Әл-Әзһар университеті өзінің шейхтарымен және шәкірттерімен тарихта терең із қалдырған білім ордасы. Бұл тарих — ғалымдардың билеушілерге тура жолды көрсеткен, қоғамға зиян келер тұста ақыл айтып, саясаттың қатесін түзеген кезеңдеріне куә.
Ертеде Мысыр басшысы Әл-Әзһар ғұламаларының мақұлдауынсыз таққа отыра алмайтын. Тіпті, бұл жерде заңсыздық пен озбырлыққа қарсы пәтуалар шығаратын Пәтуа комитеті де жұмыс істеген.
Бірінші оқиға: Шейх Исмаил Садық әл-Адуи
Шейх Исмаил әл-Адуи көп жылдар бойы Әл-Азһар мінберінде имам болды. Бірде дүйсенбілік тәпсір сабағында «Әрбір үмбеттің өз ажалы (белгіленген мерзімі) бар. Егер сол мерзімі келсе, олар оны бір сәтке де кешіктіре алмайды, ілгері де жылжыта алмайды» (Ағраф сүресі, 34-аят) деген аятқа тоқталады.
Сол кездері Мысыр президенті Хусни Мұбарақты үшінші мерзімге қайта сайлау туралы жаңа заң талқыланып жатқан еді. Сабаққа қатысып отырған бір адам осы тақырыпқа тұспалдап тиіскісі келеді. Бірақ аяттың тікелей саясатқа қатысы жоқ болатын.
Сонда шейх Әл-Әзһар ғалымдарына тән бір тапқырлыққа басып, былай дейді: — Бірде шейх әл-Банна екеуміз пойызда келе жатып, өз станциямызға жақындадық. Сонда ол маған: «Тыңда, Исмаил! Пойыз бен жол дегеніміз — адамның өмірі мен мансабы сияқты. Өз аялдамаңа жеттің бе — түсуің керек», — деді.
Шейх бұл сөзді аяттың мағынасына орайластырып, мысыр диалектісімен нықтап: — Яғни, станцияңа келдің бе — түс! Отыра берме! Болды! Сенің аялдамаң жетті! Түс те, өз станцияңнан өтіп кетіп, басқа біреудің жеріне барма! — деп саңқылдайды. Мешіт іші ду күлкіге толады. Жұрт шейхтың кімді меңзеп тұрғанын бірден түсінеді. Әлгі адам: «Шейх әл-Баннаны Алла рақымына алсын!» десе, шейх Әл-Адуи: «Сені де Алла рақымына алсын!» деп жауап қатады.

Ортадағы мархұм Шейх Мұхаммед әл-Ғазали, сол жағындағысы мархұм Шейх әш-Шәғрауи (р.а.),
оң жағындағысы мархұм Жәд әл-Хақ
Екінші оқиға: Шейх әш-Шағрауи мен Шейх әл-Ғазали
Бұл оқиға Хусни Мүбарак Аддис-Абебадағы қастандықтан аман қалғанда, оны құттықтауға жиналған дін қайраткерлерінің алдында болды.
Сонда мархұм дін ғалымы Шейх әш-Шағрауи орнынан тұрып, Хусни Мүбаракка қарап тұрып бүкіл халықтың жадында қалған мына сөзді айтты:
- Мен бір аяғыммен көрде тұрған адаммын, сондықтан, өмірімді екіжүзділікпен аяқтай алмаймын. Президент мырза! Егер сіз бізге Алланың бұйырған билеушісі болсаңыз, Алла сізге көмектессін. Ал егер біз сізге сынақ ретінде берілген халық болсақ, онда Алла сізге бізді басқаруға жәрдем берсін.
Содан кейін сөз кезегі шейх әл-Ғазалиге тиеді. Басында жұрт оның сөзін әлсіздеу көргенімен, Мүбаракпен жеке кездесуінде болған жайт бәрінен асып түсті. Бұл оқиғаны доктор Мұхаммад Сәлім әл-Ауа құпия түрде жеткізген екен.
Жиыннан соң президент әкімшілігі үш ірі ғалымды (Әл-Ғазали, Әш-Шағрауи және Әл-Әзһар шейхы Жадд әл-Хаққ) күте тұруды өтінеді. Кабинетке Мүбарак кіріп, шейх әл-Ғазалидің қасына отырады. Президент оның тізесінен қағып:
«Шейх, маған дұға етіңіз. Иығымда ауыр жүк тұр. Күн сайын жетпіс миллион халықты асырауым керек», — дейді.
Мұндай сөзді күтпеген шейх Мұхаммед әл-Ғазали:
- «Сен не айтып тұрсың өзің?!» — деп ақырып жібереді. Президент сөзін қайталағанда, шейхтың ашуы келіп: — Сен өзіңді кіммін деп ойлайсың? Біздің Құдайымыз ба едің?! Сен тек өз қара басыңды ғана асырай аласың! Үндеме, ей, кәрі! Егер тамағыңа шыбын қонса, оған да шамаң келмейді ғой! — дейді.
