Қызыл-сары алманың үкімі
Бірде Имам Ағзам Әбу Ханифаға ибалы бір мұсылман әйел келеді. Келеді де үндемей ғана қолына ұстаған бір жағы сарғыш, екінші жағы қызыл алманы әуелі қызыл жағын, кейін сары жағын көрсетіп, Имам Ағзамның алдына қояды. Бұл оның жұмбақтап қойған сұрағы еді. Бір қызығы, имам да ләм-мим деместен, алманы жайлап қана бәкісімен екіге бөліп, ішін әйелге көрсетеді де қайтарып береді. Бұл имамның берген жауабы еді. Әйел кеткеннен кейін сол жерде отырған ғалымдар:
-Ұлағатты ұстаз, біз бұл жұмбақтан ештеңе түсінбедік, - дейді. Сонда Әбу Ханифа: - Бұл әйел өте ұятты адам екен. Сұрағын ашық қоюға ұялды. Алманың қызыл жағы мен сары жағын ғана көрсетумен шектелді. Яғни, етеккірім келген кездерімде кейде қызыл, кейде сарғыш қан көремін. Бұлардың екеуі де хайыз болып есептеле ме? Жоқ әлде тек қызыл түстісі ғана хайызға жата ма, деп сұрағысы келді. Мен оған алманы екіге бөліп, ішіндегі ағын көрсеттім. Оның мәні: қызыл немесе сары қан тоқтап, сұйықтық ағарғанға дейін хайыз күйінен арылмайтындығын білдірдім. Ол әйел жұмбақтап сұрақ қойғандықтан, мен де жұмбақтап жауап бергенді жөн көрдім, - деді.
****
Әзілге әзіл
Әбу Ханифаның Әбу Юсуф және Мұхаммед деген атақты екі шәкірті болды. Екеуі де бойшаң болатын. Әбу Ханифа олармен қатар жүргенде бой жағынан әжептеуір аласа көрінетін. Бір күні үшеуі серуендеп жүргенде, шәкірті Имам Мұхаммед ұстазына бұрылып:
-Ұстаз, дәл қазір сіз (арабша) «Ләнә» деген сөздегі қатар тұрған үш әріптің (қазақ тіліне аударғанда «біз» деген мағынаны білдіреді) ортадағы «Нун» әріпі сияқтысыз, - дейді әзілдеп, оның бойының аласалығын меңзеп.
- Егер ортада мен тұрмасам сендер «Лә» болар едіңдер, - деген екен сонда Әбу Ханифа. (Лә - «жоқ» деген мағынада).
****
Кісі ақысы. Адалдық
Бір жолы бір әйел сату үшін Әбу Ханифаға жібек мата әкелді. Әбу Ханифа бағасын сұрайды. Әйел оның жүр дирхам тұратынын айтады. Сонда Әбу Ханифа ол әйелге:
- Жоқ, бұл одан да қымбат тұрады», - дейді Әбу Ханифа.
- Мені мазақтап тұрсыз ба? – деп сұрайды әйел.
- Жоқ, шындығым сол. Сенбесеңіз, білетін біреуді шақырып бағасын сұрайық, - дейді Әбу Ханифа. Әйел жөн білетін біреуді шақырып, матаның шынайы бағасын сұрағанда, оның шыннан да Әбу Ханифа айтқандай әлдеқайда қымбат тұратындығын біледі. Осылайша, өмірі ешкімнің аңғалдығын пайдаланбаған Әбу Ханифа матаны жүз емес, бес жүз дирхамға сатып алған екен.
«Тағылым таразысы» атты кітаптан.