Қылмыскерді дар ағашынан соңғы сәтте құтқарып қалған адвокат (оқиға)
Қылмыскерді дар ағашынан соңғы сәтте құтқарып қалған адвокат (оқиға)
3 жыл бұрын 18859
Абдусамат Қасым

Баяғыда мынадай бір оқиға болыпты деседі. Шамамен, бірнеше ғасыр бұрын Англия елінде бір кісі жасаған қылмысы үшін тұтқындалып, қамауға алыныпты. Кейін сот алдына шығарылатын болып, қорғаушы беріліпті. Содан қорғаушы қорғалушысымен кездесуінің бірінші күні оған: «Қам жеме. Сені құтқарамын» деген уәде береді. Қылмыскер адвокатының құтқарамын деген сөзіне кәдімгідей сенім артып, сот алдына шығады. Алайда сот күдіктіні қылмысты деп тауып, оған «өлім жазасы берілсін» деген қаулы шығарады.

Ондай оқыс жағдайды күтпеген сотталушы қорғаушысын жерден алып, жерге салады: «Қане құтқарамын дегенің?!» - деп ашуланады. Айқайлайды. Боқтайды. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, адвокатының жер-жебіріне жетеді. Бірақ сонда да адвокаты байыпты түрін жоғалтпай: «Қам жеме! Бұнымен әлі бітпеді. Апелляция бар. Сені құтқарамын» деп тағы да үміт шоғын көкейге салады.

Содан соттың шығарған үкімін қайта қарау үшін апелляциялық шағымын түсіреді. Алайда, апелляциялық комиссия соттың берген шешімін дұрыс деп танып, сот үкімін өзгеріссіз қалдырады.

Сотталушы үмітсіз түрмен адвокатына қарап: «Мені құтқарамын дегенің қайда? Біттім ғой. Мені енді ешкім құтқара алмас!» деп мұңаяды. Адвокат болса, еш саспастан:

«Асықпа! Бұл шешім әлі төменгі палатада қаралады. Олар дауысқа салады. Қам жеме! Сені құтқарамын» дейді тағы да.

Бірақ, Англияның төменгі палатасында да сот шешімін өзгертпей, берілген жазаны сол күйінше қалдырады. Одан кейін Лордтар палатасына жолданады. Ол жердегілер де соттың шешімін дұрыс деп шешеді. Соңында Королеваның мақұлдауына жіберіліп, одан да «өлім жазасы берілсін» деп мақұлданған қағаз келеді.  

Сонымен не керек, сотталушы аяқ-қолы кісендеулі күйде дар ағашына әкелінеді. Дар ағашында бөренеге шығарылады. Мойнына қыл арқан ілінеді. Сол сәтте оның көзі қорғаушысына түсіпті. Бұған тесіліп қарап тұрған қорғаушының көзінен титтей де өкініш ұшқыны байқай алмаған ол іштей ызаланады. «Құтқарамын» деп өтірік уәде беріп келіп, енді түк болмағандай тұрысын қарашы, патшағардың деп іштей күйінеді. Көзі қанталап, адвокатын көзбен жеп қоя жаздайды. Алайда адвокаты сол баяғы байыпты қалпын жоғалтпастан, бұған көзімен ишара жасап, қам жемеуін, оны әлі де құтқаратындығын ымдайды.

Алайда, бұл жолы сотталушы оның ым-дымына илана алмады. «Мазағың ба? Мойнымда қыл арқан. Қалай құтқармақсың!» дегендей шарасыз күйдегі оның көзіне жас келеді.

Болды. Үміті үзілді. Жендет қасына жақындады. Қазір аяғының астындағы бөренені бір тебеді де, содан барлық нәрсе бітеді. Жарық дүниемен қош айтысады. Осы санаулы сәтте еш болмаса иманымды үйіріп алайын дегендей көзін жұмады. Санаулы сәт те өтті. Жендет аяқ астындағы бөренені итеріп кеп жібереді. Бейшараның мойнындағы қыл арқанда асулы денесі әрі-бері тербеле бастайды.

Сол мезетте адвокаты дар ағашында тербетіліп, жаны алқымына келіп қалған қорғалушысына қарай жүгіре жөнеледі. Жиналған адамдарды итере, топты жарып өтіп дар ағашына жетіп барады. Не болып қалғанын түсінбеген жендет пен айналадағы әскерилер бірер сәт тапжылмай тұрып қалады. Осы бірер сәт адвокаттың қыл арқанды кесіп жіберуіне жеткен еді.

Бірден айқай-шу басталып. Айнала астаң-кестең болады. Әскерилер жүгіре бас салып, адвокатты да, аман қалған қорғалушысын да сол жерде қамауға алыпты.

Оқиғадан кейін тергеушілер адвокаттан неге ондай қадамға барғанын сұрайды. Сонда адвокаттың жауабы былай болған екен:

«Бұл адам - өлім жазасына кесілген қылмыскер. Сіздер соттың шешімін іс жүзіне асырушы органсыздар. Ол дар ағашында асулы тұрды. Сіздердің міндеттеріңіз сонымен бітеді. Дар ағашына асылған қылмыскер өле ме, әлде тірі қала ма? - ол енді сіздердің мәселелеріңіз емес. Сіздер дарға астыңыздар. Осылайша міндеттеріңізді атқардыңыздар. Оның одан кейін тірі қалуы сіздерді ойландырмау керек. Өйткені заңда «дарға асылсын» деп жазылған. «Дарға асып өлтірілсін» деп жазылмаған. Заң бойынша «дарға асу» ісі жүзеге асты! Ал одан кейін оның тірі қалуы заңға қайшы емес!» дейді.

Заңгердің бұл уәжінен кейін жауапты кісілер қылмыскерді қайта дарға асуға батылдары жетпей, мәселені Королеваға жеткізеді. Мән-жайды естігеннен кейін Англия Королевасы адвокаттың тапқырлығы мен зеректігіне әрі батылдығына таң қалып, оған мақтауын жолдайды. Ал сотталушыға рахымшылық жасап, оны жазадан босатады.

Сол жағдайдан кейін заңның өлім жазасына қатысты бабына өзгеріс еніп, ондағы «дарға асылсын» деген жері, одан былай: «дарға асылып өлтірілсін» деген сөзге түзетілген екен.

0 пікір