Құранның бір аятында табиғаттың әсем де асқақ ажырамас бөлігі – таулардың әрдайым қозғалыста болатыны турасында былай делінген:
﴿وَتَرَى الْجِبَالَ تَحْسَبُهَا جَامِدَةً وَهِيَ تَمُرُّ مَرَّ السَّحَابِ﴾
«Тауларды көріп, оларды тапжылмай тұр деп ойлап қаласың. Ал олар болса, бұлттардың көшуі тәріздес жылжуда».[1]
Таулардың бұл қозғалысы жер қабығының қозғалысына байланысты болады. Жер қабығы болса, мантияның үстінде үнемі қалқып жүреді. Ең алғаш ХХ ғасырдың басында неміс ғалымы Алфред Вегенер жер бетіндегі құрлықтардың бастапқыда біртұтас болғаны, кейіннен түрлі бағыттарда жылжып, бір-бірінен бөлінгені туралы тұжырымды ортаға салған болатын.
Алайда, геологтар Вегенердің айтқандарының тек тұжырым ғана емес, ғылыми ақиқат екендігіне оның өлімінен 50 жылдан кейін ғана, яғни 1980 жылдары ғана көздері жетеді. Ал, бұл ақиқат Вегенерден де пәленбай ғасыр бұрын бүкіл ғылымдардың қайнар бұлағы – Құранда айтылып кеткен еді.
Вегенердің 1915 ж. жарияланған мақаласында мына деректер келтірілген еді: жер бетіндегі құрлықтар шамамен 500 миллион жыл бұрын біртұтас болған, Пангаэя атты бұл үлкен құрлық оңтүстік полюсте орналасқан. Шамамен 180 миллион жыл бұрын Пангаэя екіге бөлінеді. Екі бағытқа қарай жылжып отырған бұл екі құрлықтың бірі – Африка, Австралия, Антарктикада және Үндістанды қамтыған Гондвана, ал, екіншісі – Еуропа, Солтүстік Америка және Үндістансыз Азиядан тұратын Лавразия болатын.
Осылайша, Пангаэяның бөлінуі нәтижесінде пайда болған бұл құрлықтар үздіксіз түрде жылда бірнеше сантиметрлік жылдамдықпен жылжып отырады.
Бұл жерде айта кететін тағы бір маңызды нәрсе – Құран аятында таулардың қозғалысына байланысты «жылжу» сөзінің қолданылуы. Қазіргі ғалымдардың бүгінгі таңда осы таулардың қозғалысы туралы пайдаланып жүрген термині ағылшын тілінде «continental drift», яғни «құрлықтық жылжу».
[1] Нәміл сүресі/88.