«...Шын мәнінде, сендердің біреулерің (өмір бойы) жәннат тұрғындарының амалын жасайды, тіпті, онымен жәннаттың арасы бір шынтақ (көлеміндей) қалғанда (өмірінің соңында) оның кітабына тозақ тұрғындарының амалын жасағаны жазылып (бұрынғы амалын тастап, тозақ тұрғындарының амалын жасап), тозаққа кіргізіледі және сол сияқты тағы да біреулерің (өмір бойы) тозақ тұрғындарының амалын жасайды, тіпті, онымен тозақпен оның арасы бір шынтақ (көлеміндей) қалғанда оның кітабына жәннат тұрғындарының амалын (бұрынғы амалын тастап) жасағаны жазылады, сөйтіп ол жәннатқа кіргізіледі»
Хадистерден
Алла разылығы үшін шалған құрбан малының етін таратып келе жатқан Қасымның алдынан көрші тұратын Зоя әжей ұшыраса кеткені. Неге екені, әйтеуір, қашан болсын осы бір орыс апаны көрсе болғаны, жігіттің жүрегі жылып сала береді. Бәлкім ол кейуананың үнемі күлімсіреп жүретіндігінен болар.
«Қап, - деді Қасым, - қалайша мен етті бөлерде бұл көршімді ұмытып кеттім екен?.. - деп кейіді өзіне өзі. «Мені де мұсылман дейді-ау, ал өзім міне, көршілерімді алалап... Өзегін осындай өкініш кернеп тұрса да, әжейдің қасынан күлімсіреген күйі өте шыққан Қасым келесі күні таң атар-атпас қалайда құрбан шалатын достарына көмектесіп, қол үзік ет алуды ойлады. Не нәрсеге ниеттенсең, Алланың соған сай амал жасауға себеп тауып беретіні ақиқат қой. Міне, досы Абзалдың үйінен бір асым етпен келе жатыр. Бұл жолы Зоя әжей аулада көрінбеді. Бірақ Қасым тұп-тура ол кісінің есігін барып қақты.
Тық-тық, тық-тық-тық-тық.... Осылай бір-екі рет есікті қағып еді, іштен тырп-тырп еткен әлдекімнің жүрісі естілді. Көршісінің үйінде болғанын, бұрын-соңды, сірә, осынша қатты тілемеген шығар Алладан. Ал дәл қазір Қасым есіктің ілгегін ағытса болды әжейді бас салып құшақтап, сүйіп алуға даяр тұр. Себебі ол бүгін Алла разылығы үшін қуантқалы тұр ғой.
- Амансыз ба, апа, а-а, тоесть, здравствуйте бабушка Зоя! –
Аман ба, кршы, - деп, барынша қазақша сөйлеуге тырысты апасы да. Содан соң «жайшылық па?» дегендей мұның жүзіне сұраулы кейіппен қарап тұрып қалды. Сонда барып өзінің не үшін есікті қаққаны есіне түскен Қасым «аа, апа, вот это мясо – вам, подарок от меня» деді де қолындағы пакетті Зоя әжейдің қолына ұстатар-ұстатпас бұрылып кете барды. Содан жүрегі атша тулап, санаулы қадам жердегі өз пәтеріне әрең жетпесі бар ма оның. Екіндінің кезі екен, тез-тез дәрет алып, намаз оқуға кірісті. Соңғы сәждеде кенет өз есігі қағылды. Ашып еді, ар жағында мана өзі берген пакетпен көрші әжей кеп тұр.
- Сынок, я не поняла, за что мне это мясо?
Қасым көршісін табалдырықтан ішке енгізіп, бар білген орысшасымен мұсылмандарда Құрбан Айт деп аталатын мейрамның барын, әлгі ет сол мейрамда шалынған құрбан малының еті екенін байыптап түсіндірді. Сөйтіп еді, Зоя әжейдің жүзі бал-бұл жанып, қайта-қайта алғысын айта берді. Бәрінен де бұрын Қасымға оның «Какие же вы мусульмане добрые! Я тоже хочу стать одной из вас, можно?» дегені таң қалдырды. Әлгі сөзге сенер- сенбесін білмей бұл «әрине, болады, апа» дегеннен басқа ештеңе дей алмай қалды.
Ал Зоя әжейді қуантқан, бір асым ет емес еді. Ол адамның адамға деген мейірімі, яғни, бір нәрсені болсын бөліп жеу, көршіге деген құрметті дәріптейтін Ислам дініне риза болды.
