Ерте заманда бір ауылдың имамы дүниеден озыпты. Имам дүниеден озған күні сол кезде өмір сүрген бір пайғамбарға Алладан: «Оны кәпірлер зиратына жерлеңдер, ол мұсылман емес», — деген уахи келіпті. Бұған жұрт қатты таңғалысыпты. Естіген жанның қай-қайсысын да: «Ол барлық парыздарды орындап, дұрыс тұрып-жүрмеді ме? Егер сондай адам кәпір болып шықса, біз не боламыз?» — деген үрей билейді. Әйтсе де, Алланың бұйрығына амал жоқ — имам кәпірлер қорымына қойылады. Жұрт бұл жайға түсіне алмай, іштен тынады. Бірақ бір күні марқұмның бір жақын туысы шыдамай, оның жесірінен сыр тартып көрмекке: «Бұл қалай болғаны? Бейшара туысым Аллаға не жазып қойды екен?» — дейді.
Сонда әйел:
— Иә, ол барлық парызды бұлжытпай орындады. Имам ретінде жұртқа уағыз айтып, тиісті жерінде ақыл-кеңес, көмегін аяған жоқ. Мен өз басым оның еш әбес қылығын байқаған емеспін. Бірақ кейде оңашада: «Осы құдай деген расымен бар ма екен, әлде ойдан шығарылды ма екен?» — дейтіні бар еді. Сонысынан жазып қалмаса… — депті жылап отырып.
Өнеге
Ертеде бір патшаның жалғыз ұлы болыпты. Бір күні аяқ астынан баланың үсті-басына жара қаптап кетеді. Тақ мұрагері мұндайға ұшырағанда, патшаның не жаны қалсын? Жан-жақтан емші-тәуіптер шақыртады. Бірақ олардан қайран болмайды. Патша қатты уайымдап, жаратқанға жалбарынумен болады. Бір күні оған түсінде аян түсіп, сол арқылы баланың дерті балқұмарлықтан екені мәлім болады.
Ендеше оған бұл әдетті қалай қойғызуға болады? Патша мұны баланың ұстазына жүктемек болады.
Патша дереу істің мән-жайын баяндап, ұстазға адам жүгіртеді.
Бірақ ұстаз келмепті.
Екінші күні де шабарман кетеді. Ұстаз келмейді.
Үшінші күні де шабарман жіберіледі. Ұстаз жоқ. Ол тек төртінші күні ғана келіп, алдымен балаға жолығады. Баламен ұзақ әңгімеден кейін, патшаға келеді.
Әбден ашуға мінген патша сәлемдеспестен:
— Шақырғанға келмей, қайда жүрсің? — деп дүрсе қоя береді.
Сонда ұстаз сабырлы түрде:
— Дереу келе алмаған себебім — мен де балқұмар едім. Алдымен сол әдетті өзім қоймай, сіздің ұлыңызға «балды қой» деп қалай айтамын? Мен өзімді-өзім қолға алып, үш күн бойы аузыма бал алмауға тырыстым. Міне, өзім соған шыдағаннан кейін ғана, балаңызға үгіт айтып, көндіре алып отырмын, — деп жауап беріпті.
Әзірлеген: И.ӨТЕМІС.