Сүннет – Алла Елшісінің үнемі жасаған және ешқандай себепсіз тастамаған немесе кейде себепсіз жасамаған сөз бен іс-әрекеттері. Намазда субханака дұғасын оқу, т.б. іс-әрекеттер – сүннет. Сүннеттің орындалуында сауап бар. Жасалмаса жаза жоқ. Тек қана айыпталады.
Намаздың сүннеттері намаздың уәжіптерін толықтырып, адамды артық сауапқа кенелтеді. Сүннеттерді орындау, оны әрдайым жасап отыру – Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген шынайы махаббат.
1. Бес уақыт намаз бен жұма намазы үшін азан мен қамат оқу. Сол секілді жамағатпен оқылатын қаза намаздар үшін де азан, қамат – сүннет. Бірақ жамағатпен бірнеше қаза намазы оқылатын болса, тек қана бірінші намаздан бұрын азан шақырып, қалған намаздарда қамат айтылады. Өз үйінде жеке намаз оқитын адам үшін азан мен қамат – мұстахап. Жамағатпен оқылатын намаз үшін азан, қаматтың айтылмауы – мәкрүһ. Жұмаға қалада бола тұрып себепсіз қатыса алмаған жандарға бесін намазын оқыр алдында азан мен қамат қажет емес. Әйел заты үшін де азан мен қамат сүннет емес.
2. Ифтитах (бастау) тәкбірі үшін қолдарын көтеру – сүннет. Ер кісілер қолдарының бас бармақтарын құлақтарының жұмсағының тұсына, әйелдер қолдарын иықтарына жететіндей кеуделеріне дейін көтеріп «Аллаһу әкбар» дейді. Қолды көтерген кезде алақандары ашық күйде құбылаға қаратылып, саусақтары еркін тұруы керек. Ханафилар бұл жайлы мынандай хадистерге сүйенеді:
عَن الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ قَالَكَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى نَرَى إِبْهَامَيْهِ قَرِيبًا مِنْ أُذُنَيْهِ
Бәра ибн А'зиб (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі тәкбір келтірген кезде қолдарын көтеретін. Сонда екі басбармағының екі құлағына жақын болғанын көретінбіз»[1].
Әнәс ибн Мәликтен мына хидис риуаят етілді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды бастаған кезде тәкбір айтатын да қолдарының екі басбармағын екі құлағының тұсына дейін көтеретін».[2] Дәрәқутни бұл хадисті сахих деген.
عَنْ مَالِكِ بْنِ الْحُوَيْرِثِأَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ
حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا أُذُنَيْهِ
Мәлик ибн әл-Хуайристен риуаят етілген басқа бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір айтқан кезде қолдарын құлақтарының тұсына дейін көтеретін...»[3]
Шафиғи мен Маликилер ибн Омардың: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) намазға бастаған кезде екі қолын иығының деңгейінежететіндей көтерді» – деген хадисі бойынша амал етеді.
Ханафи мәзһабында намазда бір-ақ жерде қол көтеріледі. Намазға бастаған уақытта ғана. Ал рүкүғке барғанда және қайтқан кезде тәкбір айтылғанмен қолдар көтерілмейді. Бұған байланысты көптеген сахих хадистер бар. Мысалы:
عَنْ عَلْقَمَةَ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ أَنَّهُ قَالَأَلَا أُصَلِّي بِكُمْ صَلَاةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَصَلَّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلَّا مَرَّةً وَاحِدَةً
Алқама Абдуллаһтан риуаят етті: Ол (Абдуллаһ ибн Мәсғуд): «Мен сендерге Аллаһ Елшісінің намазын оқып көрсетейін бе? -деп намаз оқыды. Намазда екі қолын бір-ақ рет көтерді». Бұл хадис Насайиде келтірілген. Дәрежесі сахих. Сондай-ақ, бұл хадис Ибн Әби Шәйбада да келтірілген. Оның риуаятындағы жеткізген жеткізушілердің бәрі Бухари мен Муслимнің шартына сай. Тек Асым ғана Бухаридің шартына сай емес. Бірақ Муслимнің шартына сай. Бұл хадис тағы да Ахмадтың «Муснадында» келген.[4]
Ханафи ғалымдары рүкүғқа барарда және рүкүғдан қайтқанда қол көтерілетіндігіне байланысты хадистерді емес, Ибн Масғудтың осы хадисін негізге алған. Себебі, Ибн Масғуд сахабалардың арасындағы ең көп фиқһ білімін меңгерген әрі жас жағынан да ең үлкені еді.