Шейх әл-Ғазалидің айтуынша, сол сәтте Президент тағы да қолын оның тізесіне қойып: «Шейх Мұхаммед, сабыр етіңіз. Сіз мені дұрыс түсінбеген боларсыз», – дейді. Сонда әл-Ғазали оған былай деп төтесінен жауап қатады: — Менің сені қалай түсінгенім маңызды емес, бастысы – сенің мені түсінгенің маңызды. Тыңда мені! Хақ Тағала бізге былай дейді: «Сендердің несібелерің әрі уәде етілген нәрселерің көкте (Алланың құзырында)» (Зәрият сүресі, 22-аят). Тағы да: «Жер бетіндегі әрбір жәндіктің ризығы тек Аллаға ғана тән» (Һұд сүресі, 11-аят) және «Ішіп жүрген суларыңды көрдіңдер ме? Оны бұлттан сендер түсірдіңдер ме, әлде Біз түсірдік пе? Егер Біз қаласақ, оны ащы қылып қояр едік. Сонда да шүкір етпейсіңдер ме?» (Уақиға сүресі, 68-70 аяттар).
«Президент үнсіз қалды. Оның жүзінен аң-таң болып, абдырап қалғанын көрдім. Сол сәтте ғана мен не істеп қойғанымды сезініп, есімді жидым. Сосын қасымдағы екі шейхқа көмек күткендей қарасам, жасы үлкені иегін таяғына сүйеп, көзін жұмып алыпты. Ал лауазымы жоғарырағы орындыққа шынтақтап, көзілдірігінің артында көзін тарс жұмып отыр екен...» дейді шейх Ғазали (р.а.).
Әл-Ғазали әрі қарай былай әңгімеледі:
«Президент әрқайсымызға сыпайы қоштасу сөздерін айтты. Сосын бәріміз сыртқа шықтық. Көлікке жақындағанымызда, шейхтардың бірі алдыңғы орындыққа, екіншісі артқы жаққа жылдам барып жайғасты. Мен асықпай артында келе жатыр едім, Президент қасымда ілесіп отырды. Көліктің есігін ашайын деп қолымды соза бергенімде, ол менен бұрын ұмтылып, есікті өзі ашып берді. Мен: «Президент мырза, бұлай істемеңіз, керек емес», – деп қолынан ұстап, кедергі болғым келді. Бірақ ол: «Шейх Мұхаммед, сіздің абырой-дәрежеңіз осыған лайық. Алла атымен ант етейін, мен сізді туған бауырымдай жақсы көремін. Мен үшін Хақ Тағаладан дұға тілеңізші», – деді».
«Мен көлікке отырдым, ол есікті жапты да, көлік орнынан қозғалғанша қоштасып, қаздиып тұрды. Шейхтар жол бойы үйлеріне жеткенше бір ауыз тіл қатпады, соңынан жүргізуші мені де үйіме әкелді».
Сол күні кешке немесе ертесіне таңертең әлгі екі шейх әл-Ғазалиге жеке-жеке телефон соғып, алғыстарын білдіріпті. Олар: «Уа, әл-Ғазали! Сен бүгін біздің де мойнымыздағы парызды (фарз әл-кифая) жалғыз өзің атқарып шықтың», – депті.
Осы тұста шейх бала күніндегідей, өзін жақсы көретін жандарға таныс созылыңқы күлкісімен бір күліп алды да, сөйлесіп отырған шәкіртіне былай деді: «Тыңда, Мұхаммед (Мұхаммед Сәлім әл-Ауа)! Бұл оқиғаны жадыңда сақта, бірақ мен өлгеннен кейін ғана жұртқа айтып бер. Менің осы айтқандарым Қиямет күні таразы басында ауыр тартса екен деймін. Сондай-ақ, жақындарым мен сүйіктілерімнен айырылып, бақиға аттанған шағымда, бұл жайтты естіген жандар маған дұға бағыштаса екен деп үміттенемін» деді.
Бұл – Әл-Азһардың ардақты ғұламаларының өмірінен, олардың билеушілермен кездесуінен бір ғана үзік сыр. Мұндай ғибратты оқиғалар табылады. Бұл – теңіздің тамшысындай ғана дүние. Бұл ғалымдар тек бір Алланың разылығына ғана ынтызар еді. Хақ Тағаладан Әл-Азһар тарихының осынау өшіп бара жатқан алтын беттерін қайта жаңғыртсын.
Алла Тағала мархұм әш-Шағрауиді, мархұм әл-Ғазалиді және мархұм Жадд әл-Хақты Өз рақымына бөлеп, олардан разы болсын!