Не тілер едіңіз?
Не тілер едіңіз?
10 жыл бұрын 4303

Бірде сахабалар мәжіліс құрып отырады. Хазірет Омар олардан жеке-жеке сұрайды:

«Сіздер Исламға қызмет еткілеріңіз келеді. Алла тағала тілеулеріңізді қабыл алмақ болса, Исламға қызмет ету үшін не тілер едіңіздер?»

Сонда бірі: «Уа, мүминдердің әміршісі, егер Алла менің дұғамды қабыл алса, онда мен бір сандық тола алтын сұрар едім. Сол алтындарды Ислам жолына жұмсар едім» дейді.

Жанындағыдан сұрағанда, ол: «Мен бір сандық тола күміс сұрар едім. Соны Ислам жолына жұмсар едім» дейді.

Басқа біреуінен сұрағанда ол «Мен Алла тағаладан сай сала тола қой сұрар едім. Сол қойлардың етін, жүнін, сүтін мұсылмандарға беріп, исламға солай қызмет етер едім», - деп жауап қатады.

Осылай әрбірінен сұрағанда әртүрлі жауаптар естиді. Кезек халифа Омардың өзіне келеді. Сахабалар одан: «Исламға қызмет ету үшін сіз не тілер едіңіз?» - деп сұрайды. Сонда ол: «Егер Алла Тағала дұғамды қабыл алып, тілегімді берер болса, сендер секілді алтын күміс, сай сала тола мал сұрамас едім. Мен Алладан адам сұрар едім, адам» дейді. Содан сөзін былай жалғайды: «Әбу Үбәйда секілді, Әбу Зәрр секілді, Муаз ибн Жәбал секілді мықты кісілер сұрар едім».

Иә, маңыздысы, жақсы ұрпақ жетілдіре білу. 

1 пікір