3. Имамға ұйыған адамның ифтитах (бастау) тәкбірі имамның ифтитах тәкбіріне жақын болуы – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайлы былай дейді: «Имам тәкбір алысымен, сен де тәкбір ал» 188.
Оң қолын сол қолының үстіне қою. Яғни, тәкбір алып, қол байланған кез. Хазіреті Алидің бір риуаятында: «Оң қолды сол қолдың үстіне, кіндіктің астына қою сүннеттен»189.
رأيت النبي صلى الله عليه وسلم وضع يمينه على شماله في الصلاة تحت السرة
Уайл ибн Хужр: «Расулаллаһтың оң қолын сол қолының үстіне әрі кіндігінің астына қойғанын көрдім»,деді*. (Бұл хадисті Әбу Бәкір ибн Әби Шайба риуаят етті. Хадистің дәрежесі сахих.)
Ерлер оң қолының іш жағын сол қолының үстіне қойып, бас бармақ пен шынашақ арқылы білекті орайды. Әйелдер екі қолын кеудесіне апарып, оң қолын сол қолының үстіне қояды. Бірақ саусақтарымен білектерін орамайды.
4. «Субханака» дұғасын оқу. Яғни, ифтитах (бастау) тәкбірінен кейін құпия түрде «сәна» (мадақ) дұғасын оқу – сүннет. Ол төмендегідей: { سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَ بِحَمْدِكَ وَ تَبَارَكَ اسْمُكَ وَ تَعَالىَ جَدُّكَ وَ لاَ إِلَهَ غَيْرُكَ} «Субханака Аллаһумма уә би-хамдика уә тәбәракас-мука уа та'ала жәддука уә ләә-иләһә ғайрука».
«Я, Аллаһым! Сені тәсбих етіп (күллі жаратылыс пен нұқсан атаулыдан) пәктеймін. Саған «хамд» айтып, мадақтаймын. Сенің қасиетті есімің аса мүбәрак. Және де сенің ұлылығың аса жоғары. Сенен басқа ешбір құдай жоқ».
Аллаһ Елшісінің намазды бастаған сәтте осы дұғаны оқығандығын Хазіреті Айша жеткізген190.
5. Алғашқы рәкатта – «Фатихадан» бұрын құпия түрде «Ә'узу мен Бисмиллаһтың» оқылуы және келесі рәкаттарда – «Фатихадан» бұрын Бисмиллаһ оқылуы – сүннет. Ә'узу мынау: أَعُوذُ بِاللهِ مِنَ الشيْطَانِ الرَجِيمِ«Ә'узу биллаһи минаш-шайтанир-ражим»(илаһи рақымдылықтан қуылған шайтаннан Аллаһқа сиынамын). Мұның айтылу дәлелі Құранда: «Құран оқыған кезде қуылған шайтаннан Аллаһқа сиын»191 «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» (Рахман және Рахим Аллаһтың атымен бастаймын). Бірақ имамға ұйыған «Фатиханы» оқымайтындықтан, «Ә'узу» мен «Бисмиллаһты» да оқымайды.
6. «Фатиха» біткенде іштей «әмин» (дұғаларымызды қабыл ет) деу – сүннет. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Имам «уәладдаллин» деген уақытта сендер де «әмин» деңдер, кім де кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі», – деген. 192
7. Имамның айтатын тәкбірлері мен рүкүғтен тұрған кезінде:
}سَمِعَ اللهُ لِمَنْ حَمِدَهُ{ «Сәми' Аллаһу лимән хамидаһ» (Аллаһ өзін мадақтаған жанның мадағын естиді) сөзі мен намаздың соңында екі жаққа жария түрде сәлем беруі – сүннет. Сонымен қатар, имамға ұйығандардың рүкүғтен тұрған кезінде құпия түрде: {ألَّلهُمَّرَبَّنَاوَلَكَالْحَمْدُ}«Аллаһумма Раббәнәә уә ләкәл-хамд» (Ей, Раббымыз Аллаһ! Хамд пен мадақ саған ғана лайық) деуі мен тәкбір мен сәлемді құпиялап айтуы – сүннет. Жария оқудың ең төмені – алғаш саптағы адамдар еститіндей болуы керек. Құпия оқудың ең төмені – өзіне ең жақын адамның естуі.
