"Мәснәуиден" бір хикая: Әзірейіл періштеден қашқан адам
"Мәснәуиден" бір хикая: Әзірейіл періштеден қашқан адам
2 жыл бұрын 4810

Әзіреті Сүлеймен пайғамбардың (ғалейһиссәләм) өмір сүрген заманында, бір пенде алып-ұшып Сүлеймен пайғамбардың сарайына келіпті. Сүлеймен пайғамбардың құзырына қабылданған ол дірілдеп, қалтырап, Алланың елшісінен жәрдем сұрайды. Сонда Сүлеймен пайғамбар одан:

- Саған сонша не болды? Сені осынша қорқытқан не нәрсе? - деп сұрайды.

- Әзірейіл періштені көрдім, ол маған қаһарлы жүзбен қарады, жанымды ала ма, деп қорықтым. Содан алып-ұшып өзіңізге келдім, - деп жауап береді әлгі адам ентігіп.

- Жақсы. Сонда маған не істе дейсің? - деп сұрайды пайғамбар.

- Уа, әрбір жан иесінің қорғаушысы, әділ падишах! Сіздің бұйрығыңыз желге өтеді. Желге бұйрық беріңізші, мені Үндістанға апарып тастасын. Бәлкім сонда барып, жанымды аман алып қалатын шығармын! - дейді адам.

Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) желге бұйрық беріп, әлгі бейбақты қалаған жеріне апаруын айтады. Жел оны Үндістанның ішкі өңірлерінің біріне апарып тастайды.

Ертесіне Сүлеймен пайғамбардың сарайында мәжіліс құрылып, бәрі түгел Сүлеймен пайғамбардың құзырында жиналады. Жиналғандардың арасында Әзірейіл періште де бар еді. Сүлеймен пайғамбар Әзірейіл періштеге:

- Күні кеше маған бір адам келді. Сіздің оған ашуланып қарағаныңызды айтты. Оның шаңырағынан және бала-шағасынан алшақтату мақсатында солай қарадыңыз ба? Себебін айтыңызшы! - дейді.

Сонда Әзірейіл періште:

- Уа, Сүлеймен! Мен ол адамға ашумен емес, таңғалып қарадым. Өйткені, Хақ Тағала маған: «Ол құлымның жанын Үндістанда ал!» деп пәрмен берген болатын. Алайда оның осында жүргенін көргенімде таңданып: «Бұл адам мұнда не істеп жүр? Жүз қанаты болса да бүгін Үндістанға жете алмасы анық» - дедім өз-өзіме. Оған біртүрлі қарауымның себебі сол еді. Бірақ Үндістанға барғанымда, оны сол жерде жүргенін көрдім, сөйтіп Жаратушының бұйрығын жүзеге асырдым!» - деп Сүлеймен пайғамбардың сұрағына жауап беріпті. 

Ғибрат:

«Адамдар ашкөздіктері себепті жоқшылықтан және өлімнен қорқады. Алайда, дүниелік істерімізде өлімнің ақиқат екендігін мойындап, өлімді есте сақтап жүруіміз тиіс екен. Кімнен қашпақпыз? Нені алып қалмақпыз? Құдіреті күшті Алладан қашып құтылам деу нағыз жетесіздік емес пе?»1


1Мәуләнә Руми: «Мәснәуи», 1 том.

Аударған А. Қасым

0 пікір