ІХ ғасырда Әбу Бәкір әл-Минқари есімді Исфахандық (Иран) «сиқа» саналатын хадисші бір ғалым өмір сүрген. Осы хадисші ғалымның басынан мынадай бір керемет оқиға өткен екен. Ол оқиғаны Имам әл-Жәузи риуаят еткен және бір нұсқасын Имам Зәһәби өзінің «Тәзкиротуль Хуффаз» және «Сияру Әъләмин Нүбәлә» есімді атақты кітаптарында келтірген. (*Сиқа - сенімді хадисші).
Ол (Әбу Бәкір әл-Минқари) былай әңгімелейді:
«Мен, Табарани және Әбу Шейх үшеуіміз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) харамында едік (Медине қаласында едік). Қал-жағдайымыз нашарлау еді. Аштық қысып тұрған болатын. Біз қалаға сол күні жеткен болатынбыз.
Құптан уақыты келгенде Пайғамбардың (с.а.у.) қабіріне бардым. Қабірінің басына барып:
- Уа, Расулаллаһ! Ашпыз, ашпыз! – деп жағдаймызды айттым. Артынан бұрылып, ол жерден (қабір басынан) кетіп қалдым.
Сол кезде маған Әбу Шейх (р.а.):
- Отыр. Не ырзық келер, не өлім келер! - деді (яғни, сол түннен аман қалсақ, келесі күні бір амалын табармыз дегенді ұқтырып).
Кейін (бөлмемізге оралып) Әбу Шейх екеуміз ұйықтадық, ал Табарани болса бір нәрсеге қарап отырды. Кенеттен Әләуи келді. Есігімізді қақты. Есікті ашсақ Әләуи мен екі қызметшісі тұр екен. Қызметші жігіттердің қолында екі үлкен кәрзеңке бар. Екі кәрзеңкенің іші толған азық. Отырдық та жеуге кірістік. Бізден қалғанын қызметші жігіт алып кететін шығар деп ойладық, алайда қызметші бәрін бізге тастап кетіп қалды.
Біз асымызды жеп, сусынымызды ішіп болғаннан кейін Әләуи үшеумізге қарап:
- Әу, халайық! Пайғамбарға шағымдарыңды айтқан ба едіңдер? Түнде түсіме Алла елшісі (с.а.у.) кіріп, сендерге ішіп-жейтін бір нәрселер алып баруымды бұйырды ғой, – деді» - деп хадисші ғалым басынан өткен осындай бір кереметті әңгімелеп берген екен[1].
Мұндай оқиғалар бір тек ол ғалымның басынан ғана өтпеген. Мәселен Имам Бәйһақидің Аъмаштан жеткізген бір оқиғасында, Ибн Салах деген ғалым Әзіреті Омардың азатты құлы Мәлик ибн Аяздан мынадай бір оқиғаны жеткізеді:
«Әзіреті Омардың халифалық заманында қатты құрғақшылық болды. Сонда бір кісі Алла елшісінің (с.а.у.) қабіріне барып:
- Уа, Расулалла! Адамдар құритын болды. Үмбетің үшін жаңбыр тілеші! – деп дауыстайды. Кейін сол түні әлгі адамның түсіне Пайғамбарымыз (с.а.у.) кіріп:
- Омарға барғын! Оған менің сәлемімді жеткіз және оған: «адамдар сусынданады» деп айт (яғни, жаңбыр жауып, адамдар суға қанады деп айт). Әрідесе, оған: "қырағы болсын!" де! - дейді (с.а.у.) түсінде.
Ертесіне ол Әзіреті Омарға барып, болған жайтты бастан-аяқ айтып береді. Сонда Омар (р.а.) көзіне жас алып:
- Уа, Раббым! Шамам келмейтін нәрселерді қайдам, бірақ шамам келетін нәрселердің бәрін жасап, тырысып-ақ жатырмын», - деген екен. (Яғни, бұл жерде Әзіреті Омар Пайғамбарымыздың бір кісінің түсінде "Омарға айт қырағы болсын" деген сөзін естігеннен кейін, халық үшін, мұсылман қауымы үшін барынша әділ болуға және қолынан келгенше, барынша оларға игілік жасауға тырысып жатқандығын білдіруде).
Бұл риуаятты атақты тәпсірші ғұлама Ибн Кәсир (р.а.) өзінің тарих кітабында келтірген және жеткізуші риуаятшылардың сенімді екендіктерін ұқтырып: «мұның иснады сахих» деген. Оның бұл сөзі аталмыш риуаятты Ибн Кәсирдің «сахих» деп бағалағандығын білдіреді[2]. Міне ертеректе осындай кереметтер болып тұрған.
Алла Тағала баршамызға тек жақсылығын берсін! Ауыр сынақпен сынамасын! Жын-шайтандардың жамандықтарынан және адамдардың жамандықтарынан сақтап, пана болсын!
[1] ӘбульФараж Абдуррахман ибн Жәузи: «әл-Уәфә биәхуалиль Мұстафа»; Зәһәби: «Тәзкиротуль Хуффаз».
[2] Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән Ниһая», 2/105; Имам Бәйһақи: «әд-Дәләил».