Қайырымдылық
Қайырымдылық
10 жыл бұрын 4813

Жәрирдің (р.а.) риуаяты бойынша бірде таң сәріде жамағат Аллаһ елшісімен (саллаллаһу аләйһи уәсаллам) сұхбат құрып отырады. Осы кезде жұпыны киінген, тіпті жартылай жалаңаш десе де болғандай қылыш асынған жалаң мударлық бір топ адам келіп кірді. Олардың бұл жадау кейпін көрген Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсаллам) айрықша толқыды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсаллам) Біләлге азан оқуды әмір етті. Біләл азан шақырып, іле қамат түсірді. Екі дүние шамшырағы (саллаллаһу аләйһи уәсаллам) намаздан кейін жамағатқа қарата:

«Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен ер мен әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Оның атын атап бір-бірлеріңнен өтініп-сұрайтын Аллаһтан қорқып, туыстық қатынастарды үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Аллаһ тағала әрдайым (істеген істеріңнің бәрін толық көріп) бақылап тұрады» (Ниса, 4/1);

«Әй, мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар. Әркім ертеңі (ақырет) үшін не дайындағанына қарасын. Аллаһтың азабына ұшыраудан сақтаныңдар. Күдіксіз, Аллаһ не істегендеріңді толық біледі» (Хашыр, 59/18) деген аяттарды оқыды.

 Содан соң Ардақты елші (саллаллаһу аләйһи уәсаллам) «Әркім мүмкіндігіне қарай динар, дирхам, киім, бидай, құрма, тіпті жарты құрма болса да берсін!» деді. Құрмаларын көтеріп әкелуге әлі келмеген бір ансарлық сахаба оның орнына бір табақ ақша әкелді. Мұны көрген өзгелер де көп ұзамай қолында барын біртіндеп әкеле бастады. Аллаһ жолында жиналған азық-түлік пен киім-кешек бір төбе болды. Мұны көрген Рақым жаршысының (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап: «Кімде-кім ақиқат жолында ізгі амал жасаса, оның қарымтасын алғаны сияқты өзінен кейін бұл істі жасағандардың сауабындай сауап алады. Ешқайсысының сауабы да кемімейді. Ал керісінше кімде-кім жамандыққа себеп болса, өзінің күнәларымен қоса өзгелердің күнәларын да мойнына алады. Күнәлары алынған адамдардың да күнәлары  кемімейді»,[1]– дейді.    

[1] Мүслим, Сахих, ІІ/704 (1017)

1 пікір