Адам баласы өзінің таза жүрегіне, бұзылмаған ар-ожданына бір сәт назар аударса, оның әу бастан Ұлы Алланы қабылдауға және құдайлық дінге деген бейімділігін аңғарады. Иә, адам баласы жан дүниесіне көз жүгірткен уақытта ар-ожданы мен жүрегінің әрдайым бастауы әрі соңы жоқ мәңгі Ұлы Алламен терең байланыста екенін сезеді. Ар-ожданының, ішкі дүниесінің тек мәңгі Ұлы Жаратушымен ғана жай тауып, тынышталатынын, Одан басқа ешнәрсенің оны қанағаттандыра алмайтындығын түсінеді. Өйткені көзін ашқаннан бері жан-жағындағы барлық жаратылыстың адамға қызмет етіп тұрғанын және айналасында әр түрлі ғажайып істердің атқарылып жатқанын сезген таза жүрек пен бұзылмаған, кірленбеген ар-ождан еш күмәнсіз өзінің Ұлы Иесін, Құдіретті Жаратушысын іздері хақ. Сондықтан жалпы тарихқа көз жүгіртсек, ешбір қоғамның дінсіз, наным-сенімсіз ғұмыр кешпегеніне куә боламыз. Демек, адамның жаратылысы, жалпы болмысы өзінің әлсіздігі мен мұқтаждығын мойындауға уа һәм өзін жаратқан Ұлы Құдіретті іздеуге бейім жаратылған. Міне, сондықтан имансыз жандар да қиналып, қиыншылыққа тап болған мезетте Ұлы Құдіретке сыйынуға мәжбүр болады. Бастарына қиыншылық түскенде ғана өздерінің әлсіздіктерін түсініп, кірленген ар-ождандары оянып Ұлы Жаратушы – Алла Тағаладан медет тілей бастайды. Қиыншылықтан құтқарылған сәтте көпшілігі өзіне көмек берген Алла Тағаланы ұмыт қалдырып кете барады. Құранда бұл туралы:
﴿وَإِذَا مَسَّ النَّاسَ ضُرٌّ دَعَوْا رَبَّهُم مُّنِيبِينَ إِلَيْهِ ثُمَّ إِذَا أَذَاقَهُم مِّنْهُ رَحْمَةً إِذَا فَرِيقٌ مِّنْهُم بِرَبِّهِمْ يُشْرِكُونَ﴾
«Адамдарға бір қиыншылық келген уақытта Раббыларына шын ықыласпен жалбарынады. Сосын Алла өз тарапынан оларға рақымдылық (сол қиыншылығынан құтқарып) таттырса, олардың кейбіреуі Раббысына серік* қосады»[1] – делінеді.
* Аллаһқа ортақ қосу, ширк келтіру.
[1] Рум сүресі /33