Бұл хикая: «Осы дүние мен ақыреттің қазыналары» атты кітаптан алынды.
1987 жылы Құран Кәрімді тебіренте оқудың теңдессіз шебері, есімі әлемге мәшһүр қари Абдуль-Басит Америкаға сапарлап барады. Бірде одан: «Құран Кәрімге қатысты өз көзіңізбен көрген қандай да бір ғажайып (мұғжиза) болды ма?» — деп сұрайды сондағы журналистер. Сонда қари: «Біреу ғана ма? Мен сендерге өз көзіммен көрген Құранның мыңдаған мұғжизасын баяндап бере аламын», — деп жауап береді. Сұрақ қоюшы таңданыс білдіріп, соның бірін айтуын өтінгенде, Абдуль-Басит мына бір ғибратты хикаяны әңгімелеп береді:
Бұл оқиға Мысыр елін Жамал Әбділ Насыр басқарып тұрған дәуірде орын алған еді. Ол кезде коммунистік идеологияның азуы алты қарыс болып, дәуірлеп тұрған шағы-тын. Кеңес Одағына жасаған ресми сапарларының бірінде Жамал Әбділ Насырға коммунизмді қабылдату мақсатында кеңес басшылары тарапынан үлкен саяси қысым жасалады. Оған: «Егер Исламнан бас тартып, мемлекеттік дін ретінде коммунизмді жарияласаң, Кеңес үкіметі Мысырды технологиялық алпауытқа айналдырады», — деп уәде берді. Сапар Насырдың сыпайы бас тартуымен аяқталғанымен, елге оралған соң оның көңілінен тыныштық кетеді. Ол діни білімінің аздығынан Исламның асқақтығын тиісті деңгейде қорғай алмадым ба деген өкініштен арыла алмайды.
Арада бірнеше жыл өткенде Мысыр басшысы Жамал Әбділ Насыр Кеңес Одағына қайта шақырылады. Бұл жолы ол қари Абдуль-Баситті өзімен бірге Мәскеуге ертіп баруды ұйғарады. Бұл шақырту қари үшін күтпеген жағдай еді, өйткені ол Алланы жоққа шығаратын атеистік елге баруды ешқашан қаперіне алмаған болатын.
Кездесу сәтінде Жамал Әбділ Насыр Кеңес Одағының басшыларына Абдуль-Баситті зор мақтанышпен таныстырып, оның Исламның асыл кітабы — Құранды шебер оқитынын және дәл сол жерде Құраннан аяттар оқитынын айтады. Атақты қари көзін жұмып, «Та-ха» сүресін оқи бастайды. Бұл сүре — кезінде Исламның қас жауы болған Әзіреті Хаттабұлы Омардың жүрегін жібітіп, иманға келтірген сүренің дәл өзі еді.
Абдуль-Басит сүренің бірнеше бетін оқып болып, көзін ашқанда қасиетті Құранның нағыз мұғжизасына куә болады. Құранның шебер оқылуын ұйып тыңдап отырған Кеңестік шенеуніктердің көзіне жас толып, егіліп отырғанын көреді. Сонда Мысыр президенті Жамал Әбділ Насыр жымиып олардан: «Сіздер неге жылап отырсыздар?» — деп сұрайды. Сонда олардың бірі: «Неге екенін өзіміз де білмейміз. Бірде-бір сөзін түсінген жоқпыз, бірақ бұл Құранда жүрегімізді жібітіп, еріксіз жас шығартқан әлдебір тылсым құдірет бар екен», — деп жауап қатады.
Абдуль-Басит бұл оқиғаны өміріндегі ең таңғажайып кереметтің бірі деп білді. Өйткені Құраннан хабары жоқ, оны мойындамайтын жандардың өзіне Алла Тағала Құран әуезі арқылы әсер еткен еді. Имам Гуляб Хабибтің: «Өзен үшін ешкім арна салмайды, ол өз жолын өзі ашады», — деген сөзі бар. Қасиетті Құран да — адамзат жүрегіне мейіріммен өз соқпағын салатын ұлы Кітап. Мекке мен Мәдина жұртының Құранды ести сала мұсылман болуының сыры да осында. Дінсіздердің Құран оқылғанда, оның қасиетті үні жүрекке жетпесін деп айғай-шу шығаруға тырысатыны сондықтан.
Құран — біздің жүрегімізді баурап алу үшін түсірілген. Алла Тағала Құранды өмірінің темірказығына айналдырған әрбір пендені Өз рақымына бөлейді. Егер біз екі дүниенің де бақытына жеткіміз келсе, Құранды көбірек оқып, оның үкімдеріне сай өмір сүруге талпынуымыз қажет.
Біздің ізгі бабаларымыз Құранмен сырлас болудың арқасында мерейі үстем болды. Сахабалар Құран сөзін қай қиырға апарса да, бүкіл әлем оның кемелдігіне бас иетін. Кезінде Рим патшасы Цезарьдің алдында тізе бүкпеген қарапайым малшылар Құранның нұрымен дүниенің дидарын өзгерткен ұлы тұлғаларға айналды. Мұның сыры — олардың әрбір ісі Құран үкімімен өрілген еді. Олардың жүрегі Құранға деген сүйіспеншіліктен жарыла жаздап, оны оқығанда көз жастарын тия алмайтын. Бұл Кітап біздің көкірегімізді нұрландыру үшін жіберілген. Тіпті қазір де Құранды ықыласпен оқыған жан Алланың ризалығы мен берекесіне кенеледі. Құран — адамзатты надандық қараңғылығынан иман нұрына бастаушы мәңгілік жолбасшы. Құранды шын сүйгендер сахабалар секілді қос дүниенің бақыты мен шапағатына бөленбек.[1]
[1] poznayteislam com, қазақшалаған islam.kz