Жасы сексеннен асып кеткен әжей жалғыз тұратын. Ұл мен қыз атаулы өсіп жетілген соң, бірі Ұрымға, бірі Қырымға тартып отырған. Ал шалының бақилық болғанына қаншама жыл... Құрбы-құрдастан да ешкім қалмаған. Шыны керек, шүйіркелесіп шай ішпек түгілі, соңғы жылдары «осы кемпір өлі ме, тірі ме?» деп бір хабар алатын адам таппай қалды. Соңғы кездері өзі «кім білсін, осылай өле кетсем, ешкім де білмей қалатын шығар, әлгі ұл мен қыз сонау ит өлген жерден жетем дегенше...» деген мұңлы ой көп иектеп жүрген. Таяуда ғана іргедегі үйге осы бір түсі игі жігіт отбасымен көшіп келді. Жас отбасы болса да, бұрынғы көршілерден артық. Әйтеуір әйелі де ері де көрген жерде амандасып, кейде тіпті аулада жұрген жерінен шақырып, жас келіншек үйіне шақырып алып, шай беріп тұратын болған. Енді міне, ет әкеліп тұр. Көптен бері кісі баласынан осындай ілтипат көрмей кеткендіктен бе, Зоя әжейдің көмейіне өксік тығылып, көзінен бырт-бырт жас төгілді. «Мұсылман деген халық осылар екен ғой, жас күнде әкем текке мақтамапты» деп, марқұм әкесін еске түсіріп те үлгерді осы бір сәтте-ақ. Сөйтті де ұйқыға жатар сәтінде «мұсылмандықты қабылдаймын бітті, кім білсін қанша ғұмырым қалғанын» деп қалғып кетті.
Кешкісін үйіне кіріп келген Қасымды төрде отырған көрші әжейдің күлімсіреген жүзі қарсы алды. Барлығы бірге шай ішті. Балалар да өз әжелері келгендей мәз. Соңғы шыны шайды ішіп бола бергенде, Зоя әжей ақырын әңгіме бастады. Өзінің сонау сәби күнін, жастық шағын, қалай отау құрғанын, соңында ақыры жалғыз қалғанына дейін қамтыған осы әңгімеден соң, «Балам, прошу тебя, научи меня быть мусульманином. Что надо сделать чтобы принять эту Истинную веру» деді.
Осы сөзге келгенде әжей де жылады, жүрегі елжіреп кеткен Қасым да, оның келіншегі Жәннат да қосыла егілді. Неге? Діні бөтен жан мұсылмандыққа өз еркімен келіп, онда да өзгеге емес, өздерінен өтініп тұрса, қалайша көзге жас келмесін?!.
Содан сексендегі кейуанаға кәлиманы үйретуге жанын сала кіріскен Қасым, қанша отырғанын білмейді, әйтеуір ең соңында Зоя әжей толықтай сөйлемді айтып шықты. Және мұнымен қойған жоқ, ол кісі күнде келіп жүріп «Фатиха» мен «Ықыласты», «Фалақ» пен «Насты» жаттап алды. Сосын күндіз Жәннаттың жанына намазға жығылып жүрді.
Бір күні Қасым отбасымен Жәннаттың жұртында бір жиын болып, соған кеткен. Әлгі жақта бір күн қонып қалуға тура келді. Бірақ түні бойы ерлі-зайыпты екеуінің де көкейінде «Зоя әжейдің жайы не болып жатыр екен? Бізді іздеп елеңдеп қалмады ма? Намазды не істеді екен?» деген ой тұрды да қойды. Содан таң атты, екеуі үйге жеткенше асықты. Лифт ашылған бойда өз үйлеріне соқпастан бірден көрші пәтердің есігін ұрды.
Тық-тық, тық-тық-тық-тық.... тық-тық-тық-тық.... -тық, тық-тық-тық-тық.... Осылай ұзақ тұрды. Іштен тырс еткен дыбыс білінер емес. Жүрек түбіне бір қорқынышты сезім ұялай бастады содан соң.
- Қасым, мынау тегін емес, жүрегім әлденені сезіп тұрғандай... Тәуекел, есікті бұзып кірейікші» деді Жәннат жыларман болып.
- Қой, жаман ойға ерік бермейік, сабыр... Мүмкін... ұйықтап жатқан шығар... Мүмкін намаз оқып жатыр ма екен әжей» деп Қасым көңілдендіргісі келді келіншегін. Бірақ осылай тағы он минут өтті. Қанша ұрса да, есікке қарай жүрген аяқ дыбысы, тырс еткен тіршілік белгісі білінер емес. Сосын бар күшін жинады да, жігіт есікті бір тепті.
Тоспасы жұлынып түскен есік шиқ етіп ашылды да, екеуі жүгіре басып ішке кіріп кетті. Төргі бөлмеге аяқ аттағандары сол... аңырайған күйі қатты да қалды. Не кірер, не шығарын білмейді...
Әжей сәждеде жатқан күйі бақиға аттанып кетіпті...