Дарвиншілердің бірінші ұстанымдарында айтылғандай, жан-жануарлар мен өсімдіктердің шығу тегі бір болуы мүмкін бе?
Дарвинизм пікірін қолдайтындар бұл сұраққа «иә» дейді. Дәлелдері – тек болжам ғана.
Олардың пікірлері бойынша қазіргі жан иелерінің бәрі жалғыз клетканың дамуы арқылы сатылай-сатылай пайда болған. Ал енді барлық жан иелерінің бастауы болған кішкентай клетка қалай пайда болды? Олардың айтуынша клетка да сатылай даму жолы арқылы пайда болған.
Жансыз материя мен жанды нәрсенің арасында таңғаларлық үлкен айырмашылық бар екендігі бәрімізге белгілі. Ал енді жансыз бір зат қалай ғана өз-өзінен, сырттан, басқа бір күштің әсерінсіз жанды клеткаға айналуы мүмкін? Бұл сұрағымызға тағы да «кездейсоқтың әсерінен» деген жауап аламыз. Алайда сол бір қарапайым клетканың өзі кездейсоқ өз-өзінен пайда бола алмайды. Себібі ол аса керемет, тамаша жүйеге ие. Ал санадан мақұрым, білімнен ада, жансыз, көр материядан кездейсоқ саналы адамның пайда болуы тімтім мүмкін емес.
Профессор, доктор Klous Dose (Германиядағы Johannes Gutenberg университетінің биохимия институтының ректоры): «Соңғы 30 жыл бойғы өте терең зерттеулерге қарамастан алғаш жанды клетканың пайда болуы туралы ешқандай ғылыми дәлел табылмады»,–деп, алғашқы жанды клетканың өз-өзінен пайда болуының ешқандай ғылыми негізге сүйенбейтінін айтса, Keith Graham: «Алғашқы өмірдің (жанды клетканың) бастауы деп есептелген элементтер қазір де бар. Бірақ қазір неліктен олардан жанды нәрсе пайда болмайды?» деп, жансыз элементтерден өз-өзінен жанды нәрсе пайда болмайтынын дәлелдейді.
Батыстың белгілі ғалымы Max Planck материяның қалай пайда болғандығы жайлы былай дейді:
«Материя белгілі бір күш-құдірет арқылы тіршілік бетіне шығып, пайда болады. Материяның ішінде кішкентай-кішкентай күн жүйесі тәріздес жүйелер бар. Атом және электрон деп аталатын бұл жүйелер материяны ыдырап кетуден қорғайды. Ғарышта мұндай керемет күш-қуат болмағанына қарағанда күллі жаратылысты белгілі бір жүйеде ұстап тұрған керемет ілім, шексіз құдірет иесі болуға тиіс. Міне, материяның бастауы – осы құдірет. Бұл құдіреттің Ұлы Жаратушы екені күмәнсіз».