баласын жұмақтан шығарған, олардың жер бетіндегі барша күнәларына себепкер болған Хауа ана болғандықтан  батыс әйелдерді лағынеттеп, оларды жек көрген. Міне, осы қорлыққа намыстанған әйелдер, еркектердің алдында тұқырмаудың жолын қарастырып, «феминизм», «әйел теңдігі» деген ұғымдар мен ұрандарды шығарды. Ал, бізге оның түкке де керегі жоқ еді. Біз әрдайым әйел баласын, ананы қадір тұтып, құрметтей білген елміз. Батыс бүгінде мұның зардабын тартудай-ақ тартып отыр.

Иә, «менің еркектен қай жерім кем, өзімді өзім асырай аламын, еркектің маған қажеті шамалы, тіпті, мына ғылым дамыған заманда еркексіз-ақ балалы бола аламын» деп желігіп  жүрген әйелдер де кездеседі. Ал, мұндай әйелдердің күйеуіне бағынбасы айдан анық.  Бағыну былай тұрсын, тәуелді болмаймын деп дала кезеді. Жұмысбасты болып үйдің тірлігінен қол үзеді, бала тәрбиесіне де салғырт қарайды. Ондай отбасылар көбінесе ажырасып тынады. Кешке жұмыстан шаршап келгенде алдынан күлімдеп әйелі, еркелеп бала-шағасы шықпаған отбасында қандай береке болсын?! Өз жаратылысына сай емес істермен әуреленіп жүрген нәзік жанды әйелдерде бара-бара еркек мінезділік пайда болады. Ислам дінінде әйелдің еркекке ұқсауына, еркектің әйелге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Сондықтан, әйелдер қоғамдағы әр түрлі іс-қызметтерде де бала тәрбиесі мен отбасының істерін қатар алып жүре алатындай өз болмысына сай жұмыстарды таңдағаны жөн. Бірақ, қажеттіліктің күн санап артқан қазіргі мына заманда әйел баласы жанұя экономикасына өз үлесін қосып, ерінің бір жағынан шығу үшін түрлі жұмыстарда істеуде. Мұндай жағдайда әйелдің  үйдегі жұмыстары мен бала тәрбиесіне ері көмек көрсеткені жөн. Бұл жатырқап қарайтындай жат нәрсе емес. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар да қат-қабат шаруалар мен сан-алуан оқиғалардың бел ортасында жүріп, үй шаруаларында жұбайларына үнемі көмек көрсетіп, бір жағына шығысқан.

Ал, әйеліне сыртта жұмыс істетіп, өздері масыл боп үйде бос жатқан еркектерді пайғамбарымыз өз хадисінде қатаң сөккен.

Жоғарыда әйелмен еркек минус пен плюс зарядтары тәріздес бір-бірін толықтырып, бір-біріне үйлеседі дедік. Ал екеуі де минус яки плюске айналған жағдайда араларындағы үйлесімділік жоғалып, бір-бірін кері тебе бастайды. Бұның арты сөзсіз ажырасуға соқтырып жатады.

Бір мемлекетте екі президент, бір көлікте екі рул, екі шофер болмайтыны секілді кішігірім мемлекет – отбасында да бір ғана басшы болуы тиіс. Әйтпегенде, үйдің берекесі қашады.

Құранда: «Еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы»[1]  деген. Ендеше, осы жауапкершілікті арқалаған еркек отбасынының тізгінін өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, «мен айттым болдыға» салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, үнемі ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс.

Иә, әйел болмысы басшылық не қаттылыққа емес, керісінше, мейірімділік пен ұяттылыққа, инабаттылық пен ізеттілікке бейім. Ал еркектердің болмысы дөрекілік пен қатігездікке емес, жауапкершілікке,  отбасына қамқоршы, қорған болуға бейім.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде «Сендердің ең ізгілерің – әйелдеріңе жақсы мінезде болғандарың» десе, басқа бір хадисте «Артында қалған күйеуі өзінен разы болған күйде  жан  тапсырған  әйелдің  барар  жері – Жұмақ» деп, ер мен әйелді өзара рухани түсіністікке, теңдікке шақырған..

Ұлы Жаратушының алдында пенде баласы еркек немесе әйел болғандығымен, байлық, мансабымен емес, иманының деңгейімен өлшенбек. Олай болса, еркек пен әйелден, оларға Жаратушы тарапынан асқан хикметпен берілген асыл  міндеттердің қаншалықты атқарылғандығы да сұралмай қалмақ емес.

[1] Ниса сүресі, 34-аят.

1 пікір