8. Рүкүғ пен сәждеге барарда және тұрғанда алынатын тәкбір – сүннет, Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осылай тәкбір алғанын көргенін айтады193. Бірақ рүкүғтен тұрған кезде, «Сәми' Аллаһу лимән хамидаһ» деп айтылады. Рүкүғқа барарда және қайтарда тәкбір айтылғанмен қолдар көтерілмейді.
9. Рүкүғтен тұрып жатқан кезде, «Сәми' Аллаһу лимән хамидаһ» деп, артынан«Раббәнә уә ләкәл-хамд» деу де – сүннет. Имам әуелгісін – жария, кейінгісін – құпия айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Имам Сәми' Аллаһу лимән хамидаһ» деген кезде, сендер «Раббәнәә уә ләкәл-хамд» деңдер», – дейді194.
10. Рүкүғ пен сәжде тәсбихтары – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім рүкүғке барған кезде, үш рет «Субхана Раббиял-а'ла» десін. Бұл сан – тәсбихтың ең аз мөлшері»195– деп айтқан.
11. Рүкүғте ер кісілердің қолдары мен саусақтардың арасы ашық түрде тізелерге қойылуы – сүннет. Әйелдер тек қана қолдарын тізелерінің үстіне қоюмен шектеледі. Сонымен қатар ер кісілердің рүкүғте түрегеп тік тұрулары, бастарын арқасымен тең ұстап, одан жоғары көтермеулері де, төмен түсірмеулері де сүннет. Әйелдердің тізелері аздап бүгіледі.
12. Қиямда (түрегеп тұрғанда) екі аяқ арасын иықтың көлеміндей ашық ұстау – сүннет.
13. Сәждеге бара жатқанда алдымен тізелерді, одан кейін қолдарды, одан кейін маңдайды жерге тигізу.
14. Сәжде отырыстары мен тәшәһһүд отырыстарында сол аяғын жерге жатқызып, оң аяғын тік ұстап, саусақтарын құбылаға қарату – сүннет. Әйелдер сол аяқтарын оң жағына жатқызып жерге отырады.
15. Отырыстарда және сәжде арасындағы кідірме отырыстарда қолдарын тізеге жақын сандарының үстіне қою.
16. Отырыстарда әт-тахиятты оқығанда «Ләә иләһә» деген кезде оң қолының сұқ саусағын көтеріп, «иллаллаһ» деп, қайта түсірілуі – сүннет. Сұқ саусақ көтерілгенде, қалған саусақтар бүгіледі. Бұл – Аллаһтан басқа құдай жоқтығын қуаттаудың белгісі.196
17. Парыз намаздардың үшінші, төртінші рәкаттарында «Фатиха» оқу қуатты көзқарастарға қарай – сүннет.
18. Парыз, уәжіп және мүәккәд сүннеттердің соңғы отырыстарында және бекітілмеген сүннет пен пәпіл намаздардың да әрбір отырыстарында әт-тахияттан кейін Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айту – сүннет.
Қа'б ибн Ужра (р.а.) намаздағы салауаттың басталуын былайша баяндайды: «Хазіреті Пайғамбар біздің жанымызға келді. Біз оған: «Пайғамбарым, Аллаһ бізге саған қалай сәлем беретінімізді үйретті. Сен де бізге саған қалай салауат айту керек екенін үйрет», – дедік. Сонда ол салауат дұғасын былайша баян етті:
{أللهُمَّ صَلِّ علىَ مُحَمَّدٍ وَ علَى آلِ مُحمدٍ كَما صَلَّيْتَ علَى اِبْرَاهِيمَ وَ على آلِ اِبْرَاهِيمَ اِنَّكَ حَميدٌ مَجيدٌ وَبَارِكْ علىَ مُحَمَّدٍ وَ علَى آلِ مُحمدٍ كَما بَارَكْتَ علَى اِبْرَاهِيمَ وَ على آلِ اِبْرَاهِيمَ اِنَّكَ حَميدٌ مَجِيدٌ}
«Аллаһумма салли а'ла Мухаммәдин уә а'ла әли Мухаммәд. Кәмәә салайта а'ла Ибраһимә уә а'ла әли Ибраһим. Иннәкә хамидун мәжиид. Уә бәәрик а'ла Мухаммадин уә а'ла әли Мухаммад. Кәмәә бәәрәктә а'ла Ибраһимә уә а'ла әли Ибраһим. Иннәкә хамидун мәжиид».
«Я, Аллаһым! Пайғамбарымыз(с.а.у.) Мұхаммедке және Оның отбасы мен ұрпағына, мейіріміңді төгіп, олардың мерейін үстем ет. Тура хазіреті Ибраһим және оның отбасы мен ұрпағына мейіріміңді төгіп, олардың мерейін үстем еткеніңдей. Және Хазіреті Мұхаммед пен оның отбасын, ұрпағын мүбәрак ет. Олардың ырыс-берекетін ұдайы арттыр. Тура Хазіреті Ибраһим және оның отбасы мен ұрпағын мүбәрак еткенің секілді. Күмәнсіз, Сен – Хамидсің, мәжидсің. Яғни барлық мадақ пен ұлылық, асқақтық саған ғана тән». Хазіреті Ибраһимнің айтылуы – оған үлкен берекет берілгендігі үшін. Әрі Пайғамбарымыз да (с.а.у.) соның ұрпағынан келеді.
19. Сәлемнен бұрын дұға оқылуы – сүннет. Бұл дұғаға Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахих дұғаларының таңдалуы абзал. Намазда оқылатын дұға:
{ رَبَّنا آتِنَا فى الدُّنْيَا حَسَنةً وَ فيِ الآخِرَةِ حَسَنَةً وَ قِنَا عَذابَ النَّارِ}
«Раббәнәә әәтинә фид-дүниә хасанатән. Уә фил-әәхирати хасанатән. Уә қинәә а'зәбән-нәр». Яғни, «Я, Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де, ақыретте де жақсылық бер. Және бізді жәһаннам азабынан сақта».
20. Намаз соңында алдымен – оңға, сонан соң – солға сәлем беру – сүннет.
Намазда алдына қалтқы қою – сүннет. Яғни, ашық жерлерде намаз оқыған адам, алдынан басқалар өтпеу үшін алдына 60-70 сантиметрдей қалың немесе жіңішке ағаш немесе қазық, т.б. қадайды. Жамағатпен оқылатын намазда имамның алдына ғана қойылуы жеткілікті. Намаз оқыған кісі алдынан өтпекші болған адамға «Субханаллаһ» деп ескерте алады197.
[1] Сунануд-Дарәқутни, 3-том, 245-бет. Муснад Ахмад.
[2] әд-Дарәқутни.
[3] Муслим, әс-Салат.
[4] Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 3-том, 70-71 бет. Дарул-кутубул-ғилмия, Байрут. 1997 ж.
188 Бухари, Салат, 18; Муслим, Салат, 62.
189 Әбу Дәәуд, Салат. 118.
* Әсғад Мухаммад Сағид әс-Сағиржи, Фиқһулханафи уә адиллатуһ, 163-бет. Дәрул-калимут-таййб, Димашқ. Рахматуллаһи Абдунғаний Ибараһим Халил, Нақлул ихтилаф биқасдил-и′тиләф, 77-бет. Сауд Арабия, Әл-мактабатул-мәккиаһ. 2000 ж.
190 Муслим, Мусафирин, 202.
191 Нахыл, 16/98.»
192 Бұхари/1-108.Хадисті Әбу Һурайра риуаят етеді..
193 Бухари, Азан, 116
194 Бухари, Азан, 52.
195 Ибн Мажә, Иқамә, 20.
196 Тирмизи, Салат, 84.
197 Білмен, 132.